Бір жарым ғасыр тарихы бар ару қала Ақтөбе

Бір жарым ғасыр тарихы бар ару қала Ақтөбе

28 мамыр – еліміздің батыс өңіріндегі ең үлкен, әрі ең көрікті қала – Ақтөбенің іргесі қаланған күн. Осыдан 153 жыл бұрын дәл осы күні Елек пен Қарғалы өзендерінің қосылысқан жерінде «Ақ төбе» деп аталған әскери бекінісінің негізі қаланған. Ару қаланың сол кезден басталған бір жарым ғасырдан бергі тарихы – жаңа да жарқын парақтармен толығып, уақытпен бірге дамып келе жатқан бай шежірeге айналғаны айқын. Бүгінгі Ақтөбе – еліміздің экономикалық локомотивіне айналған, руханияты мен мәдениеті, өркениеті дамыған, болашақта миллион тұрғыны бар мегаполиске бет алған мәртебелі шаһар. 153 жылдық тойына осындай жетістіктерімен келген ару қала бүгінде мереке құшағында... 

 

 

Қала күні бірнеше күн тойланады

Қала тұрғындары туған жердің тойын жұмыла өткізбек. Бүгінде шаһардағы барлық саладағы ұжымдар қала күнін атап өтуге дайындық жүргізіп жатыр. Ақтөбеліктер бұл мерекені төрт күн қатарынан атап өтпек.   

– 26 мамырда Әлия Молдағұлова даңғылы мен Әбілқайыр хан даңғылының қиылысынан Тұңғыш Президент атындағы Орталық саябаққа дейін бәйге аттарының шеруі ұйымдастырылады. Мұнда 30 шабандоз қаланың бас даңғылы бойымен жүріп өтеді. 27 мамырда жөндеуден өткен мәдени орындар қайта іске қосылады. Олардың бірі – «Алақай» қуыршақ театрының ғимараты. Бұрынғы тарихи-өлкетану музейінің ғимараты біраз жылдан бері бос тұр еді. Бүгінде жөнделген ғимаратқа Ақтөбе қалалық орталық кітапханасы көшіп жатыр. 

28 мамырда ипподромда облыс әкімінің жүлдесіне арналған аламан бәйге мен көкпар турнирі өтеді. Бас жүлдеге «Нива» автокөлігі тігіліп отыр. Жүлдегерлерге ат спорты жанкүйерлерінің демеушілігімен ақшалай сыйлықтар беріледі. Бұл маңда сол сәтте сауда жәрмеңкесі де ұйымдастырылады. 27-28 мамырда кешкі сағат жетіден тоғызға дейінгі аралықта тұрғындар қаланың 14 ашық алаңында қалалық және аудандық өнерпаздардың «Ақтөбе – алтын бесігім» атты мерекелік концертін тамашалай алады. 29 мамырда тұңғыш Президент атындағы саябақта таңғы сағат сегізден он бірге дейін жүгіруден қалалық марафон өтеді. 5, 10-25 шақырым қашықтыққа жүгіруге 1200 адам өтініш білдірді. Осы күні кешкілік Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионда «Жұлдызды футбол» атты жолдастық кездесу өткізілмек. Мұнда «Ақтөбе жұлдыздары» мен «Спарта Астана» клубы кездесіп, әдемі ойын көрсетеді деп ойлаймын. Төрт күн бойы өтетін мәдени-спорттық шаралардың мақсаты – ақтөбеліктерге мерекелік көңіл күй сыйлау, – дейді Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айбек Көпенов. 

Қаланың туған күнінде ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақтағы шаралар кешкі сағат 19.00-де басталады. Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониясы мен қалалық мәдениет үйінің шығармашылық ұжымдары «Ажарлы өлкем – Ақтөбем» атты бірлескен мерекелік концертін Ақтөбе қаласының туған күніне арнайды. 

Осы уақытта сахна мен тутұғыр айналасында Networking ашық сұқбат, караоке клуб, балалар, жастар, балалар шығармашылығы секілді секцияларға бөлінген алаңдар жұмыс істейді. Сондай-ақ саябақта қылқалам шеберлері мен фотосуретшілердің «Келбетті қалам – Ақтөбе!» атты көрмесі өтпек. 

Ақтөбенің туған күніне арналған түнгі концертте отандық эстрада жұлдыздары «Садраддин», «AlZaBi», «Kalifarniya», «Меховая 8/1» тобы, «Ақтөбе» вокалды-аспаптар ансамблі өнер көрсетіп, соңы мерекелік отшашуға ұласады. Одан соң DJ Ibragimoff ойын-сауық бағдарламасын ұсынбақ. 

 

 

Қала көшелерінде – жаңа қоғамдық көліктер

Ақтөбедегі өзекті мәселелердің бірі – қоғамдық көлік мәселесі. Қала аумағы үлкен болғандықтан, қоғамдық көлік мәселесінің ұдайы күн тәртібінде тұратыны –заңдылық. Өңір басшылығы бұл мәселені үнемі назарға алып отырады. 

Оның бір дәлелі – жақында Ақтөбе қаласының қоғамдық көлік саласына төртінші тасымалдаушы компания келді. Жаңа компания —  «Akzhayik Avtopark» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әзірге қала көшелеріне 18 жаңа автобусын шығармақ. Жаңа тасымалдаушы компанияның жұмысымен облыс әкімі Оңдасын Оразалин мен қала әкімі Асхат Шахаров танысты.

– Біз Қостанайда құрастырылған Yutong маркалы 18 жаңа автобус әкеліп, оны 40, 51 және 52-бағыттарға қостық. Әр автобус 80 адамға лайықталған. Автобустар барлығы ыңғайлы, заманауи. Пандустармен, бейнекамералармен және кондиционерлермен жабдықталған. Әзірге бір айға іссапарға өз жүргізушілеріміз келді. Болашақта жергілікті мамандар жұмысқа алынады. Негізі, біздің компанияда маман даярлауға, әсіресе жүргізушілердің жолаушылармен қарым-қатынастағы мәдениетіне, тәртіпке жоғары мән беріледі, – деді жаңа тасымалдаушы компанияның директоры Қалман Қуантай айтты.

Жаңа автобустар нөмірі 40, сондай-ақ, бұрын 52 нөмірімен жүрген 51-ші маршрутқа қызмет көрсететін болады. Нөмірдің өзгеруіне қарамастан, маршруттың қозғалыс сызбасы өзгеріссіз қалды. 

Сонымен бірге облыс, қала басшылары шаһардағы тасымалдаушылардың бірі –  «Автопарк» ЖШС-нің жұмысымен, алдағы жоспарларымен танысты. «Автопарк» ЖШС-ның ресми өкілі Руслан Жылқамановтың айтуынша, мекеме 23 жаңа көлік сатып алған. Оның 8-і – сыйымдылығы үлкен (108 жолаушы сиятын) «ЛиАЗ 526595» маркалы автобустар («Daewoo Bus Kazakhstan» өндірісі). Мұндай бір автобустың құны – 62 млн теңге тұрады. Тағы да 15-і – Ресейден алынған сыйымдылығы орташа (61 жолаушыға шақталған) «Вектор Next» ПАЗ маркалы  автобусы. Оның әрқайсысының құны – 35 млн теңге.  Көліктерді кәсіпорын несие арқылы алған.

«Автопарк» ЖШС бірнеше рет қала әкімдігіне қоғамдық көлік паркін үнемі жаңарту бойынша өзіне алған барлық міндеттемелерді орындайтыны туралы уәде берді. Бұл үшін қала әкімдігі өткен жылы тасымалдаушы компанияларды субсидиялау мәселесін шешкен болатын. 

Кәсіпорын инвестицияларының жалпы сомасы 1 миллиард теңгеден асты. Жақын арада көлік тіркеліп, жол ақысын төлеудің электрондық жүйесімен жабдықтап болған соң, халыққа қызмет көрсете бастайды.

– ЛиАЗ маркалы жаңа автобустарды №2 маршрутты жаңартуға бағыттаймыз, өйткені Есет батыр тұрғын алабы қаланың халық тығыз орналасқан елді мекендерінің бірі.  Ал «Вектор Next» Паз автобустарын №16 және №25 маршруттарына шығаруды жоспарлап отырмыз. 

Қала тұрғындарынан автобустардың нашар жүретінін жиі естиміз. Біз мұндай шағымдардың екі себебі бар деп білеміз. Біріншісі –  жүргізушілердің, екіншісі – автобустардың жетіспеушілігі. Әрине, бірнеше жыл қатарынан көлік паркін жаңартпағандықтан, автобустар бізге әлі де қажет. Егер субсидия осылай тұрақты берілсе, автопаркті үнемі жаңартып отыруды жоспарлап отырмыз. Бірақ ең маңызды мәселе –жүргізушілердің болмауы. Бұл ең алдымен жаңа ережелерге байланысты. Қазір «D1» санаты енгізілгенін білесіздер. Ал мұндай санаты бар адам 4 жыл өзге көліктердің жүргізушісі болып жұмыс істеуі керек, содан кейін ғана оған автобус жүргізушісі болуына рұқсат етіледі, –  дейді Руслан Жылқаманов.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин тасымалдаушы компания басшыларына жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз етуді тапсырды. 

–  Қала халқының саны жылдан-жылға өсіп келеді. Сондықтан қоғамдық көлік қызметімен қамтамасыз ету мәселесі де күн тәртібінен түспей, үнемі бақылауда болады. Бұл салада халыққа сапалы қызмет көрсету үшін жан-жақты, жүйелі жұмыстар жүргізілуі қажет. Мысалы, міндетті түрде мемлекеттік тілде ақпарат беру, халықпен сыпайы қарым-қатынас жасау секілді мәселелер де ұмыт қалмауы керек, – деді облыс басшысы.

Өңірде тасымалдаушы компанияларды субсидиялау мәселесі шешімін тауып отыр. Қалада жеті санаттағы аз қамтылған азаматтарға қоғамдық көлікте жүру үшін жеңілдіктер қарастырылған. Оңдасын Оразалин қоғамдық тасымал саласы кәсіпкерлер үшін тиімді, әрі тартымды болуы керектігін айтып, оларға қолдау көрсетілетінін, ал тасымалдаушы компаниялар өз кезегінде халыққа сапалы қызмет көрсету керектігін айтты.

 

Әкімдік пен урбанистер арасындағы меморандум

Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров «Қазақстанның Q88 урбанистер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен кездесті. 

Урбанистермен кездесуге қала әкімінің орынбасарлары Сергей Ли, Дамир Кубенов және ТКШ, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің басшылары қатысты. 

«Қазақстанның Q88 урбанистер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлан Аукенов және қауымдастық мүшелері Роман Шнайдерман, Лаура Бигалиева ұйымның қызметі, жүзеге асырылған жобалар туралы айтып, қалаға жүргізілген талдау нәтижелерімен бөлісті.

Сондай-ақ қалалық инфрақұрылым, саябақтар, скверлер, аллеялар мен спорт алаңдарын қайта құрудың көрнекі мысалдарымен тұсаукесерлер ұсынылды. 

Урбанистер стандартты дизайн бойынша жасыл аймақтарды жобалау кезінде жіберілген қателіктерді атап өтті. 

– Еліміздің көптеген қалаларындағыдай, Ақтөбеде де қоғамдық кеңістіктерде сәулет пен қоршаған ландшафт үйлесімінің жоқтығы байқалады, — деді  сарапшылар.

Тұсаукесерде олар веложолдарға арналған маршруттарды, алаңдарды, саябақтарды жайластыру мысалдарын, сондай-ақ қаламыздың климатына сәйкес келетін өсімдіктердің түрлерін көрсетті. 

– Қауымдастық қызметінің басым бағыттарының бірі – Қазақстан қалаларында урбандалудың озық тәсілдерін енгізу.  Біз Ақтау, Атырау, Ақкөл, Павлодар, Шымкент, Тараз, Семей, Қапшағай қалаларының қоғамдық кеңістіктерін трансформациялау бойынша жобалар дайындадық. Әзірленген тұжырымдамалар аталған қалалардың әкімдіктеріне таныстырылды. Ұсынылған жобалардың бір бөлігі іске асырылу сатысында. Біздің тұжырымдамалық тәсілдемелеріміз Ақтөбе қаласын трансформациялау үшін үздік урбанизациялық қағидаттарды енгізуді көздейді, –  деді Қауымдастық төрағасы Ерлан Аукенов. 

Өз кезегінде қала әкімі Асхат Шахаров қалада екінші жыл ескі қоғамдық кеңістіктерді жаңарту, жаңа скверлер салу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын және биыл қаланы абаттандыру бойынша бірнеше жоба іске асырылатынын атап өтті. 

– Қалалық орта тұрғындарға қолайлы болуы үшін біз урбанистика саласындағы мамандардың ғылыми-талдау жұмыстарына жүгінуіміз керек. Қала тез дамып келеді. Біз бұрынғы стандартты дизайн бойынша жобалау заманауи талаптарға сәйкес келмейтінін көріп отырмыз. Сондықтан сіздердің тәжірибелеріңіз біздің жобаларымызды сапалы жүзеге асыру үшін қажет, –  деп қорытындылады қала әкімі. 

Шара соңында Ақтөбе қаласының әкімдігі мен «Қазақстанның Q88 урбанистер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.   

Айта кету керек, аталған қауымдастық өкілдері қала белсенділерімен және кәсіби мамандармен кездесу өткізіп, Қазақстан аумағын кешенді дамытудың жаңа стандарттарын таныстырды және алдағы уақытта Ақтөбе қаласының дамуын жұртшылықпен талқылауды жоспарлап отыр.

 

Жасыл желегі жайқалған шаһар...

Ақтөбе қаласы айналасында жасыл белдеу құру, саябақ аймақтарын дамыту, ақтөбеліктердің демалуы үшін қолайлы жағдай жасау – қала басшылығының алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Ал климаты қуаң, жасыл желек үшін онша қолайлы емес өңірде жасыл белдеу құру –тыңғылықты зерттеуді қажет етеді. 

Мамандардың айтуынша, көгалдандыруға топырақтың тұздануы және жауын-шашынның аздығы кедергі келтіреді, бұл күрт континенталды климатқа байланысты, сондықтан қаланың көгалдандыруға бөлінген барлық учаскелерінде топырақ қабатын зерттеу қажет. Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров 

қаланы көгалдандыру мәселелерімен айналысатын алматылық мамандармен кездесуде осыны талқылады. Жмында тәжірибелі мамандар жасыл желектерді күтіп ұстауға қатысты өз зерттеулерімен бөлісті. 

– Жалпы, көгалдандыруға топырақтың тұздануы және жауын-шашынның аздығы кедергі келтіреді, бұл күрт континенталды климатқа байланысты. Сондықтан қаланың көгалдандыруға бөлінген барлық учаскелерінде топырақ қабатын зерттеу қажет. Ақтөбенің климаты қуаң, жасыл желек үшін өте қатал,  сондықтан көшеттерді таңдағанда бірнеше параметрлерді ескеру қажет. Отырғызылатын көшеттер құрғақшылыққа және тұзға, аязға төзімді болуы керек және су ресурстарының тапшылығын ескере отырып, суды мүмкіндігінше аз тұтынатын талдарды еккен дұрыс, –  деді қалаларды көгалдандыру бойынша тәжірибелі мамандардың бірі –Алматы қаласы аграрлық университетінің профессоры Бұлқайыр Мамбетов.

– Соған қарамастан, саябақ аймақтарын дамыту, ақтөбеліктердің демалуы үшін қолайлы жағдай жасау – қала басшылығының алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Қала аумақтарын көгалдандыру –  жеңіл процесс емес. Бұл – біздің ұйымдастыруымызды қажет ететін міндеттің бірі. Сонымен қатар, бұл процеске топырақ құнары мен өсімдіктерді зерттейтін мамандарды тарту өте маңызды. Олар бізге жасыл белдеу құруға бағытталған жұмысымыз бойынша ғылыми ұсыныстар береді. Олардың зерттеу нәтижелерін күзгі ағаш отырғызу кезінде пайдалануды жоспарлап отырмыз. Ашықтықты қамтамасыз ету үшін барлық жұмыс барысын әлеуметтік желілерде жариялайтын боламыз, – деп түйіндеді Асхат Шахаров.

Айта кетейік, Ақтөбеде жасыл белдеу құру, қалалық қоғамдық кеңістікті көгалдандыру үшін зерттеу жұмыстарын Қазақстанның басқа қалаларын көгалдандыру бойынша мол тәжірибесі бар «КазГипроЛесхоз» компаниясы ұсынатын болады. Бұл кездесуге  «КазГипроЛесхоз»ЖШС қызметкерлері Әлім Бөкейханов, Махамбетқали Кәрімов, Алматы қаласы аграрлық университетінің профессоры Бұлқайыр Мамбетовтер қатысты. 

 

Ойын алаңдары көбейеді

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің ұйымдастыруымен Ақтөбедегі тұрғын үй алаптарының аулаларында балаларға арналған 50 балалар ойын алаңы мен 50 жаттығу (street workout) алаңы, 5 баскетбол және 5 футбол алаңы салынады. Сонымен бірге қаламызда жыл соңына дейін 5 дене шынықтыру және сауықтыру кешені бой көтермек.

– Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған гимназияның, Ақжар-2 ауылындағы №45 орта мектептің және Жаңақоныс орта мектебі маңында салынатын кешендердің құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Қалған екі кешеннің жобалық сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Бұл жерде басымдық әсіресе, Жаңақоныс, Бауырластар, Ақжар-2, Өрлеу секілді Ақтөбеден бөлек орналасқан елді мекендерге берілмек. Себебі кездесулерде  осы ауылдың тұрғындары балаларға арналған ойын алаңдары мен спорт кешендерін сұраған болатын. Айтпақшы Астана мен Алматы аудандарының тұрғындары қазір «Халық қатысатын бюджет» жобасына белсенді қатысып, өздерінің ұсыныс-тілектерін білдіріп, көшелерін асфальттап, ойын алаңдарын да салғызып жатыр, – дейді Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айбек Көпенов. 

 

 «Ақтөбе қаласының ең үздік ауданы» байқауы басталды

Ақтөбе қаласының әдемі келбетін қалыптастыруға қала тұрғындары да үлес қоспақ. Биыл шаһарда алғаш рет ең үздік аудан таңдалатын болады. Қаладағы  Алматы мен Астана аудандарындағы аулалардың тазалығы өз алдына тұрғындардың креативті идеялары да бағаланады. Қала келбетін көріктендіруге арналған байқау бірнеше номинация бойынша өтеді. 

Астана ауданы әкімінің орынбасары Алмас Жақсылықовтың айтуынша, байқауға қала тұрғындары, жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ ұйымдық-құқықтық нысандар да қатыса алады. 

– Ақтөбе қаласы әкімінің Қаулысына сәйкес, шаһарды абаттандыру мен көгалдандыруды одан әрі жақсарту үшін қаламыздағы аудандар арасында «Ақтөбе қаласының ең үздік ауданы» байқауы басталды. 

Байқаудың мақсаты – біздің аудан тұрғындарын өз қаласына, ауласына көңіл бөліп, таза ұстауға үндеу. Осы жолда жарқын үлгі көрсетіп, нағыз аула жанашырларын марапаттау арқылы басқаларды да шабыттандыру. Сонымен қатар, мұндай байқау жас ұрпақтың экологиялық тәрбиесіне де оң әсер етері сөзсіз. Бүгінде байқауға қатысуға өтініш берген тұрғындар тазалық жұмыстарына мейлінше ден қойып, бұл іске жұмыла кіріскені қуантады, – дейді ол. 

Байқаудың жазғы кезеңі 7 номинация бойынша өтеді. Олар: «Үздік көппәтерлі тұрғын үй ауласы», «Көгалдандырылған көппәтерлі тұрғын үй ауласы», «Ең абаттандырылған кәсіпорын мен ұйымның аумағы», «Үздік гүлзар», «Үздік аула сыпырушы», «Жеке үйді үздік безендіру және абаттандыру» және «Тұрғындардың белсенді қатысуымен құрылған үздік спорт нысаны». Ал қысқы кезең «Кәсіпорын мен ұйымның ең үздік қысқы аумағы», «Көппәтерлі тұрғын үйдің үздік қысқы ауласы» және «Сауда және қызмет көрсету кәсіпорындарының үздік қысқы витринасы» номинациялары. 

Үміткерлерден өтініштерді қабылдау шілде айына дейін жалғасады. Байқаудың аудандық кезеңі 20 шілдеге дейін жалғасады. Іріктелген қатысушылар 15-30 тамыз аралығында өтетін қалалық кезеңге жолдама алады. Әр кезеңнің қорытындысы бойынша, аудандық кезеңде 30 мыңнан 150 мың теңгеге, ал қалалық кезеңде 40 мыңнан 500 мың теңгеге дейін қаржылай сыйлықтар қарастырылған. 

М.ТАБЫН, Ақтөбе қаласы
26.05.2022

Ұқсас жаңалықтар

АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 71
САУРАНДА 1,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАСЫНА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 46
 САЙРАМ АУДАНЫНДА АГРОСАЛАДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 108
САРЫАҒАШТА «АЛТЫН КҮЗ-2024»  МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 43
 САУРАНДА ЖЫЛЫНА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМСАҚ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 109
МАҚТААРАЛДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АУЫЛ БАРЫСЫ» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 34
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 71
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 217
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 222
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 436
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 399

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9093
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8492
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11719
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9485
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10700