Балалар театр өнері дамып келеді

Балалар театр өнері дамып келеді

Ертегі десе елең етер бала азайып барады. Ал Орал қаласында жас ұрпақты өнерге тәрбиелеу жұмыстары кешенді түрде жүргізіліп келеді. Сондай жобалардың бірі – қаладағы Оқушылар сарайында ашылған «Мақашева театры».

Жуырда «Мақашева театрының» жас өрендері балаларға арналған екінші қойылымдарын тарту етті. Балалар жылына орай дайындалған «Ауылдың иті Ақбай» атты ертегінің премьерасы облыс орталығындағы Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрында өтті. Драматург Т.Минуллиннің аталмыш туындысын театр жетекшісі, «ҚР Мәдениет саласының үздігі», актриса, аудармашы Эльмира Мақашева сахналады. Бойында өнерге деген құштарлығы бар балғын дарындарды театр өнеріне баулып жүрген Эльмира Жұмажанқызының шәкірттерінің шеберліктерін тамашалауға балаларын жетектеп келген ата-аналардың қарасы көп болды. Олардың қатарын оқушылар мен шақырулы қонақтар толықтырды.

Ауылды мекен еткен Ақбай (ит) мен Тамлетамақтың (мысық) қалаға сапарынан басталатын ертегі желісі кішкентай көрерменге қайырымды болуды, еңбекті сүюді, достықты бағалауды, үй жануарларына қамқорлықпен қарауды үйретеді. 

Премьерадан кейін шақырулы қонақтар жас театрдың ұжымына ізгі тілектерін арнап, театр жетекшісі, талантты актриса Эльмира Мақашеваның еңбегін атап өтті. 

Жиырма жылдан бері кішкентайлардың сүйікті басылымына айналған облыстық «Самал» балалар газетінің бас редакторы Жұмажан Сүндетов:

– Бала газетімен 20 жыл бойы бірге тыныстап келе жатқандықтан, мен балалардың жан-дүниесін, көзқарасын жақсы сезінемін. Талантты өнер иесінің шәкірттерінің бүгінгі қадамына тәнті болып отырдым. Эльмира Мақашеваның есімі бізге қазақ драма театры өнерінен кеңінен таныс. Сонымен бірге жас көрермен де түпкі тамырымыз ауылда екенін, ауылдың қасиеті бөлек болатынын тағы бір мәрте ұғынды деп ойлаймын, – деп, қойылымға бала көзімен қарағанын аңғартты. 

Ал Хадиша Бөкеева атындағы БҚО қазақ драма театрының директоры Нұржан Тасболатов жас өнер ордасының алғашқы аяқ алысына куә болғандардың бірі екенін айтты. 

– «Мақашева театры» ашылардың алдындағы алқалы отырысқа қатысқан едім. Жас театрдың содан бергі тынысы көз алдымызда. Әріптесіміз үлкен жұмысты қолға алды. Мінекей, шәкірттері екінші қойылымын өз көрерменіне тарту етуде. Қазақта «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген керемет сөз бар. Кішкентай ұл-қыздарымыздың бойындағы талантын жарыққа шығарып, үлкен сахнаға баулыған Эльмира Жұмажанқызының еңбегіне сәттілік тілеймін, – деді Нұржан Қадыржанұлы.

Осындай ел ертеңі – жас ұрпаққа тәлім-тәрбиесі мол дүниелер көптеп қолға алынса, жаңа Қазақстанның келешегі де жарқын болары сөзсіз.

Ләззат ҚАЖЫМОВА, БҚО, Орал қаласы
02.06.2022

Ұқсас жаңалықтар

«Ордабасы» президенті маңызды мәлімдеме жасады
«Ордабасы» футбол клубының президенті Абдубаитов Бауыржан Тойшыбекұлы - 25.04.2024 18
ТҮРКІСТАН: ОТЫРАРДА ШІРКЕЙГЕ ҚАРСЫ ДӘРІЛЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 25.04.2024 28
КЕНТАУДА ҚОҚЫС ЖИНАУ БОЙЫНША  «ПЛОГГИНГ» МАРАФОНЫ ӨТТІ
Түркістан облысының әкімінің баспасөз қызметі - 25.04.2024 39

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1011
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7059
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10907
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7128
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7270