Бектенов белін буды

Бектенов белін буды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әлихан Смайылов басқарған Үкіметті таратып, жаңа басшы тағайындауы еліміздегі аса ауқымды саяси жаңалықтардың бірі болды. Осылайша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін басқарған, онан соң Ақордада біраз уақыт іс-тәжірибеден өткен Олжас Бектенов Қазақстан Республикасының Премьер-министрі болып тағайындалды.

Президент тапсырмасы:

7 ақпан күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға Премьер-министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебаев, Үкімет мүшелері, Ұлттық банк төрағасы, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, сондай-ақ облыстардың әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысты. Ел Президенті жиналыста өткен жылдарды қорытындылай келе жаңа Үкіметке маңызды міндеттер жүктеді.

– Бір сөзбен айтқанда, бізге шын мәнінде сапалы даму қажет. Сондықтан әрбір қадамды жан-жақты, мұқият ойластырып, батыл әрекет ету керек. Үкімет пен әкімдер жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуге тиіс. Бюрократияны тоқтату қажет, бізге нақты нәтиже керек. Жұмыс барысында жүйелі ұстаным болғаны жөн. Мәселені жедел шешумен қатар, экономиканың ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету өте маңызды. Бюджет және салық саясатының тиімділігін барынша арттыру қажет. Соңғы бес жыл ішінде бюджет тапшылығы 11 триллион теңгеден асып кетті. Сондықтан бюджетті тиімді басқару және оның өлшемдерін неғұрлым дұрыс болжау Үкіметтің алдында тұрған басты міндет болып қала береді. Қаржы министрлігі былтырғы табыс жоспарын алдын ала төленген осы жылдың салықтары есебінен орындағаны белгілі. 600 миллиард теңге көлемінде қосылған құн салығын қайтару уақытша тоқтатылды. Демек бюджет мәселелері бизнестің айналымдағы қаражаты есебінен шешілді. Әлі шешімін таппаған тағы бір мәселе – бюджетті бөлу тәртібі. Ол экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталмаған. Қаражат күнделікті мәселелерді шешуге жұмсалады, стратегиялық мақсаттар соның көлеңкесінде қалады. Үкімет шығыстардың экономикалық пайдасы барынша жоғары болуына баса мән бере отырып, оның нақты басымдықтарын айқындауы керек», – деді Мемлекет басшысы.

Президент өз сөзінде жаңа Салық кодексі әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Бұдан бөлек инвесторларға қолайлы жағдай жасау секілді маңызды салаларға тоқталып өтті. Сөз кезегінде жаңа Премьер-министр Үкіметтің, Мемлекет басшысының тапсырмаларын ойдағыдай орындап шыға алатындығына сенім білдірді.

       Осы жолғы маңызды жиналыстан кейін жаңа басшының бірден іске кіріскендігі байқалды. 9 ақпан күні Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырмаларды іске асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Сала басшыларының баяндамаларын тыңдап болғаннан кейін алдағы қолға алуға тиісті маңызды шараларға тоқталған Олжас Бектенов нақты жоспарларға кірісетіндігін айтты.

Қаржы министрлігі 10 күн ішінде республикалық бюджетке және бір ай ішінде жергілікті бюджеттердің барлығына ревизия жүргізіп, аса маңызы жоқ шығыстарды айтарлықтай қысқартуы тиіс. Ешкім де ақшаны орынсыз шашпауы керек, – деді Олжас Бектенов. Бұдан бөлек Салық кодексінің жобасын қайта жазып, оның философиясын өзгерту қажеттігін атап өтті.

– Сарапшылар мен бизнес қоғамдастықтарының пікірлерін ескеру қажет. Салық кодексі бизнестің белсенді болуына жағдай жасап, оны ұлғайтуға ынталандыруы керек, – деді Олжас Абайұлы. Үкімет басшысы өнеркәсіптік дамуға жаңа серпін беру үшін бірқатар нақты міндеттерді белгілеп, бірінші вице-премьер Роман Склярға 10 күн ішінде барлық ірі өнеркәсіп кәсіпорны иелерімен, бірінші кезекте өндіруші салалардағы кәсіпорындармен келіссөздер жүргізуді тапсырды.

Олар жақын арада жаңа жоғары дәрежеде өңдеу өндірістерін құрудың нақты жоспарларын ұсынулары керек, – деді Олжас Бектенов. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай құрылыс саласына да бірқатар жаңалықтар енетін болды.

– Барлық сметалық құжаттарға қазақстандық құрылыс материалдары мен басқа да заттар енгізілуі тиіс. Сондай-ақ сметалық құжаттамаларға материалдар мен жұмыстардың құнын орынсыз жоғарылатып жіберуге қатысты тексеру жүргізіңіздер. Сметалардың құны көтеріліп кететіні баршаға мәлім. Бұл мәселеде де тәртіп орнату керек, – деді Олжас Бектенов. Сондай-ақ Үкімет басшысы өнеркәсіптік кәсіпорындарды энергиямен сенімді түрде қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Бұдан бөлек Су ресурстарымен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты Премьер-министр жауапты министрлікке экономика салаларында суды ұтымды тұтыну жөніндегі шаралар кешенін дайындауды, сондай-ақ су пайдалану мәдениетін енгізу жөніндегі жұмыстарды пысықтауды тапсырды. Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарын салуға қатысты Үкімет басшысы бір ай мерзімде жеке инвестициялар тарту жөнінде ұсыныстар әзірлеуді талап етті. Соңғы кездеір халық арасында көп талқыланып жатқан МӘМС жүйесі де назардан тыс қалған жоқ.

МӘМС жүйесі елеулі қайта форматтауды қажет етеді деп санаймын. Қаражатты тиімсіз жұмсау мен артық жалған тіркеулер бола тұра оны қаржыландыруды ұлғайтуға жол берілмейді. Сала толық цифрландыру мен ашықтықты талап етеді, – деді Премьер-министр. Отырыс барысында Үкімет басшысы цифрлық трансформацияны жүргізу, көлік және ауыл шаруашылығы салаларын дамыту, «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобаларын іске асыру, сондай-ақ азаматтарды әлеуметтік қолдау, мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін реформалау жөнінде нақты тапсырмалар берді.

– Біз батыл әрекет ететін Үкімет боламыз. Бізге өсу қарқынын тиімді ұлғайту, экономиканы әртараптандыруды белсендірек жүргізу, инвестиция тарту және барлық міндеттерді шешу үшін жеткілікті өкілеттіктер берілді. Министрлер өз бетінше шешім қабылдай білуге тиіс, салалық мәселелерді өз деңгейінде жедел шешулері қажет. Жұмыс қарқыны жоғары, талап қатаң болатынын әркім түсінуі тиіс, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

PS: Жаңа Премьердің қолға алып жатқан бұл шараларының қай-қайсысы да кезек күттірмейтін маңызды мәселелер екендігі даусыз. Алайда Салық кодексі, жоғары дәрежеде өңдеу өндірістерін құрудың нақты жоспарларын дайындау, МӘМС жүйесі секілді маңызды әрі жіті зерттелуі тиіс ауқымы кең салаларды реформалауда асығыс қимылдаудың ақыры нәтижелі болса, қанеки!..

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
17.02.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 56
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 582
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 696
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 610
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 620

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8755
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8155
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11385
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9138
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10369