Беташардың да өз мәдениеті мен әдебі бар

Беташардың да өз мәдениеті мен әдебі бар

Соңғы күндерде қатарынан бірнеше үйлену, келін түсіру тойларына бара жүріп, беташар рәсімінің сорақыланып бара жатқанын байқадық. Өнегелі салтымыз біреулердің білместігінен 40-50 минутқа, тіпті бір сағаттан астам уақытқа созылып, жұртты ығыр қылып барады екен. Бұл әлдебіреулердің беташар туралы теріс пікірін де қалыптастыра бастапты. Яғни беташар салты туралы, оның мәдениеті мен әдебі туралы әңгімелейтін кез жетіпті.

Иә, өткен ғасырдың 70-90 жылдары тұсында ширек ғасырдай өзіміз де асаба болып той өткізіп, термеші болып жүздеген келіннің бетін ашқан адам ретінде, кейін этнографиялық тұрғыда бұл тақырыпта жазылған ондаған мақалалардың, бірнеше кітаптардың авторы ретінде ол туралы сөз қозғауға хақымыз бар деп ойлаймын. 

Иә, беташар – әдетте келін түсірілгенде атқарылатын міндетті салтымыздың бірі. Ертеде беташар рәсімі той аяқталар кезде жасалатын. Бұл туралы Мұхтар Әуезов «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» деген еңбегінде айтады. Әрі ол кезде той тек күндіз ғана өтетін. Ал қазіргі кезеңде уақыт бейімімен кешке, беташар рәсімі той басталарда жасалып жүр. 

Қазақтың қазіргі беташар рәсімі, өкінішке қарай, ұлттық салтымызды қорлауға, сайқымазақтыққа, беташар айтушының барынша молырақ көрімдік қарпып қалуына тырысқан көргенсіздігіне ұласып бара жатыр. Мұндай тексіздікті тоқтататын кез жетті. 

Келін түскен бойда бірден атқарылатын екі шаруа болады. Оның алғашқысы неке қидырту болса, екіншісі – беташар рәсімін өткізу. 

Беташардың өзіндік мәдениеті болатынын екінің бірі біле бермейді. Ең бастысы – қазақтың келін түсіру қуанышында екі беташар болмайды. Ол бір-ақ рет жасалады. Егер үлкен той алдында үйде жақын-жуықтарға, көрші-қолаңға ілкі той (оны кейде беташар той деп атайды) жасалса, сол жерде беташар айтылу міндетті. Одан кейін мейрамханадағы тойда беташар айтылмайды! 

Мейрамханадағы тойда беташар айтуды ұлттық әдет-ғұрпымызды насихаттау мақсатында бұдан отыз-қырық жыл бұрын бастағанбыз. Онда жарты ай, бір ай бұрын келін түскен кезде үйде беташары жасалып, кейін мейрамханада қызық үшін спектакль түрінде қайталанатын. Әрі оған беташар айтатын әнші, термеші інілеріміз мүдделі болатын. 

Бүгінгі таңда беташар әдет-ғұрпымыздан мықтап тұрып орын алды. Ол насихатқа мұқтаж емес. Ол қазір мәдени тәртіп пен әдепке мұқтаж. Түрлі қиғаштықтар беташар рәсімін бетімен жіберді. 

Бұрын қалай еді? Әдетте табалдырық аттасымен көрші-қолаң, жақын туыстар жиналғанша келінді шымылдырық ішіне отырғызып қоятын. Одан соң жігіт жағынан өнегелі екі абысыны келінді екі жағынан қолтықтап ортаға шығарады. Ақын, әнші немесе термеші жігіттер жаңа түскен келінге ата-енесін, күйеуі жағынан жақын туыстарын таныстырады. 

Беташар рәсімінде де өзіндік доза болады. Келін сәлем салатын туыстар саны он шақты адамнан аспау керек. Уақыт жағынан да шектеулі болғаны дұрыс. Ал беташарды жарты сағат, бір сағаттан асырып 30-40, 50-60, тіпті 200 адамға сәлем салдырту көргенсіздік, ұят жағдай, дәстүрімізді қорлау болып шығады. Бұған той иесінің білместігі немесе беташар айтушының тойымсыздығы себеп. Сондықтан той алдындағы кездесу кезінде мұндай нюанстар ескерілгені жөн. 

Беташар мәтінінің өзіндік ерекшеліктері болады. Әдетте оның әуені өзгеріп тұрғанмен, мәтіні бір арқауға негізделеді. Әдетте ол шағын үш бөліктен тұрады. Алғашқысы – келінге жаңа туыстарын таныстыру, екіншісі – өсиет, үшіншісі – міндет. Өсиет бөлігінде ата-бабалардың өнегесі айтылса, соңғысында ата-енені сыйлауды, ағайын-туыстыққа берік болуды, ұрпаққа имандылық дарытуды, қазақша сөйлейтін ұл-қыз тәрбиелеуді міндеттеген жарасады. Сондықтан той алдындағы кездесу кезінде беташар айтушыға беташардың әлгіндей үш талабын ескерткен жөн болады. 

Енді той иелері үшін, асабалар мен беташар айтушылар үшін ойымызды жинақтап беташар мәдениеті мен беташар әдебін нақтылап берелік:

Ол қалай жүзеге асырылады?

1. Халқымыздың той мәдениетінің бір бөлшегі болып табылатын Беташар салты тарих тереңінен жеткен өзінің ерекшеліктерін сақтауымен құнды. Ол шаңыраққа жаңа түскен келінге ата-енесін, үй ішін таныстырады, қандай туысқандық жақындығы бар екенін, беделін, қадір-қасиетін өлең тілімен өрнектеп жеткізеді. Мұндайда жергілікті ерекшеліктерді ұлттық дәстүрге бағындырған жөн болады. 

2. Келін келіп, беташар айтылып жатқанда той қонақтары орындарынан тұрып тыңдайды. Арасында беташар айтушыны көтермелеп, дауыс шығарып қолдап жатады. 

3. Көрімдік жинау үшін орындық үстіне табақ қойылып, табақ үстіне орамал жайылады. Көрімдік соның үстіне тасталады. 

4. Қыз жағынан келген құда-құдағилар беташар рәсімінде ішке кірмей сыртта тұрады. Оларды ұзақ күттірмеу үшін той ерте басталып, беташар рәсімі ертерек өткізілгені ләзім. Беташар айтушы сыртта құдалар күтіп тұрғанын ұмытпау керек. 

5. Келіннің бетін ашу рәсімі бір-ақ рет жасалады. Үйде беташар жасалса, мейрамханада қайталап «спектакль» қоюдың қажеті жоқ. 

6. Келін алдағы уақытта өзінің кішілік жолы бойынша үнемі сәлем салып жүруге тиісті адамдарға ғана сәлем салады. 

7. Келін күйеуінің атасы мен әжесіне, немерелес жақын ағалары мен жеңгелеріне, күйеуінің әкесі мен шешесіне, күйеуімен аталас және құрсақтас ағалары мен жеңгелеріне, нағашы атасы мен нағашы әжесіне, күйеуінің өкіл әкесі мен өкіл шешесіне сәлем салады. 

8. Келін күйеуінің ұзатылған әпеке-жезделеріне, інілеріне, қарындастарына, басқа нағашы туыстарына, өзінен жолы кіші абысындарына, жұмыстағы бастықтарына, көршілеріне, кластастарына сәлем салмайды. Егер біреуді сәлем салуға қосқысы келсе, оны той иесі шешеді. 

9. Келін сәлем салатын туыстар саны 12-15 адамнан аспау керек.

10. Беташар рәсімі уақыт жағынан шектеулі, 15-20 минуттан аспайды.

11. Беташар рәсімі басқа рәсімдердің орындалуына, атап айтқанда, құдаларды қарсы алып, төрге оздыртуға кедергі жасамауы ләзім.

Беташардың әдебі

1. Беташар дыбыстық қуаты жағынан өте қатты да емес, өте баяу да емес, орташа деңгейде айтылады. 

2. Беташар айтушы, әзілдеймін деп, сәлем салынатын адамдардың намысына тимеуі керек.

3. Беташар жұртты шаршатып әбіржітетіндей ұзақ боп кетпегені жөн.

4. Беташардың бизнестік трансформациясына жол берілмейді. Беташар айтушы тасталатын көрімдікке қызығып, ашкөздік пен сорақылыққа ұрынбауы керек. 

5. Беташар айтқан адам беташар рәсімін бітірген соң, көрімдікке жиналған ақшаны алдын ала белгілі бір ақыға келісілген болса, той иесіне береді, ондай келісім болмаса, орамалдағы көрімдікті толықтай өзі алады.

Ұлттық әдет-ғұрпымызды әспеттейміз десек, той мәдениетін, оның ішінде беташар мәдениетін, беташар әдебін білгеніміз әрі оны қатаң сақтағанымыз жөн болады.

Марат ТОҚАШБАЕВ
01.02.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 78
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 600
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 717
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 629
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 639

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8774
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8174
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11403
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9157
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10388