Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының, "Балалар мен жасөспірімдер орталығы" және "Жұлдыз" аула клубының ұйымдастыруымен Талас ауданының 95 жылдығы мен Қаратау қаласының 60 жылдығына орай, "Балалар жұлдызы" атты мерекелік шара ұйымдастырылды.
Балалар мен жасөспірімдер орталығында бүгінде 2741 оқушылар түрлі бағыттағы 49 үйірмеге қатысуда, шығармашылық жетілуде.
Қаратаудың орталық алаңында таластық оқушылар "Спорт-біздің серігіміз"
спорттық бағыты бойынша теннис, тоғызқұмалақ, тоғызқұмалақты алаңда ойнау түрі, дойбы, бес тас, асық ату, ләңгі тебу, қол күресі, сынды қазақтың ұлттық ойындарынан бақ сынады.
"Қолөнер-рухани қазына" тақырыбында оқушылардың өздері жасаған бұйымдарынан қолөнер көрмесіне қойылды.
Сондай-ақ, "Менің туған өлкемде" асфальтқа сурет салу байқауы өтсе, "Өлке флорасы мен фаунасына саяхат" бұрышында қоян, кірпі, тотықұс, кептер, тасбаққа т.б. табиғаттың әсем жаратылыстары келушілердің көзайымына айналды.
"Роботтар әлемінде" атты роботтар шеруі, "Галограмма» әдісімен бейне презентация көрсетілсе, "Жайна Жас Ұлан!" тақырыбында "Жас Ұлан, Жас Қыран" балалар ұйымының оқушыларынан құралған флешмоб, шараны тамашалаушыларға керемет көңіл күй сыйлады.
Сонымен қатар, тұрғындар мен келген қонақтарға және оқушыларға бауырсақ, су және тәтті жүгерілер үлестірілді.
Оқушылар мерекесі концерттік бағдарламаға ұласып, әуелеген әсем әнмен, жанға қуаныш сыйлаған бимен жалғасты.