Соңғы жылдары қарыз қапшығы арқасына аяздай батқан жұрттың қарасы қалыңдады. Азаматтардың қаржылық ұйымдар алдындағы борышы 2,4 триллион теңгеге өскен. Жалпы, қазақстандықтардың қарызы – 14 триллион теңге. Елдегі ересектердің саны 14 миллион болса, банкке берешек 7,65 миллион адам бар екен. Бұл деген сөз, жарты қазақстандықтың қарызбен күн көріп, несібесін несиеге бөліп беріп отырғандығының көрінісі. Облысымыз бойынша 48 мың адамның басында мерзімі өткен кредиттері бар. Енді олар банкрот болуға өтініш бере алады. Бұл мәселені шеше ме? Банкрот болғанның салдары қандай? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік.
Күнделікті қажеттілік үшін-ақ қарызға бататын қоғамда отырғанымыз анық. Қарызды деніміз кейде саналы түрде, кейде амалсыз жағдайда алып жүрміз. Күн сайын қос бүйірден қысқан қымбатшылық кім-кімге де оңай тимей тұр. Осындай жағдайда жалақысы жан бағысына жетпейтін бұқара халықтың банкке барғаннан, кредит алғаннан басқа амалы да қалмағандай.
Қалай десек те, қарыздың аты жақсы емес. Бұл жайттың әлеуметтік және саяси түйткілге айналғанын айтқан Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев мәселені шешудің жолдарын қарастырып, «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» Заң қабылданған болатын. Ресми жарияланғаннан кейін биылғы 3 наурыздан бастап күшіне енген құжат банктегі қарызын өтей алмай отырған еліміздің азаматтарына банкроттық жариялау арқылы борышкерлер қатарынан шығуға жол аша бастады.
Бұл заңның пайдасы да, зияны да барын айтатын әлеуметтанушылар жұртты несиеге үйір болмауға шақырады. «Бұрын несиенің үстеме пайызы жоғары болатын. Сондықтан, несие алушылардың да қатары сирек еді. Ал, қазір банктердің несиелік жүйесі өзгерді. Жеңілдетілген түрлі бағыт бойынша халықтың қызығушылығын тудырып отыр. Бірақ банк бәрібір өз ұпайын арттыруға жұмыс істейтінін қарапайым халықтың бірі білсе, бірі біле бермейді», дейді әлеуметтанушы Сапар Ахметұлы.
Жалпы, облыс бойынша бүгінде соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану үшін азаматтардан 3 544 өтініш түсіпті. Оның 2 641 өтініші қаралып, 507-сіне соттан тыс банкроттық рәсім басталды. Ал, 2 134 өтініш бойынша сот банкроттығын қолданудан бас тартылыпты. Заң талаптарының нормаларына сай келмегендіктен бас тартылған өтініштердің үлес салмағы 80,8 пайызды құрап отыр. Сондай-ақ, қалған 903 өтініш әлі де қаралу үстінде.
Банкрот болуға ұмтылушылардың талапқа сәйкес келмей жатуына бірнеше себептер бар. Мысалы, несие бір жылдан көп уақыт төленбей қалған болуы керек болса, олардың арасында ара- тұра төлегендері бар. Болмаса, «некеде жоқпын» деп көрсеткендердің eGov-та үйленгені туралы ақпараттар шыққан. Осы екі мың өтініштің ішінде азаматтардың жылжымайтын мүлкі, жер телімі, автокөліктері бар екені анықталған. Тағы да басқа себептермен көп адамға бас тартылған.
Тараз қаласының тұрғыны Гүлназ Әділбекова: «Менің атымда ешқандай мүлік жоқ. Кредитімді төлей алмай жатқаныма төрт жыл болды. Банкрот боламын деген сенімде болдым. Осы заң күшіне енгенде қатты қуандым. Бірақ қу ақшадан қатты қысылғанда туған әпкемнің алтынын алып, «М-Ломбардқа» өткізген едім. Оны кейін мүмкіндігін тауып, алып бердім. Бұл енді менің құжатыммен жүргізілген процесс болған соң, ол да базадан шықты. Яғни, ломбард бойынша мерзімі өтпеген, төленген кредитім бар болып шықты. Енді мен бакроттыққа келесі жылы өтініш бере аламын», дейді.
«3 наурыз – өтініштерді қабылдау науқаны басталған кезде күніне 140-150 өтінішке дейін қабылдадық. Кейде 200-ден асқан кездері болды. Ал, арада міне, бір жарым ай өткен соң өтініштердің динамикасы төмендеп, күніне орта есеппен алғанда 30-35 өтініш түсуде. Соттан тыс банкроттық рәсімі басталған азаматтар бойынша тиісті мәліметтер «электрондық үкімет» веб- порталында орналастырылған. Сондай-ақ, соттан тыс банкроттық рәсімін қолданудан бас тартқан 2 134 арыз бойынша, азаматтарға тиісті хабарлаулар 1414 сервисі арқылы телефондарына жолданды» дейді облыстық мемлекеттік кірістер департаменті берешектермен жұмыс басқармасының басшысы Ерлан Нұрмаханбетов.
Жалпы, заң азаматтардың борыштық жүктемесін азайтып, әлеуметтік шиеленісті жеңілдетуді, қаржылық сауаттылықты арттыруды мақсат етеді. Бұл үшін соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру секілді 3 түрлі рәсім ұсынылған.
Соттан тыс банкроттық жеке тұлғаның банк, микроқаржы ұйымы және коллекторлық агенттік алдындағы қарызы 5 миллион 520 мың теңгеден аспаған жағдайда қолданылады. Ол үшін өтініш берушінің атында мүлкі болмауы керек. Сондай- ақ, қарызын 12 ай төлей алмаған болуы қажет.
Бұл шарт атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар үшін қарастырылмайды. Сонымен қатар, 5 жылдан астам уақыт қарызы өтелмеген азаматтар үшін мүліктің бар болуы және қарызы 5 миллион 520 мың теңгеден аспау шарттары жүрмейді.
Ал, сот арқылы банкроттық жариялау рәсімін қарызының сомасы 5 миллион 520 мың теңгеден асқан жеке тұлғалар қолдана алады. Бұл рәсім бойынша қарыз алушының мүлкі сатылады. Алайда, несие берген ұйым азаматтың жалғыз баспанасы кепілде тұрмаса, алып қоя алмайды. Сот арқылы банкроттық рәсімді кәсіби қаржы басқарушылары, заң бойынша кеңесшілер, аудиторлар жүзеге асыра алады.
Үшінші рәсім – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Тұрақты кірісі бар азаматтар осы рәсімді қолданып, қарызын 5 жылға дейін бөліп төлей алады.
Бұдан бөлек, өзін банкрот деп жариялаған азаматтарға қойылатын бірқатар шектеу бар. Мәселен, соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолданғысы келген борышкерлер 5 жыл бойы қарыз және шағын несие ала алмайды, 7 жылда өзін қайта банкрот деп жариялауға тыйым салынады. Сонымен қатар, оның қаржылық жағдайына 3 жыл бойы мониторинг жүргізіледі. Алимент өндіру, басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу, қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін келтірілген зиянды өтеу бойынша берешектер есептен шығарылмайды. Сондай-ақ, өтініш берушінің сұранысын мақұлдамас алдында оның жоғарыда аталған талаптарға сай келу-келмеуі де жақсылап тексеріледі.
«Бұл жерде барлық процедураны жүргізетін қаржы басқарушыға көп нәрсе байланысты. Оның өз көксегені бар адам болса, мүлікті бағалауда қателік кетуі мүмкін. Мәселен, борышкер өзінің жылжымайтын мүлкін сатып, оның ақшасына бизнес ашып, ол ақшасы да жетпей, тағы банктен несие алып, ақыры банкроттыққа ұшырады дейік, ондай жағдайда оған пәтері қайтып беріліп, сатып алушыға ақшасы қайтарылуы мүмкін. Оның пәтер сатқан уақыты мен қазіргі пәтердің құнын салыстыра аламыз ба? Міне – мәселе. Мұны да сол қаржылық басқарушы шешеді. Сосын борышкер банкрот деп танылған жағдайда оның қарызы банктерге қайтарылмайды, жай ғана есептен шығарып тасталады. Мұндай жағдайда банктер бұл шығынын қайтару үшін несие пайызын көтеріп жіберуі мүмкін. Сонда ол пайыз жаңадан несие алушының мойынына артылады деген сөз», – дейді қаржыгер Ләззат Сатаева.
Сондықтан, мамандар бұл бағытта тәртіпті қатаңдата түспесе болмайды деп отыр. Әсіресе, қаржылық басқарушылар қатаң қадағалауда болуы керек. Мұның тағы бір солқылдақ жері – қарызын әдейі төлемейтін несие алушылардың қатары көбеюі мүмкін. Өйткені, осыған дейін ерлі- зайыптылардың мемлекеттен арзандатылған үй мен атаулы көмек алу үшін әдейі ажырасып, құжат тапсырған жағдайлары да болған. Сондықтан, тек қаржылық жауапкершілікті ерекше құнттау ғана керек.
P.S:
Осыдан біраз уақыт бұрын әйгілі украиндық «Орел и Решка» бағдарламасы Алматыға арнайы түсіріліммен келді. Сондағы жүргізушінің «Қазақтар сән- салтанатты ұнатады. Бір қызығы, бұл қаланың тұрғындары басында үйі жоқ, пәтерді жалдап тұрса да, несиеге қымбат көлік мінгенді ұнатады» деген кекесін сипаттамасы әлі күнге дейін есімізде.
…«Қарызды күлдіріп келтіріп, жылатып қайтарып жүргендердің» салқыны сіз бен бізге тиіп кетпесе болғаны…