Балаларды қорғауға басымдық берейік!

Балаларды қорғауға басымдық берейік!

«Баланы жастан» деген қазақ қашанда бала тәрбиесін ұлттың болашағымен байланыстырған. Себебі бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі елдің тірегі, мемлекет дамуының кепілі. Сондықтан баланы өсіріп, асырау ғана емес, оның психологиялық саулығын сақтау, қауіпсіз орта қалыптастыру, эмоциялық жай-күйіне назар аудару, мінез-құлқындағы өзгерістерді дер кезінде байқай білу – ата-ананың, мектептің және тұтас қоғамның ортақ міндеті.

Қазіргі таңда балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығы әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелердің біріне айналды. Әсіресе буллинг, отбасындағы түсініспеушілік, әлеуметтік желінің ықпалы, жалғыздық сезімі, психологиялық қысым және құқық бұзушылыққа бейімділік сияқты факторлар кейбір жасөспірімдерді суицидтік ойлар мен қауіпті әрекеттерге итермелеуі мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайлардың алдын алу жазалау шараларымен ғана емес, ең алдымен психологиялық қолдау, дұрыс тәрбие және ерте профилактика арқылы жүзеге асуы тиіс.

 

Бала саны артқан сайын жауапкершілік те артады

Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы 1 маусымдағы мәліметіне сәйкес, елімізде 0-17 жас аралығындағы 6,9 млн бала тұрады. Бұл – Қазақстан халқының 33,6 пайызын құрайды. Балалардың 62,3 пайызы қалада, 37,7 пайызы ауылдық жерде өмір сүреді. Ұлдардың үлесі – 51,4 пайыз, қыздардың үлесі – 48,6 пайыз. Ал Елорда күні – 6 шілдеде Қазақстанның медициналық ұйымдарында бір тәуліктің ішінде 448 сәби дүниеге келді. Оның 223-і ұл, 225-і қыз. Мұндай көрсеткіштер елдің демографиялық өсімінің оң бағытта екенін аңғартады. Алайда балалар санының артуымен қатар олардың қауіпсіздігі мен психологиялық саулығына қатысты мәселелер де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Finprom зерттеуіне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда 199 бала мен жасөспірім суицид жасаған, ал 405 кәмелетке толмаған бала өзіне қол жұмсауға әрекеттенген. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 13,7 пайызға жоғары. Ал 2026 жылдың алғашқы тоқсанында 52 бала суицид салдарынан көз жұмып, тағы 92 жасөспірім өзіне қол жұмсауға әрекеттенген.

Бұл балалардың психикалық саулығын қорғау бүгінгі күннің ең маңызды міндеттерінің бірі екенін айқындап тұрғандай.

 

Жеткіншектер қауіпсіздігі – ата-ана жауапкершілігі

Баланың өміріндегі ең маңызды орта – отбасы. Мамандардың пікірінше, ата-анамен ашық қарым-қатынас, сенімге негізделген тәрбие және тұрақты бақылау көптеген қайғылы жағдайдың алдын алады. Ал Қазақстан заңнамасына сәйкес ата-аналар баланың өмірі мен денсаулығын қорғауға, тәрбиесіне, дамуына жағдай жасауға және оның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға міндетті. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабына сәйкес бұл міндеттерді орындамаған заңды өкілдерге алғаш рет ескерту немесе 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Қайталанған жағдайда 15 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамақ көзделген. Ал буллингке жол бергендерге алғаш рет ескерту немесе 10 АЕК, қайталанса 30 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

ІІМ Әкімшілік полиция комитеті ювеналдық полиция басқармасының аға инспекторы Ботагөз Жалекешованың мәліметінше, ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша 16,8 мыңнан астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған, ал балаларды тәрбиелеу және қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін тиісінше орындамайтын 5,9 мыңнан астам ата-ана профилактикалық есепте тұр. Бұл көрсеткіштер бала тәрбиесі тек құқықтық емес, ең алдымен адами жауапкершілік екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.

 

Суицидтің алдын алу жұмысы қарқынды

Жасөспірімдердің құқық бұзушылыққа баруы көбіне олардың психологиялық жағдайымен, қоршаған ортасымен және әлеуметтік мәселелерімен тығыз байланысты. Буллинг, агрессия, оқшаулану немесе бақылаусыз қалу уақыт өте келе ауыр психологиялық күйзеліске ұласуы мүмкін. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі «Заң мен тәртіп» идеологиясы және «Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі» іс-шаралары аясында жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді.

2026 жылдың ақпан айының қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар саны 12,5 пайызға азайған. Дегенмен мамандар бақылаусыз қалатын негізгі топтың 15-18 жас аралығындағы жасөспірімдер екенін айтады. Бұл жөнінде полиция тұрақты түрде түнгі рейдтер ұйымдастырады. Соның нәтижесінде ӘҚБтК-нің 442-бабы бойынша 68,8 мыңнан астам заңды өкіл, ал балалардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол берген 1,6 мыңнан астам мекеме иесі жауапкершілікке тартылған. Ал жалпы қазіргі таңда барлық білім беру ұйымдарына учаскелік, ювеналдық және криминалдық полиция қызметкерлері бекітілген. 8 мыңға жуық полиция қызметкері жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жұмыс жүргізіп келеді.

 

Оларды қорғаудағы жаңа тетіктер

Бұл бағытта балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы заңнамалық өзгерістер де өз нәтижесін бере бастады. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның айтуынша, балалардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар 18 пайызға, ал педофилия фактілері 24 пайызға төмендеген. Бүгінде өңірлерде Балалардың құқықтарын қорғау басқармалары, отбасын қолдау орталықтары мен мобильді топтар жұмыс істейді. Сонымен қатар мемлекеттік байланыс орталығы іске қосылып, мектептерде QR 111 жүйесі арқылы балалардың көмекке тікелей жүгінуіне мүмкіндік жасалған.

 

Психологиялық қолдау маңызды

Суицидтің алдын алудағы ең маңызды бағыттардың бірі – кәсіби психологиялық көмек көрсету. Биыл 10 маусымда Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы мен ЮНИСЕФ Қазақстан балалар мен жасөспірімдердің психикалық саулығын қолдау бағдарламасын кеңейтетінін мәлімдеді. Бағдарлама аясында 900-ден астам жалпы тәжірибелік дәрігер, психиатр және психолог балалардағы психоэмоционалдық бұзылыстарды ерте анықтау мен дағдарыстық жағдайларда көмек көрсету бойынша арнайы даярлықтан өтеді. Жоба 10-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған. Оның мақсаты – қауіп-қатерді ерте анықтау жүйесін дамыту, психологиялық көмектің қолжетімділігін арттыру және қиын жағдайға тап болған балаларды уақытылы қолдау.

Бағдарлама шеңберінде 50 500 маманды оқыту, 140 мыңға дейін жасөспірімді психологиялық қолдаумен қамту және 10 мыңға дейін баланың жеке және топтық кеңес алуына жағдай жасау жоспарланған.

 

Кино – тәрбиенің де, профилактиканың да құралы

Жасөспірімдердің дүниетанымына бүгінгі таңда кино, әлеуметтік желі және цифрлық контент айтарлықтай ықпал етеді. Сондықтан тәрбиелік мәні бар фильмдер мен әлеуметтік жобалар жастардың құқықтық сауатын арттырып, өмірлік қиын жағдайлардан шығудың дұрыс жолын көрсетуге мүмкіндік береді.

Осы мақсатта өткен айда елордада «Тоғыз тағдыр» әлеуметтік сериалының тұсаукесері өтті. Жоба жасөспірімдер арасындағы суицидтің, құқық бұзушылықтың және психологиялық мәселелердің алдын алуға арналған. Премьера барысында буллинг, сталкинг, жасөспірімдер агрессиясы, интернет-алаяқтық, есірткі саудасына тарту, психологиялық қысым, балалардың үйден кетуі және ойланбай жасалған әрекеттердің салдары туралы тоғыз қысқаметражды фильм көрсетілді. Іс-шараға прокуратура өкілдері, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, депутаттар, психологтар, ата-аналар және оқушылар қатысты. Мамандардың пікірінше, мұндай жобалар жасөспірімдердің өз мәселесін жасырмай айтуына, көмек сұраудан қорықпауына және өмірлік қиындықтарды заңды әрі қауіпсіз жолмен шешуге ынталандырады.

 

PS: Балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу – тек дәрігердің немесе психологтың ғана емес, ата-ананың, мұғалімнің, құқық қорғау органдарының және бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Сондықтан балаға уақыт бөлу, оның көңіл күйін бақылау, пікірін тыңдау, қолдау көрсету және қиын сәтте жанынан табылу – кез келген мемлекеттік бағдарламадан да маңызды. Өйткені әрбір сақталған баланың өмірі – тұтас бір отбасының бақыты ғана емес, ұлтымыздың ертеңі екенін ұмытпағанымыз абзал.

Елқуат ЕЛТӨРЕ

16.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26498
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25927
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43323
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39122
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43729