Оралдағы «Балауса» комьюнити орталығының жұмысы жаз айларында да толастамай, балаларға көңілді демалыс сыйлады.
Қалалық мәдени-ағарту бірлестігіне қарайтын бұл орталықта төрт үйірме балаларға тегін қызметтер көрсетеді. Атап айтқанда, Гүлмира Омарова жетекшілік ететін «Ән-әуен» үйірмесі, Айкүн Шакиева жетекшілік ететін «Мұрагер» домбыра үйірмесі, Бибінұр Досқалиева жетекшілік ететін «Көркемсөз» үйірмесі, Аягүл Салыхова жетекшілік ететін «Жұлдыз» би үйірмесі. Орталықтың жетекшісі Бибінұр Досқалиева балалардың жазғы демалысын тиімді өткізу мақсатында өздеріне тиесілі жазғы алаңқайда түрлі шаралар ұйымдастырылғанын айтты. – Жазғы алаңқайымыз маусым айының басында салтанатты түрде ашылып, «Бала деген – бір бақыт» атты мерекелік кеш өткіздік. Одан кейін Қазақстан Республикасы рәміздері күніне, Елорда мерекесіне, Ұлттық домбыра күніне орай танымдық сағаттар мен сайыстар ұйымдастырдық. Сонымен қатар «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ» , «Кім жүйрік?» «Толағай» сайыстарына, тоғызқұмалақ, шахмат, футбол, дойбы ойындарына да жеткіншектер белсене қатысты. Балдырғандардың жаз мезгіліндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Батыс Қазақстан облыстық Жедел-құтқару жұмыстары басқармасына қарасты «Суда жедел құтқару жұмыстары» бөлімінің басшысы Алексей Еремеевпен кездесу өткізгенбіз. Тамыз айында бастау алған «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында біздің орталықтың тәрбиеленушілеріне де көмектер көрсетілуде. Осындай жомарт жүректі жерлестеріміздің бірі, «Fashion» косметикалық дүкендер желісінің иесі Азамат Құрманғалиевке алғысызды білдіреміз, – дейді Бибінұр Жеңісқызы.
Жалпы бұл «Балауса» комьюнити орталығы балалар аула клубы ретінде 1989 жылдан бері жұмыс жасап келеді. 2021 жылы Орал қаласы әкімдігінің қолдауымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңа үлгідегі комьюнити орталыққа айналған болатын.