Баланың қылмысқа баруы бәрімізге сын

Баланың қылмысқа баруы бәрімізге сын

Балалар мен жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыру, олардың арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтарды болдырмау және алдын алу – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты. Бала – ел болашағы, ұрпақ тәрбиесі – ұлт ертеңі. Ақ пен қараның аражігін ажырата алмас аңғал шақта аңдамай шалыс басып, қатеге ұрынған бала өз тағдырына балта шауып, өмірін өкініш пен өксікке толтыруы мүмкін. Қылмыстың туындауына тосқауыл болу үшін құқықтық тәрбие жұмыстарын жетілдіру, әлеуметтік қиындығы бар отбасылармен тығыз байланыс орнату, бала өмірінің қоғам назарынан тыс қалмауына септесу аса маңызды. Әр алуан себептермен асқан қатігездікке баруды көздеген жас жеткіншектер мен тәрбиедегі жүгенсіздік жайлы Ақтау қалалық ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Нұрлан  Рахаевпен сұхбаттастым. 

– Нұрлан Аллабергенұлы, былтырмен салыстырғанда кәмелет жасқа толмағандар арасындағы қылмыс деңгейінің динамикасы қандай?

– Ювеналды полиция қызметі Ақтау қаласы аумағындағы балалар мен жасөспірімдердің мінез-құлқы, жүріс-тұрысы мен сабаққа баруын қадағалап,  қылмыстық  құқық бұзушылықтардың алдын алады. Кәмелетке толмағандар арасында ұрлық, тонау, бопсалау, жанжал-төбелес салдарынан дене жарақатын алу, бұзақылық сипатындағы құқық бұзушылықтар жиі кездеседі. Көбіне ірі сауда орталықтарындағы киім-кешек дүкендеріне кіріп, ақшасын төлемей, шығып бара жатқанда  ұсталады. Алаяқтық деректері өте сирек. Жасөспірімдер қолымен жасалған қылмыстар көбіне орта дәрежелі қылмыстар санатына жатады. Былтыр және биыл  ауыр және аса ауыр қылмыс үшін сотталған жасөсіпірім жоқ. Жалпы көрсеткіш бірқалыпты. 

 

– Ал балаға қатысты жасалатын қылмыстардың сипаты қандай?

– Балаларға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыс жасау дерегі жиі кездеседі. Мәселен  биыл Ақтау қаласының 12-шағынауданында балаға жыныстық зорлық-зомбылық көрсету бойынша  қылмыс болды. Бірақ полицейлердің жедел әрекет ету нәтижесінде қылмыс ізі суымай ашылды.  Күдікті тергеу абақтысына қамалды. Арам пиғылын жүзеге асырғысы келген қаскөй кінәсін толық мойындады. 

 

– Жасөспірімдердің қылмыстық іс-әрекетінің алдын алуда отбасы рөлі қандай?

– Қылмыс жасауға бейім балалар мен жасөспірімдердің өмір сүру дағдысы, психологиясы мен мінез-құлқын саралар болсақ, менің тәжірибемде көбіне тұрмысы жұтаң, күйсіз немесе бала тәрбиесіне селқос толық емес отбасында өскен балалар қия басып, қатеге ұрынып жатады.  Қаржылай қысым не жоқшылық көрмесе де,  жас жеткіншектер отбасындағы тәрбиенің кемшін түсуінен жаза басып жатыр. Ата-ана тәртіп пен тәрбие тізгінін тең ұстаса, бала үнемі назарда болса, өзара сыйластық пен құрметке негізделген қарым-қатынас орнаса,  әке балаға үлгі, ана бала жанына серік бола білсе мүмкін мұндай өрескел жайттар орын алмас па еді?! 

 

– Мектептегі ұстаздардың балалар мен жасөспірімдерге қатысты жауапкершілігі жөнінде не айтасыз?

 – ҚР Әкімшілік кодексінің 409-бабына сәйкес білім беру ұйымының басшысы немесе педагогтер өз міндеттеріне салғырт қарауы немесе тиісті деңгейде атқармауы салдарынан оқушы зардап көрсе заң жүзінде  жауапкершілікке тартылады.  Бүгінде ел ішінде баланы ұстаз не қоғам тәрбиелейді деген түсінік қалыптасып кеткен. Бұл -  өте қате ұғым. Ата-ананың міндеті баланы мектепке берумен шектелмейді, баланың өмірдегі басты ұстазы – ата-анасы. Бүгінгі таңда Ақтау қалалық білім басқармасымен бірлескен жоспар нәтижесінде бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Яғни бала қандай да бір құқық бұзушылыққа жол берсе немесе хабарсыз  кеткен жағдайда  сынып жетекшілерінен дереу баланың мінез-құлқы, сабақ үлгерімі жөнінде анықтаманы аламыз. Мектептегі оқушылармен әр тоқсан сайын кем дегенде екі-үш мәрте кездесулер өткіземіз. Әртүрлі тақырыпта дәрістер оқып, статистикалық деректерден хабардар етеміз. 

Сонымен қатар, оқушы белгісіз себептермен бірнеше мәрте сабақтан қалса, бізге хабарланады. Бұл үшін арнайы «Сабақ» атты профилактикалық іс-шара өткіземіз. Яғни оқушы бір тоқсан ішінде қырық сағат уақыт сабақтан себепсіз қалса, біз мектеп директорынан оқушы жайлы  мәлімдеме мен мінездеме аламыз. Сондай-ақ дәлелсіз себептермен сабаққа келмеген оқушыны есепке алуға тура келеді. 

Ата-анасы тиісінше тәрбиелей алмаған баланы үкімет тәртіпке салады. Мұндай жасөспірімдер арасында тәртібі түзеліп, өмірге деген көзқарасы өзгергендер де, есейгенде де ес кірмей, ескертулерді елемей, ақыр аяғы от басып, темір торға тоғытылғандар да бар.

 

 – Жасөспірімдерге қатысты есірткі өнімдерін тұтыну деректеріне тоқталып өтсеңіз?

– Қала аумағында есірткі өнімдерін тұтынатын жасөспірімдер тікелмеген. Десек те кілей не бензин секілді ақыл-еске, сана-сезімге әсер ететін заттарды иіскеуге дағдыланған токсикомандар бар. Бірақ зиянды әдетке тәуелділ кәмелет жасқа толмағандар туралы ақпаратты  қатаң құпияда сақтау заң жүзінде көзделген. Біз тек қана есебін жүргіземіз. Маңғыстау облысы полиция департаментінде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы тұрақты негізде есірткі заттарын анықтау, қылмыстың жолын кесу, сату мен сақтау бойынша мақсатты жұмысты жалғастыруда. 

 

– Қолайсыз отбасылар жөнінде айтсаңыз?

– Статистикаға сәйкес Ақтау қаласында 48 қолайсыз отбасы тіркелген. Қолайсыз отбасы санатына отбасы құндылықтары ұғымы таңсық,  ата-ана мен балалар  арасында сенім мен сыйластық, мейірбандық пен қамқорлық, сүйіспеншілік пен қолдау секілді ізгі адамгершілік қасиетке негізделген қарым-қатынас тіні үзілген, отбасы мүшелері зиянды әдеттерге тәуелді, теріс мінез-құлыққа ие, нашақор немесе маскүнем, әлеуметтік аз қамтылған жанұя жатады. Бүгінде бей-берекетсіз, ар-ожданнан жұрдай,  аморальді өмір салтына бейім отбасыларда 100-ге жуық балалар мен жасөспірімдер өмір сүруде. Біздің қызметкерлер мұндай отбасыларды үнемі қадағалайды, айына бір мәрте тексеру жұмыстарын жүргізеді. Ішкілікке үйір, есірткіге тәуелді ата-аналардың зиянды әдетінен арылуына, ауруынан айығуына уақыт беріліп,  түзеліп, қалыпты тұрмысқа қайта оралуы қатаң бақыланады. 

 

– Кәмелетке толмағандардың қылмысын болдырмау және алдын алу үшін  қандай іс-шаралар атқарылуда?

– Ювеналды полиция бөлімшесі тарапынан жыл бойы бірқатар акциялар ұйымдастырылады. Мәселен 19-22 сәуір аралығында «Түнгі қаладағы балалар» акциясы  өтті. Кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдердің түнгі сағат 22.00-ден таңғы сағат 06.00-ге дейін ата-анасыз далада жүруіне,  сонымен қоса, сағат 22.00-ден кейін ойын-сауық және көңіл көтеру орындары мен компьютерлік клубқа кіруіне тыйым салынған. Егер жасөсіпірм компьютерлік клубта түн жарымында ойын ойнаса, кафе-ресторандарда даяршы болып қызмет етсе, оның ата-анасына айыппұл салынады, 132-бап бойынша  кафе, мейрамхана немесе түнгі клуб  әкімшілігі жауапкершілікке тартылады. Түні бойы қараусыз көше кезген балаға бір рет ескерту беріледі, бір жыл ішінде бұл әрекеті қайталанса айыппұл салынады, ал бірнеше мәрте әкімшілік құқық бұзушылығы үшін оны уақытша есепке аламыз. Сонымен қатар бала еңбегін қанау, келісімшартсыз жұмысқа жегу деректеріне тексеріс жүргізіледі. Заңда белгіленген нормаларға сәйкес бала жұмыс жасауға құқылы. Бір нәрсені ескеру керек, балаға түнгі ауысымда, денсаулыққа залал келтіретін, жүктемесі зор, вахталық әдіске негізделген жұмысты жасатуға жол берілмейді. Сондай-ақ еңбек шарты бекітілер кезде міндетті түрде ата-ананың рұқсаты болуы тиіс.  «Абайлаңыз, балалар!» акциясын ұйымдастыру арқылы жол қауіпсіздігін сақтау, жол-көлік оқиғаларының алдын алу жөнінде ақпарат беріледі. «Мен және менің полициям» акциясы аясында полицияның бір күндік тыныс-тіршілігі,  полиция қызметіне қажетті құрал-жабдықтармен, соның ішінде бейнетіркегіштер, рацияларды таныстыру, погондар  туралы ақпарат беру, мұражайларға апару көзделген. 

 

– Бүгінгі қоғамдағы аса өткір мәселе – балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін қандай жұмыстар атқарылда?

 – Педофилдер өз іс-әрекетіне жауап бере алмайтын ақыл-есінде ауытқуы бар адамдар. Олардың басты құрбандары – оң солын танып үлгермеген балғын бүлдіршіндер. Біз мектепке дейінгі даярлық сыныптары мен балабақшаларға шамамыз келгенше барып, кіріп, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Бөгде ересектермен сойлеспе, жедедсатыға жалғыз кірме, үйде жалғыз қалғанда бөтен адамға есік ашпа деген секілді қатаң ескертулерді айтамыз. Жадынамаларды таратамыз. Аялдамаларда педофилдердің суретін іліп қойып жүрміз.

 

– Тәжірибеңізде ғаламтор желісінде  қорлау мен қудалауға ұшырау, кибербуллинг деректері  кездесе ме?

– Бүгінде бала да, ересек те телефонға тәуелді. Бірін-бірі сайқымазақ етіп көрсету, келемеждеу, ар-намысы мен абыройына нұқсан келтірер балағат сөздер жазу, ілмекке ілік іздеп, желіге суреттер жүктеу секілді іс-әрекеттерден кейін төбелесіп, жаға жыртысқан жасөспірімдер кезігеді. Ондай жастар әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы яғни ұсақ бұзақылық бойынша жауапқа тартылады. 

 

– Балалармен тіл табысуы, сенімге құралған қарым-қатынас орнату – өте нәзік және күрделі дүние. Осы орайда ювеналды полиция қызметкерлерінің бойында қандай қасиеттер болуы керек? 

– Ювеналды полиция қызметкерлерінің бойынан ең алдымен байсалдылық, шыдамдылық, парасат табылса құба-құп. Бір нәрсенің байыбына бармай кесіп-пішуден бойды аулақ ұстау, қос тараптың да  талап-арызына бейтарап көзқараспен қарау, әділ шешім шығара білу аса маңызды.                  Сауаттылық  әрине ең басты орында. 

 

Сөз соңында айтарым, қазақта «балаңды аясаң, аяма» деген нақыл бар. «Тәрбие –тал бесіктен» демекші, тәрбие-тәлімнің астары тереңде. Жасөпірімдер психологиялық өтпелі кезеңді бастан өткереді. Жас жеткіншек бір рет шалыс басты деп бетін қағып, қоғамнан шеттетпей, ізгілікке баулып, болашаққа бағдар беруіміз керек. 

 

– Сұхбатыңызға рахмет!

 

Голрох ЖЕМЕНЕЙ, Маңғыстау облысы
28.04.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 244
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 240
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 742
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 865
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 778

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8935
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8329
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11557
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9314
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10541