Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде 22 Наурыз – Ұлыстың үлы күніне арналған «Наурыз-думан» атты мерекелік шара өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев қатысып, қоғамдық жұмыстарға атсалысып жүрген жоғары оқу орнының қызметкерлерін марапаттады.

Университет ауласында ұйымдастырылған мерекелік шара жаңару мен жасампаздықтың, ырыс пен берекенің мәні айшықталған Қыдыр ата мен Жер-ана туралы қойылыммен басталды. Ақ жаулықты аналар шашу шашып, көпшілікке ерекше көңіл күй сыйлады.
Алдымен құттықтау сөз алған Жәңгір хан университетінің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов профессор-оқытушылар құрамы мен студенттерді, шақырулы қонақтарды Наурыз мейрамымен және Ораза айт мерекесімен құттықтады. – Тарихы тереңнен тамыр тартқан ұлттық мерекеміз – қай кезеңде де елдік пен бірліктің бастауы болып қала бермек. Наурыз – жаңару мен жаңғырудың, бірлік пен татулықтың, ырыс пен берекенің мейрамы. Университетімізде «Наурызнама» онкүндігі аясында мазмұнды әрі тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Мұның барлығы – жастардың жарқын болашағы үшін, – деді Асқар Мырзахметұлы.

Ал облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев елімізде 2024 жылы «Наурызнама» тұжырымдамасы қабылданып, соның аясындағы онкүндіктің атаулы күндермен жалғасып келе жатқанын айтып: – Бүгін – ұлттық спорт күні. Осыған байланысты сіздерді әз Наурыз мерекесімен және ұлттық спорт күнімен құттықтаймын. Наурыз – ата-бабамыздан бізге мирас болып қалған салт-дәстүрімізді ұлықтап, ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртатын ерекше күн. Сонымен қатар биыл Наурыз мерекесі қарсаңында ел тарихында айрықша өзгеріс орын алып, жаңа Конституция қабылданды, – деді. Бұдан соң Қайыржан Ермекұлы қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып жүрген университет қызметкерлерін облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапаттады.
Мерекелік шарада университеттің өнерлі жастары халық әндері мен күйлерін, және ұлттық билерді орындап, жылылыққа толы мейрамның мәнін арттырды. Шара барысындағы ұлттық киімдер шеруінде тарих пен дәстүр заманауи сәнмен үйлесім тауып, көрерменнің қошеметіне бөленді.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
БҚО, Орал қаласы














