«Бақты» кеден бекеті жаңғыртылып жатыр

«Бақты» кеден бекеті  жаңғыртылып жатыр

Абай облысының Мақаншы ауданындағы «Бақты» кеден бекетінде ауқымды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жуырда нысанда болған облыс әкімі Берік Уәли құрылыс барысымен танысып, атқарылып жатқан жұмыстардың қарқынын көрді.

Қазақстан мен Қытай арасындағы маңызды шекаралық өткелдердің бірі саналатын «Бақты» кеден бекеті халықаралық көлік-логистикалық бағыттағы стратегиялық нысан ретінде ерекше маңызға ие. Қытай жағындағы «Покиту» өткізу пунктімен тікелей байланыс орнатқан бекет арқылы жүк және жолаушылар ағыны жылдан-жылға артып келеді.

Қазіргі таңда кеден бекетінде өткізу қабілетін арттыруға бағытталған кешенді реконструкция жұмыстары жүріп жатыр. Жобаның басты мақсаты – кедендік рәсімдерді жеделдету, көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру және Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық байланысты күшейту.

Өткен жылы бекетте жолаушылар терминалының уақытша модулі іске қосылып, жеке тұлғалардың туризм мақсатында шекарадан өтуіне мүмкіндік жасалды. Соның нәтижесінде қазір өткізу пункті арқылы тәулігіне орта есеппен 6-8 автобус және 300-350 жолаушы қатынайды.

Бекетте екі жаңа инспекциялық-тексеру кешені іске қосылған. Бұл жүйелер кедендік бақылау сапасын арттырып, көлік құралдарын тексеру уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік беріп отыр. Қазіргі таңда Қытайдан Қазақстанға тәулігіне шамамен 150 автокөлік кірсе, Қазақстаннан Қытай бағытына 250-ге жуық автокөлік шығады.

Мамандардың мәліметінше, құрылыс жұмыстары биылғы жылдың екінші жартыжылдығында толық аяқталады. Қазір нысанның құрылыс дайындығы шамамен 70 пайызды құрайды.

Облыс әкімі кеден бекетінің өңір экономикасын дамытудағы және халықаралық сауда байланыстарын кеңейтудегі рөліне ерекше тоқтала келе, құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Сарапшылардың айтуынша, кеден бекетін жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін шекара арқылы өтетін жүк пен жолаушылар ағыны едәуір артып, халықаралық транзиттік бағыттардың мүмкіндігі кеңейе түседі.

Сәруар ҚАБДОЛЛА, Абай облысы
20.05.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25298
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24796
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42228
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38082
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42569