«AMANAT» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев БАҚ өкілдеріне жыл басынан бері атқарылған жұмыстар және партиялық жобалар аясында жүзеге асырылған іс-шаралар жөнінде ақпарат берді.
Облыстық филиалдың атқарушы хатшысы өз сөзінде сайлауалды бағдарлама аясындағы іс-шаралар, кеңестер мен комиссияларда қаралған мәселелер, партиялық жобалар, партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне келіп түсетін өтініштер, әйелдер қанатының жұмысы туралы айтып өтті.
– Партияның 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасына халықтың мұң-мұқтажы мен өтініш-тілектері жинақталған. Жалпы республика көлемінде, облысымызда, шалғай аудандар мен елді мекендерде көп жылдан бері жөндеу көрмеген мектептер, ауылда Кеңес одағынан бері салынбаған мәдениет ошақтары мен кең спорт залдары, медицина нысандары – барлығы да сайлауалды бағдарламаға енгізілген. Батыс Қазақстан облысы бойынша сайлауалды бағдарламаның орындалуын талдау бойынша ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйегінде жоспарланған 113 тармақтың 35 пайызы орындалды, 54 пайызы орындалу үстінде, қалған 11 пайызының орындалмау тәуекелі бар, – деді Азамат Сафималиұлы.

Белгілі болғанындай, аяқталған іс-шаралар шеңберінде 3,5 млрд теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба іске қосылып, 193 жұмыс орны құрылған. Есепті кезеңде 7,5 мың тұрақты жұмыс орны құрылған. 2,8 мыңнан астам азамат баспанамен қамтылған. Әлеуметтік нысандарға келсек, үш мектеп және 10 мектепке дейінгі ұйым, 15 медициналық мекеме халық игілігіне берілген. 200 шақырым қалаішілік, аудандық және облыстық маңызы бар жолдар салынып, жөнделген. Ал ауыл халқының таза ауыз сумен қамтамасыз етілуі өңірімізде 97%-ға жеткен.
Жыл басынан бері филиал жанындағы сегіз кеңес пен бір комиссия 34 отырыс өткізіп, 92 мәселені талқылаған. Сондай-ақ партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Жол картасын» іске асыру барысы қаралған. Кеңес мүшелерінің бастамасымен жасалған 138 ұсынымның 91-і күні бүгінде орындалған.
Бұдан әрі Азамат Сафималиұлы партиялық жобалардың облыс аумағында жүзеге асырылу көрсеткіштеріне тоқталды. Сонымен бірге қоғамдық қабылдау статистикасына назар аудартты. Айтуынша, биыл жыл басынан бері қоғамдық қабылдау бөлмесіне 2719 өтініш келіп түскен. Тұрғындар тарапынан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, инфра-құрылым, тұрғын үймен және жер телімдерімен қамтамасыз ету, әлеуметтік көмек көрсету сынды мәселелер жиі көтеріледі. Оған қоса барлық деңгейдегі депутаттар биыл 961 қабылдау өткізген. Ал облысымыздағы 103 елді мекенде өткізілген 60 мобильді қабылдауға 237 тұрғын түрлі мәселелермен жүгінген.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы















