Баспана зарын қазақ Кеңес өкіметінен көріп келеді. Үйден үй, пәтерден пәтер жалдамаған қазақ, әй, жоқ болар-ау. Бұл көкейтесті мәселе тәуелсіздік алған жылдары одан сайын қиындады. Халықтың қазынасын тонаушылар ол байлықты місе тұтпай, 100, 200 үй-пәтер сатып алып, оны жалға бергенін жақсы білеміз. Жалдамалы пәтер осы күнге дейін қымбаттамаса, арзандаған емес. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, биыл жалдамалы пәтер бағасы аспандап кетті: 100 мыңнан 1 миллионға дейін! Пәтер, үй іздеген жұртта есеп жоқ. Әсіресе студенттерге обал. Осыншама байлықтың үстінде тұрып, далада қаңғып қалған қазақтың обалы кімге? Бар тапқанын пәтеріне жұмсаса, оның бала-шағасы қалай күн көрмек? Билік үнсіз. «Тәйт! Тоқтатыңдар!» деген үн Астана жақтан естілетін емес. Себебі шенеуніктердің ішінде де жалдамалы пәтердің жылуын, қызығын көріп отырғандар бар екені сөзсіз. Енді не істемек керек? Таудай үлкен сұрақ. Президент бұған бір қауқар танытпаса, құлқыны кең, ұятсыз пәтер берушілер бағаны көтерген үстіне көтере береді-ау, сірә.