«AMANAT» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев БАҚ өкілдеріне жыл басынан бері атқарылған жұмыстар және партиялық жобалар аясында жүзеге асырылған іс-шаралар жөнінде ақпарат берді.
Облыстық филиалдың атқарушы хатшысы өз сөзінде сайлауалды бағдарлама аясындағы іс-шаралар, кеңестер мен комиссияларда қаралған мәселелер, партиялық жобалар, партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне келіп түсетін өтініштер, әйелдер қанатының жұмысы туралы айтып өтті.
– Партияның 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасына халықтың мұң-мұқтажы мен өтініш-тілектері жинақталған. Жалпы республика көлемінде, облысымызда, шалғай аудандар мен елді мекендерде көп жылдан бері жөндеу көрмеген мектептер, ауылда Кеңес Одағынан бері салынбаған мәдениет ошақтары мен кең спорт залдары, медицина нысандары – барлығы да сайлауалды бағдарламаға енгізілген. Батыс Қазақстан облысы бойынша сайлауалды бағдарламаның орындалуын талдау бойынша ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйегінде жоспарланған 113 тармақтың 35 пайызы орындалды, 54 пайызы орындалу үстінде, қалған 11 пайызының орындалмау тәуекелі бар, – деді Азамат Сафималиұлы.

Белгілі болғанындай, аяқталған іс-шаралар шеңберінде 3,5 млрд теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба іске қосылып, 193 жұмыс орны құрылған. Есепті кезеңде 7,5 мың тұрақты жұмыс орны құрылған. 2,8 мыңнан астам азамат баспанамен қамтылған. Әлеуметтік нысандарға келсек, үш мектеп және 10 мектепке дейінгі ұйым, 15 медициналық мекеме халық игілігіне берілген. 200 шақырым қалаішілік, аудандық және облыстық маңызы бар жолдар салынып, жөнделген. Ал ауыл халқының таза ауызсумен қамтылуы өңірімізде 97%-ға жеткен.
Жыл басынан бері филиал жанындағы сегіз кеңес пен бір комиссия 34 отырыс өткізіп, 92 мәселені талқылаған. Сондай-ақ партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Жол картасын» іске асыру барысы қаралған. Кеңес мүшелерінің бастамасымен жасалған 138 ұсынымның 91-і күні бүгінде орындалған.
Бұдан әрі Азамат Сафималиұлы партиялық жобалардың облыс аумағында жүзеге асырылу көрсеткіштеріне тоқталды. Айталық, 2022 жылдан бері жер мәселесіне араласа бастаған партия «Жер аманаты» жобасы аясында игерілмей бос жатқан жер телімдерін мемлекеттің меншігіне қайтаруға ықпал етіп келеді. Өйткені ауылдық аймақтарда сол жерге мұқтаж болып жүрген еңбеккер азаматтар қаншама. Жоба басталғалы 485 мың гектар жер мемлекетке қайтарылса, соның 126 мың гектары пайдалануға берілген. Ал биыл 101 мың гектар жер қайтарылып, 26 мыңы қайтадан шаруалардың игілігіне бұйырған.
– Пайдаланылмай жатқан жерді мемлекетке қайтару бойынша биылғы жоспарымыз артығымен орындалды. Сонымен қатар жер телімдерін сатып алуға байланысты аукцион талаптарын жеңілдету туралы қарапайым азаматтардан өтініштер көп түседі. Бизнес бастағысы келетін жерлестеріміз түрлі қолдаулар арқылы мал басын көбейтеді, алайда жер ала алмайды. Аукциондарда ірі шаруа қожалықтары ұтып кетеді деп жиі шағымданады. Бұл мәселе өзге өңірлерде де бар, Парламент мінберінде де айтылып жүр, – деді Азамат Сафималиұлы. Сонымен қатар ауыл халқы өздеріне жақын маңнан жайылымдық жер сұрайтын мәселелер де кездеседі. Партияның араласуымен бұл мәселелер біртіндеп шешімін табуда.
Өткен жылы бастау алған «Кітап – AMANAT» жобасын облысымыз бойынша ең бірінші болып Бәйтерек ауданы қолға алып, орталық ашқан. Бүгінгідей өскелең ұрпақтың санасын ғаламтор жаулаған заманда бұл жобаның маңызы зор. Басты мақсат – жас буынды кітап оқуға тарту, олардың бойында рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру. Республикалық деңгейдегі партия хатшысы Шолпан Каринованың бастамасымен өңірімізде «Әйелдер қанаты» жобасы аясында да бірқатар іс-шаралар атқарылуда.
– Жалпы облысымызда әйелдер қауымдастығы көп болғанымен, олар бір-бірімен бәсекеге түскен емес. Әр қауымдастықтың өздерінің жұмыс бағыттары, салалары бар, – деген партия өкілі «Әйел аманаты» партиялық жобасы аясында «Ақжайық арулары» саяси көшбасшылық мектебі ұйымдастырылғанын жеткізді. Мұндағы мақсат – әйелдердің саяси көшбасшылығын дамыту, басқарушылық шешімдерді қабылдауға қатысуын кеңейту. Сондай-ақ «Бақытты отбасы», «Ұлттық мұра», «Кедергісіз келешек», «Ауыл аманаты» секілді ауқымды жобалар да өңірімізде кеңінен танымал. Жалпы партиялық 13 жобаның қай-қайсысының да тиімділігі жоғары.
Сонымен бірге облыстық филиалдың атқарушы хатшысы қоғамдық қабылдау статистикасына назар аудартты. Айтуынша, биыл жыл басынан бері қоғамдық қабылдау бөлмесіне 2719 өтініш келіп түскен. Тұрғындар тарапынан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, инфрақұрылым, тұрғын үймен және жер телімдерімен қамтамасыз ету, әлеуметтік көмек көрсету сынды мәселелер жиі көтеріледі. Оған қоса, барлық деңгейдегі депутаттар биыл 961 қабылдау өткізген. Ал облысымыздағы 103 елді мекенде өткізілген 60 мобильді қабылдауға 237 тұрғын түрлі мәселелермен жүгінген. Әрине, депутаттар көп жағдайда кейбір көмектерін жария қылмай-ақ жасауда. Оған қоса Нартай Аралбайұлы, Абзал Құспан, Снежанна Имашева сынды Мәжіліс депутаттары облысымыздың өзекті мәселелерін көтеріп, заң жобаларына өзгеріс енгізуге атсалысып келеді.
Жиында Батыс Қазақстан облысы әкімінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Қаладан – ауылға» бағдарламасы да сөз болды. Осы бағдарлама арқылы қаладан ауылға қоныс аударған отбасыларға сол аудандағы депутаттық фракция мүшелері қаржылай көмектесіп немесе қорасын азын-аулақ малмен толтыруға қолұшын созуда. Бұл бағдарламаны орындауда көш бастап тұрған Казталов ауданы әкімдігі мен «AMANAT» партиясының облыстық филиалы арасында меморандумға қол қойылған. Соның аясында партия тарапынан ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде. Енді партия бұл бағдарламаны республикалық деңгейде енгізуге жұмыс жасалуда.















