БИЛІКТЕГІ БІЛІКТІ МАМАНДАРДЫ «ҰРШЫҚША ИІРЕ БЕРУ» КІМГЕ ТИІМДІ?

БИЛІКТЕГІ БІЛІКТІ МАМАНДАРДЫ  «ҰРШЫҚША ИІРЕ БЕРУ» КІМГЕ ТИІМДІ?

Алдыннан бері әкімдер мен министрлер ауысып, министр әкім болып, әкім министр болып, генерал мен спортшыға да әкім лауазымы бұйырып, бір жасап қалды. Бес министрліктің құрылғаны тағы бар. Әйтеуір, Үкіметіміз бақайшағына дейін «қаруланып» алғанға ұқсайды. Енді тынымсыз жұмыс істеу ғана қалды. Ел қымбатшылық құрсауында.Асты мен үсті байлыққа толы сайын дала жұрты кедейшілік қамытын киюге тиіс емес. Қалайда тығырықтан шығар жол керек. Жаңа сайланған Үкімет мүшелеріне бұл бір сын! Небәрі 19 миллион халыққа Үкімет басшысы мен қосшыларын қосқанда және 21 министр қызмет етпек. Аз ба, көп пе, өзіңіз саралаңыз.

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев осыдан бес жылдай бұрын: «Қазақстан экономикасында жұмыс істейтіндердің 21 пайызы шенеуніктер немесе ұлттық компаниялардың менеджерлері екен. Біздің елімізде шенеуніктер саны басқа мемлекеттермен салыстырғанда өте көп.

Мәселен, Америкада – 14, Австрияда 10 пайыз. Ал 128 миллион халқы бар Жапонияда небәрі 9000 ғана шенеунік бар. Бізде 18 миллион халыққа – 100 мың шенеунік», – деп айтыпты («Жас қазақ» газеті, 15.07.2015 ж.). Одан бері жеті жыл өтті. Халқымыз 19 миллионға әзер жетті.

Иә, одан бері де ештеңе өзгере қоймады, бастық болғысы келетіндердің қатары азайған емес. Жапонияда бір шенеунікке 14 мың адамнан келсе, бізде бір шенеунікке 180 адамнан келеді. Бейресми статистика бойынша, еліміздегі бюджеттік мекемелерде 275 мың қызметкер, басқару салаларында

92 240 шенеунік жұмыс істейді. Сол 2015 жылы Үкімет қатты «қаһарланып», шенеуніктерді қысқарту жоспарын жасап бір «ерлеген». Сарғайған газет қиындыларына қарап отырсам, 2024 жылға қарай қысқартуды 25 пайызға жеткізу көзделіпті. «Өлмеген құлға болды жаз» деп, ол күнге де жақындап қалғанымызда, бес министрлік жаңадан құрылып, барлық арман-жоспардың күлі көкке ұшты.

Ағылшын саясаткері Эдмунд Берк: «Билік көп болған сайын оның тәбетін қанағаттандыру қаупі де көбейе түседі», – деген екен. Кім білсін, адам болғасын жобалап, болжап айта беретін шығар...

«Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз», – депті Ахмет Байтұрсынұлы. Сол сөз рас.

Жүсіп Баласағұн: «Бектің міндеті – халыққа құт-береке келтіру, кедейді бай ету, әділ заң орнату, халық санын көбейту», – депті.

Қандай қызметте болмасын жарқырап халықтың ортасында жүрсең, бұл – үлкен қасиет! Ел-жұртқа келеке, мазақ болсаң – қасірет!

Менің түсінбейтінім, билік жаңа қызметке келген шенеунікті оң-солын танып қалғанда ауыстыра беруге құмар. Оған жұмыс істеуге өзі мүмкіндік бермейді. Бұдан кейін жоғарыдан қандай реформа, қандай жақсылық күтесің?

Шенеунік Үкіметтің сарбазы ғой, қайда жұмсаса, сонда «ұшады». Әйтпесе елге жаны ашитын, елге болсын дейтін азаматтар шенеуніктер қатары да баршылық. Тек олардың білімі мен біліктілігін пайдалану жағы бізде кемшін. Ақкөт торғай секілді ұшып-қонып жүрген шенеуніктен елге пайда жоқ зияннан басқа!

Меритократия деген шыққан жері, тегі мен әлеуметтік жағдайына қарамастан жоғары лауазымдарға ақылды, қабілетті әрі білікті адамдарды өсіру принципіне негізделген жүйе екені баршаға мәлім. Жастардың өскені де дұрыс. Дегенмен бұндай есептілікті әлеуметтік желіге жариялаған елдің назарын сан саққа жібереді деп ойлаймын. Себебі ел арасында жүрген соң кейбір тағайындаулар меритократия болып көрінгенімен, шын мәнісінде «танысократия» болған сияқты.

Сондықтан да Әділетті Қазақстан қалыптастыру үшін әділетті шешім қабылдау қажет!

 

«Болашақтың» түлектерін қашанғы «сүрлейміз»?

Биліктегі ауыс-түйіс мәресіне жетті. Мемлекет басшысының өкімімен Берік Уәли Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы лауазымына,  «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма Төрағасы болып Кемелбек Ойшыбаев тағайындалды. Екеуі де жас жігіт. Екеуі де билік баспалдағында әбден ысылған азаматтар. Екеуіне де сәттілік тілейміз. Жастар өссін, өркендесін. Елдің болашағы жастардың қолында. 

Мағжан ақын айтпақшы: 

«Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты –

Қырандай күштi қанатты

Мен жастарға сенемін.

Көздерiнде от ойнар,

Сөздерiнде жалын бар,

Жаннан қымбат оларға ар,

Мен жастарға сенемiн!...». 

Әйтседе көңілімде кірбің бар. «Айтпаса, сөздің атасы өледі» демекші, Берік Уәли секілді тәжірибесі мол, журналистиканың барлық баспалдағынан өткен, басшылық қызметтің де тұтқасын ұстаған азаматтың министр болатын уақыты келді емес пе? Арғымақ аттың ауыздығын тартқан сайын екпіні басылатынын, арыны қайтатынын естен шығармасақ екен деймін. Меніңше, кімді болса да бір орынтаққа қайта-қайта әкеле беру жетістік емес. Елімізде  кадр тапшылығы шынымен бар ма? Республика бойынша бір білімді жас табылмағаны ма? Қайда баяғы «Болашақпен» миллиардтарды шашып оқып келген жастар? Судың да сұрауы бар емес пе? Олардың білімінің қызығын қашан көреміз? Оларды енді қанша «сүрлейміз»?  Олардың өзі қазір отыз, қырыққа келіп қалды. Айтпақшы, Мемлекет басшысының өкімімен, «Болашақпен» оқып келген Нұрмұхамед Исманұлы Байғараев Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы лауазымына тағайындалып, айналдырған үш-төрт күнде «орнын босатуы» ненің белгісі? Әлде бұл лауазым ойыншық па? Бұған да Президентті кінәлаймыз ба? Жоқ, бұл Президенттің кінәсі емес. Президенттің маңайындағы «данышпандардың» одағай іс-әрекеттері, парықсыз болмыстары. Сөйтіп, көпке күлкі болуы... 

Қазақта «Ханның соры – айналасына уәзірлерінің көзімен қарауы» деген тәмсіл бар.  Осы тұрғыда Президент мырзаға айтарым бар. Уәзірлеріңізге, кешіріңіз, маңайыңыздағы кеңесшілеріңізге, қызметкерлеріңізге қырағы көзіңізбен қарасаңыз екен. Өйткені олар бәрін сүзгіден өткізіп, Сізге тек өздеріне ыңғайлы ақпаратты ғана беруі әбден мүмкін. Осыған абай болғаныңыз дұрыс-ау. Түркияның тұңғыш Президенті Ататүрiктің: «Ұлтқа қожалық жасауға болмайды, оған тек қызмет етуге ғана болады. Ұлтқа қызмет жасай бiлген адам ғана оның қожасы бола алады», – дегенін қаперге алсаңыз... Сіз тектінің тұяғысыз. Имандылығыңыз да, парасат-пайымыңыз да бір басыңызға жетеді. Қарапайым халықтың бір өкілі ретінде бұқараның сөзін жеткізіп жатқан түрім ғой... Хош. 

Өткендегі тағайындаудан кейін министр әкімге, әкім министрге айналды. Бұл жолғы тағайындауларды шахмат тақтасындағы жүрістерге баласақ, бар болғаны шахмат тақтасының бетіндегі фигуралар ғана орын ауыстырды. Пешкаларға  түк те тимеді. Еңбектері еш, тұзы сор  байғұстардың.  Әділетсіздік тақта бетінде ғана емес, қара жердің бетінде де болып жатыр. Әй, өмір-ай, ә!..

Мен елді көп аралайтын анамын. Журналиспін. Көбіне жұмыс бабымен, әрине. Сондайда кезіккен жұрт, танитын ағайын «ана министр қайда кетті?», «мына министр неге көрінбей қалды?», «ана депутат неге сайланбай қалды?» деп менен сұрап жатады. Мені бір Ақордамен байланысы бар жан көреді-ау деймін. Әйтседе ойланып қаламын. Халық айтса, қалып айтпайды ғой, негізі. 

Мысалы министр Асхат Оралов қай жерге барса да, жеті-сегіз айдан асырып жұмыс істемепті. Әкімнің орынбасары болыпты, бір жылға толмай басқа салаға жіберген. Аида Балаеваның қарамағында вице-министр болыпты, ол жерден де бір жылға толмай басқа жаққа «ұшырған». «Аманат» партиясында жүргенде өзін көрсетті бұл жігіт. Ол жерден де жұлып алып үлкен бір саланы басқартты. Онда қалай жұмыс істегені халықтың көз алдында. Әлі отыз екіге де толмаған азаматты қазір «лақтырып» жіберді. Оның келешегі не болмақ?

Ералы Тоғжанов қандай тау тұлғалы азамат! Үкімет басшысының орынбасары болды,  бірнеше облысты басқарды. Артынан жаман сөз ерген емес. Турашыл, халықпен сөйлесе біледі, тіл жанашыры,  салт-дәстүрге берік, ісіне мығым. Кеше ғана алпысқа толды. Алпыс деген не, тал түс емес пе! Әлі де берері көп Тоғжановтың тағайындаулардан тыс қалуы мені толғантады.

Өткенге көз жүгіртсем, Дархан Мыңбай министр болғанда қаншама шаруаның басын қайырды. Кәсіби журналист. Ұлтшыл.  Дархан мырзаның басшылық қызметте жарқырап отыруының өзі қазақтың бет-бейнесіндей көрінуші еді-ау. Иә, екі шақырылымда Мәжілісте депутат болды. Өзекті депутаттық сауалдарымен ел есінде қалды.  Айтары бар азамат еді. Әлі тұғырдан түсіп тұрмағаны тағы шындық. Осындай жігіттерді билікке әкелсе, Ақорданың да жүзі жарқын, ісі де берекелі бола түсер еді-ау...

Осы жерде айта кету парызым, жүзі жылы, ұлтшыл, тәжірибесі көл-көсір, талай облысты басқарған, Үкіметке де еңбегі сіңген Асқар Мырзахметов, Оңдасын Оразалин  секілді тұлғалардың жаңа тағайындаулар кезінде  Ақорданың назарына ілінбей қала беретіні түсініксіз. Неге? Не үшін?  Осыншама құлдырайтындай ол қай жерде шалыс басты?

Дархан Қыдырәлі туралы да айтқым келеді. «Ел басқару білімнен емес, мінезден» депті ғой алаш көсемі Әлихан атамыз. Сол тұрғыдан қарасақ, Дархан мырзаның білімді, іскер екені даусыз. Түркі академиясын аяқтан қалай тұрғызғаны ел есінде. Дархан қайда? Оны да халық менен сұрайды. Иә, күндердің күнінде мен есімдерін атаған азаматтардың бұлт астынан шыққан күндей жарқ етіп бір жерден шыға келеріне сенемін. Тек білікті жастардың нағыз жанып тұрған кезінде күш-қайратын пайдаланып қалғанға не жетеді, шіркін!  Құнанбайдың ұлы Абай айтпақшы, «Адам ортасына білімімен емес, мінезімен сыяды» деген рас. Қаншама білімді, жан-жақты жігіттер билікте жүр. Бәрі жақсы. Бәрі күшті. Тек сол жігіттерде рух жоқ. Ұлттық рух аз. Кесіп түсетін жерде күлбілтелеп, от боп жанатын жерде шоқ болып маздап тұрады. Әйтпесе тіл мен ділдің мәселесі күн тәртібінен баяғыда жоғалар еді деп армандап қоямын кейде. 

Арман деген адамнан қартайса да алыстамайды екен ғой. Көзім көрген кей тұлғаларды әлі күнге армандаймын. Мысалы Әуелбеков секілді  әкімдер дәл бүгінгі қоғамға ауадай қажет-ақ. Халық ол кісілерге еркін кіре алатын. Сағаттап сөйлесіп отыратын. Олардың өздері халықпен бірге жүретін, көше-көшені аралап, жертөлелерге кіріп, балтырынан саз кешіп, белуарынан суға жүзетін. Іс-әрекеттерінен жасандылық байқалмайтын. Өте қарапайым тұлғалар еді. 

Бүгіндері облыс әкімі түгілі, орынбасарына кіру мұң. Орынбасарын айтасың, көмекшілерімен  тілдесе алсаң – үлкен бақыт. Айтайын дегенім, көмекшісі де, орынбасары да әкімге темірден «дәу қақпа орнатып қойған». Ол қақпаны ашу үшін үлкен күш керек. Ол күш – жоғарыдағы тамыр-таныс. Тек солардың соққан қоңырауы ғана «құдіретті». Айтатын сылтаулары – «әкімнің қолы тимейді». Жұмысы көп. Сонда деймін-ау, халық болмаса әкім кім? Әкімнің негізгі жұмысы халықпен болуы керек еді ғой. Әлде біз білмейтін басқа да жұмысы бар ма? Жалпы журналист пен әкім, кез келген ел билеуші шенеунік халық пен биліктің ортасындағы алтын көпір емес пе! 

 

Халықпен қоян-қолтық жұмыс істемесе, ол нағыз әкім емес...

Иә, әкім-қаралардың бәріне бірдей қара күйе жағуға қарсымын. Бірен-саран болса да халықшыл әкімдер бар. Соның бірі мен үшін – Нұрлан Асқарұлы Ноғаев. Қандай иман-парасатты басым, ұлтшыл, халыққа жақын тұлға! Ол туралы талай жаздым да. Қайталап жатпай-ақ қояйын. Асхат Берлешұлы Шахаров жаста болса бас болып жүрген жігіт еді. Оны  Мемлекет басшысы Ақтөбе облысының әкімі лауазымына жақсы тағайындады. Ол ауданнан өсті. Иә, атақ-дәрежесі бар спортшы.  Ол тұрғылықты халыққа өзінің іскерлігімен жақты. Қаратөбе, Зеленов, бүгінгі Бәйтерек аудандарында  оның абыройы зор болды.  Үлкен тәжірибе жинады. Ақтөбе қаласында әкім болғанда да халыққа сыйлы бола білді. Оның бәрін көзім көрді. Тағайындалған әкімдердің ішінде өз орнын тапқан бір әкім болса, осы Асхат дер едім. Халық та қатты қуанды. Бәрін әлеуметтік желіден көріп отырмыз. Иә, әлеуметтік желідегі ағайынның кейде әділ, кейде артық сілтеп жіберетіні бар.  Ол туралы бірнеше рет жаздым да. 

Ұлытау облысы әкімі Берік Әбдіғалиұлы да өз орнында отырған басшы. Жақсыны жақсы деу керек. Ұлтшыл, рухшыл, елге болсын дейтін осындай азаматтар көп болғай! Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев туралы да халық жақсы айтады. Халық айтса, қалып айтпайды. Оған өзімнің де сан мәрте көзім жетті. Сондай-ақ батыстың төрт ауданының әкімдері де сайдың тасындай жігіттер. Көздерінде от жанып тұр.

Ақмола облысының әкімі болып тағайындалған генерал Ахметжанов Марат Мұратұлын Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі болған кезінен танимын. Халыққа жақын, қазақтың сөз қадірін, қасиетін білетін, тілді қастерлейтін, тәжірибелі басшы. Ұйымдастыру қабілеті ерек, сол қасиеті Ақордаға ұнағаны даусыз.

Жуырда әлеуметтік желідегі халықтың «Президент Тоқаев кадр мәселесінде қатты қателесті» деген жазбаларын оқыдым. Ел болғасын түрлі пікірлердің айтылуы да заңды. Дегенмен бір шындық бары анық.  Президенттің жұмысы аз емес. Сондықтан көп кемшілік  қасындағы үйлестірушілерден, кеңесшілерден кетеді. Негізінде солар ғой бақылайтын, бағдарлайтын. 

Жаңа тағайындалған министрлерге келсек, айтар көп. Жұмысқа тағайындалған күннен толық танысып болғанша көп уақыт керек-ақ. Бізде қалай,  министр қызметіне келіп, бұл қызмет не, оны қалай үйлестіру керек, не істеп, не істемеу керек деген сұрақтарды түсініп болғанша басқа қызметке ауыстырып жібереді. Меніңше, министр сайланған күннен бастап, өзін көрсете алғанша сол жерде отыруы керек. (Қолынан түк келмесе, өз сорынан). Оған алты ай жұмысты толық түсінуге уақыт беріп, алты ай министр бағдарламасын дайындату керек, сонан соң сол бағдарламаны іске асыруға кем дегенде бес жыл уақыт беру керек. Ал оның бағдарламасы жалпы ұлттың даму барысына, мемлекеттің бағдарына сәйкестеніп жасалуы тиіс. Бізде министрлер өздерінің орынбасарларымен танысып үлгермей жатып ауысып кетеді.  Сондықтан ешқандай экономикалық даму жоқ. Дәл осы кеппен даму болмайды да!

Сосын бізде өзін керемет жарнамалайтын, жарнамалауға құштар, хайп қууға құмар әкімдер мен министрлер де қара көрсетіп қояды арагідік. Олардың тасы да өрге домалап тұрғаны шындық. Қайтеміз, классик жазушы Төлен Әбдікұлы айтқандай: «Мақтауға тоймайтын өзімшілден сақта, Құл мінезді төзімшілден сақта...»  – дейміз-дағы.

Соңғы уақытта жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Ел сыйларлық бағаң болмаса, елге аға болдым деме» дегені ойыма жиі оралады. Кешегі сайланған әкімдердің көпшілігінің ел сыйлайтын бағасы бар ма екен? Қайдам?!

Кеңес дәуірін аңсады демеңіздер, ол кездегі адамдар бір-біріне мейіріммен қарап өмір сүрді. Соншалықты қиын заман еді ғой. Тәуелсіздіктің отыз жылын саралап отырсам, мүлде басқа ұрпақ тәрбиелеп шығарған секілдіміз. Себебі бүгінгі әкімдер мен шенеуніктер шапаның мен артыңдағы «апаныңа» қарайтын секілді. Сенің сақалың мен ақ жаулығыңда құн жоқ. Оған көзінің қырын да салмайтын ұрпақ өсіп шыққаны қынжылтады. Атын атап, түрін түстемей-ақ қояйыншы, (керек болса, алдағы уақытта жазамын) бірнеше әкімге, министрге кіруге зармыз. (Соның ішінде мен де бармын). «Аманаттың» хатшыларымен тығыз байланыстамын, басшысына жолыға алмай жүргенімді жасыра алмаймын (Тікелей басшыға да қатысты мәселе болғандықтан)... Себебі жиналыстары көп.  Барлық министр, әкім, басшылардың көмекшілері жауап  бергісі келмейді. Кездесуден қашады. Түрлі сылтаулар айтады. Оларда да кінә жоқ-ау... Ақпарат басшылары, журналистер кіре алмай жүрген басшыларға қарапайым халық қалай кірмек?!

Менің шаруам ұлттың мұраты ғой. Жеке басыма ештеңе сұрап көрмеппін. Алла сұратпасын да. Мен қазақ баспасөзінің жоғын түгендеп жүргендердің бірімін. Негізі жұмысымыз ортақ емес пе? Елдік мүдде мен халықтың арыз-шағымын, талап-тілегін неге бірге көтермеске? «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» еді ғой...  Менің байқауымша,  халық пен биліктің ортасындағы береке мен бірлік қашып барады.

Депутаттардың да аласы мен құласы мол. Депутаттық мандатқа қол жеткізгенше «халқым» дейтін,  мақсатына жеткесін халқының «хақысын» жейтіндерге не шара!

Депутат Қазыбек Иса: «Су саласында суды білмейтін, жол саласында жолды білмейтіндер отыр», – депті бір сөзінде. Мен айтар едім, Парламент пен Сенатта «заң, құқық, құқық нормалары, заңнан тарайтын құқықтық актілер (подзаконные акты)» деген сөздерге теориялық мағынада түсінік бере алмайтын сауаты төмендер (бәріне топырақ шашпаймын) отыр. Өкінішке қарай, халықтың тағдыры солардың қолында. Ең өкініштісі, қазір атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, сол депутаттардың телефон алмағаны жаныңды ауыртады. Айналайындар-ау, мақсаттарымыз бір емес пе?

Иә, жаңа сайланған депутаттар келгелі жаңа леп, жаңа бастама, тың ойлар айтыла бастады деп қуана жазғанның бірі мен едім. Кәне солардың нәтижесі? Небір елдің көкейіндегі ойлар депутаттық сауал болып жаңбырша жауды. Риза болдық. Тамсандық. Енді өзгеріс болар деп күттік. Еш хабар жоқ. Керек десеңіз, елдің жоғын түгендеген сандаған депутаттық сауалдарға әлі толық жауап берілген жоқ. Егер берілмесе, «Қалған көңіл – шыққан жан» дейді халық. Онда баяғы ескі Қазақстаннан не айырма бар?  Қайда ел аңсаған «Жаңа Қазақстан»? 

 

«Жаңа Қазақстан» халықшыл, жаңашыл шенеуніктерімен қуатты

Адам баласы күдік пен күмәннің, сенім мен болжамның арасында өмір сүретін болса керек. Осы тұрғыдан келгенде, соңғы уақытта күдік-ит кеудемді тырналайтынды шығарды. Ол күдік депутаттардың тым белсенділігі мен өткір-өткір сауалдарды Үкіметке қарша боратуынан туындап жатыр. Оларға қайдан бітті «батырлық»? «Осылар жоғарымен келісіп алып, халықтың «айызын» қандырып, биліктің ұпайын түгендеп беріп жүргеннен сау ма өзі?!» – деп қоямын кейде. Лайым, бұл күдігім өтірік болғай! Әліптің артын бағайық. Сабыр түбі сары алтын екенін ұмытпайық, ағайын!

Иә, кейбір шенеуніксымақ амалсыздан құзырына қабылдайды, бірақ әңгімеміз жараспайды. Көңілі де, қиялы да басқа жақта екенін, анамын ғой, бірден сеземін. Кейбіреуі әдемі сөйлейді.  Бірақ сөз бен істің арасы бір шақырым. Бұл – қызметте жүрген біздің жағдайымыз, қарапайым халық қайтып күнелтпек? Олар кімге мұңын шақпақ? Кімнен қолдау күтпек?

Жылда 1 қыркүйек қарсаңында орамал дауы басталады. Егер билік тегеурінді болғанда, бұл мәселе ендігі бір сорапқа түсер еді. «Әттең, тонның келтесі-ай!..» деп ғұмырымыз өтіп барады. Бұл жерде айтарым, билік солқылдақтық танытып отыр. Заңымыз да әлсіз. 

Олар «бірыңғай форма жасадық» деп «аттан» салғалы қашан. Өзгерген түк жоқ. «Баяғы жартас – бір жартас».  Қыздарымыз әлі тізеден жоғары киіммен жүр. Осы ма формасы? Қай қазақтың қызы санын жарқыратып, омырауын ашып алқам-салқам жүріпті? Стандарт жоқ. Бірыңғай форма ешқашан мұндай болмайды! Зайырлы мемлекет болғанымызбен, ұлттық менталитет пен ұлттық нақыш оқушылардың бойынан көрініп тұруы тиіс! Менің айтарым – қыздарға тізеден он сантиметр төмен, омырауы жабық форма керек. Осыған келетін уақыт болды. Енді соза беруге болмайды. Талас-тартыс еш мемлекетті ұшпаққа шығарған емес. Бұл ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсен ханымның назарына. 

Сосын тағы бір айтарым – «Дінтану» сабағы мектепте оқытылуы тиіс. Неге десеңіз айтайын, дін мен қазақты бөліп алу мүмкін емес. Дінді алып тастасаң, қазақта түк те қалмайды. Мен ата-баба ұстанған дінді айтып отырмын. Қазақ халқы тірі тұрғанда дін мәселесі қоғам назарынан бәрібір түспейді. Сондықтан келер ұрпақ сергелдеңге түспеу үшін, ұлттық болмысын жоғалтпау үшін, өзге діндердің құрығына түсіп адаспау үшін «Дінтану» сабағын оқыту – заман талабы. Баяғыда Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып жүргенде Украинаға жолым түскен. Атеистік кезең ғой. «Дін – апиын» деген дәуір. Сонда таңғалғаным, украиндар мектептерінде «Дінтану» дейтін сабақ өткізеді екен. Біз шошып кеттік. Санамыз әбден шырмалған, уланған қазақтармыз ғой. Олар шіркеулеріне барып, құдайларына құлшылық жасап, мектепте дін сабағын оқытып жайбарақат жүр. Сол көрініс әлі күнге көз алдымда.  

Мен тіл жанашырларының бірімін. Кез келген мақаламда қазақ тілінің келешегіне алаңдаймын. Міндетті түрде бір-екі ауыз сөз жазамын. Қазақтың тілі қашан тұғырына мінеді, осыны көру менің ең басты арманым. Тіл – менің жанды жерім. Жуырда «шенеуніктерге қазақ тілін білу міндеттелуі мүмкін» дегенді оқыдым. Қатты қуандым. Назарбаев заманында да осындай жақсы ақпараттарға қаншама рет халық қуанды, кейін қуарды. Өйткені ол кісінің көп сөзі тамыры қураған кәрі  ағаштай болатын. Бүгін айтқан сөзіне ертеңіне кереғар ой айту  оған түк емес еді. Содан шошыған көңіл ғой біздікі.

Әкім, министрлер туралы сөз етіп жатырмын, енді олардың мемлекеттік тілге деген көзқарастары мен құрметтері қандай болмақ деген ойдың құлағы қылтиюы заңдылық. «Жоғары лауазымды қызметкерлерге қазақ тілін білуі міндеттелуі мүмкін» деген ақпарат көңілге жұбаныш, жүрекке қуаныш!

Бұл жөнінде Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов мәлімдепті. «Жоғары лауазымды қызметкерлерге мемлекеттік тілді білу міндеттелуі мүмкін. Егер бұл жөнінде Үкіметтің қаулысы шығатын болса, Мемлекеттік қызмет агенттігі Президент әкімшілігіне ұсыныс береді. Егер Президент әкімшілігі бұл ұсынысты қолдаған жағдайда мемлекеттік тілді білу міндеттеледі. «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес бұл мәселе 2024 жылғы жобада тұр», – дейді ол.

Айта кетейік, жуырда Қырғыз елі мемлекеттік қызметкерлерге қырғыз тілін білуді міндеттеді. Осыдан кейін отандық БАҚ «Қазақстан неге Қырғызстаннан үлгі алмайды?» деп мәселе көтерген болатын. Еске салайық, бұған дейін қазақ тілінде білім алатын оқушылар саны көбейгені хабарланған болатын. Онда нені күтіп отырмыз?  Соңғы  статистикада қазақ халқының саны 70 пайызға жеткені хабарланды. Бұл дегеніңіз үстемдік кімде екенін меңзеп тұр. Онда не жалтақтық? Не бейшаралық? Ана тілімізді тұғырына қондыру үшін тағы 30 жыл күту керек пе? Алла сақтасын, енді 30 жыл күтер болсақ, бұл даладан қазақты емес, түрі қазақ, тілі мазақ ұрпақты ғана көрерміз! 

Мемлекеттік қызмет туралы әңгіме болған жерде, мемлекеттің қаржысын ту-талақай еткендер туралы айтпай кетуге болмас. Президент Тоқаев айтқан Қазақстанды теспей сорған бай-бағландар қайда? Қайтқан ақша қайда? Оны кім бақылап отыр? Қай қорға құйылды? Кімдер тұтқындалды? Қайрат Сатыбалды сотталды, рас. Қалғандары қайда?  Қайрат Боранбаев 90 млрд активті қайтарды деседі. Нақты қандай активтер? Қалай, қайда қайтарды? Ақшаны нақты қайда аударды? Құжаттар қайда? Бұл туралы пост  жазған Дина Елгезек қызымды толық қолдаймын. Қоғамның алдына нақты фактілерді ұсына ала ма? Бірде-бір құжат та, дәлел де жоқ! Құданың құдалары қашан қайтарады қазақтың байлығын? Заң алдында қашан жауап береді?  Естеріңізде болса, биыл 31 наурызда Қайрат Боранбаевтың үкімі жарияланды. Сот шешіміне сәйкес ол кінәлі деп танылып,  мал-мүлкі тәркіленіп, өзі 8 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Кейін Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Қайрат Боранбаевқа қатысты алдында шығарылған сот үкімінің күшін жойды. Құжаттар дәлелденбеген-мыс дегендей себеп айтылды. Ал енді жақында қайта 6 жылға соттап жіберіпті. 

Заң үстемдік ететін елде сот биліктің шешіміне бағынбайды және сот үкімі қырық құбылмайды! Осыны билік есте ұстауы тиіс! Өзгелерге, шенеуніктерге сабақ болуы үшін. Ұлтқа жасалған, халықтың байлығына көз алартқан,  қазынаны тонағандар ар алдында ғана емес, дар алдында, заң алдында қылмыскер! 

 

Батыстың қаңсығына емес, таңсығына ұмтыл, қазақ!

ТҮЙІН: Бір өкінішті жайт, біздегі шенеуніктердің көбі билік қолдарына тисе, мәңгі отыратындай шалқаятыны қызық. Оны өзім көп байқаймын. Байқаймын да, түңілемін. Батыс дейміз кейде, олардың Премьер-министрі неге велосипедпен жүреді, неге «эконом класпен» ұшады? Қашан көрсең халықтың ортасында, ешкімнен қорықпайды, үрікпейді. Күзетші дегенді мүлде көрмейсің. Бізде не, Үкімет басшысы емес, кез келген министрді ГАИ-дың қоршауымен алып жүреді. Неге? Кімнен қорқады олар? Қолы таза, жаны таза адам ешкімнен шошымаса керек-ті. Қазақстанды 40 жыл басқарған Қонаевтың өзі жұмысына жаяу барып, жолдағы халықпен амандасып, сөйлесіп жүреді екен. Тым болмаса аруағы разы болғыр Дінмұхамед ағадан үлгі алуға болмас па? Ол қай Батыстың басшысынан кем еді?! Кем емес, көш ілгері артық керек десең.  Тағы айтамын, Батыстың былық-шылығын емес, ұлылығын алу керек қазақ. Сонда болмайды өзгеге мазақ.

Жоғарыда айтқанымдай, жуырда жер-жердегі әкімдер мен министрлер ауысып, министр әкім болып, әкім министр болып, генерал мен спортшыға да әкім лауазымы бұйырып,   бір жасап қалды. Бес  министрлік құрылғаны тағы бар. Әйтеуір, Үкіметіміз бақайшағына дейін «қаруланып» алғанға ұқсайды.  Енді тынымсыз жұмыс істеу ғана қалды. Ел қымбатшылық құрсауында. Асты мен үсті байлыққа толы сайын дала жұрты кедейшілік қамытын киюге тиіс емес. Қалайда тығырықтан шығар жол керек. Жаңа сайланған Үкімет мүшелеріне бұл бір сын!   Небәрі  19 миллион халыққа Үкімет басшысы мен қосшыларын қосқанда және   21 министр қызмет етпек. Аз ба, көп пе, өзіңіз саралаңыз. 

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев осыдан бес жылдай бұрын: «Қазақстан экономикасында жұмыс істейтіндердің 21 пайызы шенеуніктер немесе ұлттық компаниялардың менеджерлері екен. Біздің елімізде шенеуніктер саны басқа мемлекеттермен салыстырғанда өте көп. Мәселен, Америкада – 14, Австрияда 10 пайыз. Ал 128 миллион халқы бар Жапонияда небәрі 9000 ғана шенеунік бар. Бізде 18 миллион халыққа – 100 мың шенеунік», – деп айтыпты («Жас қазақ» газеті, 15.07.2015 ж.). Одан бері сегіз жыл өтті. Халқымыз 19 миллионға әзер жетті. 

Иә, одан бері де ештеңе өзгере қоймады, бастық болғысы келетіндердің қатары азайған емес. Жапонияда бір шенеунікке 14 мың адамнан келсе, бізде бір шенеунікке 180 адамнан келеді. Бейресми статистика бойынша, еліміздегі бюджеттік мекемелерде 275 мың қызметкер, басқару салаларында 92 240 шенеунік жұмыс істейді. 

Сол 2015 жылы Үкімет қатты «қаһарланып» шенеуніктерді қысқарту жоспарын жасап бір «ерлеген».  Сарғайған газет қиындыларына қарап отырсам, 2024 жылға қарай қысқартуды 25 пайызға жеткізу көзделіпті. «Өлмеген құлға болды жаз» деп, ол күнге де жақындап қалғанымызда, бес министрлік жаңадан құрылып, барлық арман-жоспардың күлі көкке ұшты.

Ағылшын саясаткері Эдмунд Берк:  «Билік көп болған сайын, оның тәбетін қанағаттандыру қаупі де көбейе түседі», – деген екен. Кім білсін, адам болғасын жобалап, болжап айта беретін шығар... «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз», – депті Ахмет Байтұрсынұлы. Сол сөз рас. Жүсіп Баласағұн: «Бектің міндеті – халыққа құт-береке келтіру, кедейді бай ету, әділ заң орнату, халық санын көбейту» депті. Қандай қызметте болмасын жарқырап халықтың ортасында жүрсең, бұл – үлкен қасиет! Ел-жұртқа келеке, мазақ болсаң – қасірет!

Менің түсінбейтінім, (жоғарыда да айттым) билік жаңа қызметке келген шенеуніктерді оң-солын танып қалғанда ауыстыра беруге құмар. Оларға жұмыс істеуге  мүмкіндік бермейді. Бұдан кейін қандай реформа күтесің? Қандай жақсылық күтесің жоғарыдан? Шенеунік Үкіметтің сарбазы ғой, қайда жұмсаса, сонда «ұшады». Әйтпесе елге жаны ашитын, елге болсын дейтін азаматтар шенеуніктер қатарында баршылық. Тек олардың білімі мен біліктілігін пайдалану жағы бізде кемшін. Ақкөт торғай секілді ұшып-қонып жүрген шенеуніктен елге пайда жоқ, зияннан басқа! 

Меритократия деген шыққан жері, тегі мен әлеуметтік жағдайына қарамастан жоғары лауазымдарға ақылды, қабілетті әрі білікті адамдарды өсіру принципіне негізделген жүйе екені баршаға мәлім. Жастардың өскені де дұрыс. Дегенмен бұндай есептілікті әлеуметтік желіге жариялаған елдің назарын сан саққа жібереді деп ойлаймын.  Себебі, ел арасында жүрген соң, кейбір тағайындаулар меритократия болып көрінгенімен, шын мәнісіне келгенде «танысократия» болған сияқты.  Сондықтан да Әділетті Қазақстан қалыптастыру үшін әділетті шешім қабылдау қажет!

 

Қазақ екі оттың ортасында. Оны кім құтқарады?

Жоғарыда Батыстың жақсылығын тілге тиек еттім. Енді кемшілігін санамалап берейін. Біз қалайық, қаламайық, жаһандану деген тажал мысықтабандап қазақ қоғамына сіңіп барады. Ұлт болып қаламыз ба, жоқ әлде азып-тозып, жер бетінен мүлде жоғаламыз ба? Бұл үлкен сұрақ! Ел болып қалуымыз бүгінгі билік басындағыларға тікелей қатысты. Ұлтты жарылқайтын да, ұшпаққа шығаратын да, төменге құлдыратып, ұлттық болмысынан айыратын да солар. Сондықтан билік басындағы азаматтарға адасуға болмайды. Олар адасса, халықтың тоз-тозы шығады. 

Жүсіпбек Аймауытов 1918 жылы «Ұлтты сүю» деп аталатын еңбегінде былай депті:

«…Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматы көп жұрт күшті, өнерлі, білімді жұрт болып, күресте тең түсіп, басқаларға өзін елітіп отырады. Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар, әне, Германия, Жапония, Англия, Түркиялар. Олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі. Есейген соң бар білімін, күшін өз жұртының күшеюіне жұмсайды. Олардың әр адамы – мемлекеттің керегі, қызметкері…

…Қазақты тура жолға бастайтыны да, адастыратыны да – оқығаны.

Оқығанын қазақ сыйлайды, соңынан ереді, қадірлейді, сенеді.

Білімді, ақылды, жақсылықты, үлгіні, тәртіпті, ақиқатты, әділдікті, қызметті оқығандардан күтеді.

Оқыған – қара халықтың шырағы (идеалы), бұқарасы сонша қадірлегенін оқығандар білу керек. Халыққа қызмет қыла білмеген, үлгі, шырақ болуға жарамаған оқыған халықтың ықыласын қайырады, көңілін шығарады.

Халықты өзінен алыстатады, өсек арқалайды, пайдасы артық тимейді.

…Ақтығында айтпағым: оқығандар өзін-өзі тәрбие қылу керек.

Қара халықтан жиренбей, жақын жүріп, сырласып, мұң-мұқтажымен таныс болып, өзі ұлтын сүюге, халыққа өзін сүйгізуге жиһат қылуы керек.

Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек. Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды.

Қазаққа аюдай ақырған шенеунік табылуы оңай, ерінбей-жалықпай, бақырмай-шақырмай іс бітірген, терісі қалың, көнбіс, табанды қызметкер табылуы қиын.

Қазаққа зор кеуде ақсүйектің, ақша жегіш жалтырауық шенеуніктің, сұлу сөзді, құрғақ бектің керегі жоқ.

 

…Оқығандар!

Бұл уақыт – жан тыныштық іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт.

Ойланыңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз, олай болмаса, мойнымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр».

«…Оқығандар! Бұл уақыт – жан тыныштық іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт». Бұл әлі күнге құнын жоймаған аманат. Билік, аманатқа адал бол!

  Мүмкін енді елу, бәлкім, жүз жылдан кейін өзге қалыпқа ауысармыз. Басқа кейіптегі елге айналармыз. Салт-дәстүрге негізделген дүниелерді тек мұражайдан ғана көрерміз. Қорқынышым осы! Жаһандануға қарсы тұрар иммунитет көре алмай тұрмын көп қазақтан. Ең сойқаны әлемді уысында ұстап, қаржыны қадағалап  отырған сатанистер  ғаламды «ұршықша иіріп», құдайсыз қоғам орнатуға күш салуда. Олардың жоспары дамыған Батыста жақсы жүзеге асуда. Бір жыныстылардың отбасын құруына заң шығарылды. «Бостандық», «адам құқы» деген желеумен, әйелге де, еркекке де еркіндік берілді. Тең құқылы. «Азаматтық неке» жай нәрсеге айналды. Жастар уақытша бас қосып, бір-бірін түсінбей жатса, ажыраса салады. Бұл ұят болудан қалғалы қашан. Оларда сексендегі кемпір жиырмадағы жігітке үйленсе, қалыпты жағдай. 

Ең сорақысы қыз балалар абыройын сақтаса, таңғалатын деңгейге жетті олар. Казино мен барлар жын ойнақтың мекені болып, неше түрлі жыныстық аурулар медицинаға бой бермей барады. Азғындықтың апарған жері сол – демографиясы күйреді. Батыс «қартайып» барады. Оны өздері де ашық мәлімдеп жатыр. Франция алжирліктерге,   Германия   түріктер мен  Сириядан  ауған  арабтарға толы. Дамыған Батыс пен Америка сатанистердің қолжаулығына айналып барады. Билік басында көгілдірлер көбейгені ашық айтылуда.  

Мұның бәрі Абай данышпан айтқандай, «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» дегеннің кебі. Батысқа тамсана берудің түк те қажеті жоқ. Әрине, олардың жақсылығын, демократиялық бағытын, даму жолындағы ғылымы мен білімін алу керек шығар, бірақ тұтастай көшіріп аламыз деу қате пайым. Қазақ – ұлттық болмысымен, ғажайып құндылығымен қазақ. Осыны бір сәт естен шығармауға шақырамын. Әсіресе ел билеп отырған шенеуніктер шынымен ұлтқа жаны ашыса, ойланатын мезгіл жетті. Мені толқытатын дүние көп. Мысалы Жапонияда ажырасқан адамды мемлекеттік қызметке алмайды екен. Өз отбасын басқара алмаған адам мемлекетке қызмет қыла алмайды дейді. Бізде ше? Өте көп. Олар халықты басқарып отыр... Еліміздегі жағдай қазір тым ауыр. Себебі құдайсыз қазақ көбейіп барады. Бұл жақсылық нышаны емес. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген бабалар тәмсілі. Дамыған елдердің бәрі де тылсым күшке шексіз сенеді. Заңдары қуатты. Содан да болар, елдері де, халқының жүздері де шуақты. Ал біздің қазақ екі оттың ортасында тұр.  Қымбатшылық пен жемқорлық та бір бүйірден қысып тұр. Қайтейін, бұдан да жаманында тойға барған қазақты өзің сақта, ей, Алла! Үмітсіз шайтан ғана. Келешектен күдер үзбейік!

 

СӘУЛЕ МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, 

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

 

21.09.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 60
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 585
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 700
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 614
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 623

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8760
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8159
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11388
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9142
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10372