Бір жұтым су бермей зарлатқандар үкіметке де, әкімге де, сотқа да бағынбайтындары қалай?

Бір жұтым су бермей   зарлатқандар  үкіметке де, әкімге де, сотқа да бағынбайтындары қалай?

Бәтима есімді оқырманымыз осыдан біраз уақыт бұрын бізге хабарласып, жанайқайын жеткізген болатын. Кейін хабарсыз кетті. Жақында  редакциямызға қайта келіпті. Жүзінде мұң бар, әбден қажығаны байқалады. Қолында бір бума құжаты бар екен. Ол ашпаған есігі, бармаған мекемесі қалмағанын  ашына айтты.

Бәтиманың есімі төлқұжатында басқаша болып шықты. Патия Халикова. Төлқұжат жасаушылар жаңылған. Ол өзінше бөлек мәселе. Басты мәселе дәл үйінің жанындағы ұңғымадан (скважина) үй ішіне, малына, егініне су ала алмай қиналып қалғандары болып тұр. Ол зар мен мұң бір күн емес, ондаған жылға созылған. Зарлап қалғандардың саны біршама. Істің бүге-шүгесіне үңілейік. Патия-Бәтима Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Дардалты ауылдық округіндегі Арасан учаскесінде тұрады. Күйеуі Халиков Бахавдун Ауған соғысына қатысқан, 2 топтағы мүгедек, «Бахрам» шаруа қожалығының төрағасы. Отағасы науқас болғандықтан негізгі барлық жұмыс Бәтиманың мойнында. Екеуінің тағы бір мүгедек баласы бар екен. 

Халиковтардың отбасы 1979 жылдан Шонжы-Қалжаттың 51 шақырымында тұрып келеді. Үйлерінің жанындағы ыстық сулы бұлақты шаруашылықтарына пайдаланатын. Жер асты №1598 скважинасының суын бүкіл ауыл адамдары тегін ішіп, қызығын көретін. Скважина ортақ меншікке жататын-ды. 

2009 жылы аяқ астынан осы ұңғымаға Алматы қаласының тұрғыны Тұрсынғали Қасымжанов деген адам қожайын болып шыға келеді. Басқа-басқа, тіптен ұңғыманың төңірегінде тұрғандардың рұқсатынсыз жур туралы құжатты жасап алған. Тіпті куәлікке өзінің екі жақын  адамын тартыпты. (хаттамада есімдері бар). Бұған аудан әкімшілігі және басқа мемлекеттік заңды орындар қаулыға қол қойып, осы жер учаскесін 49 жылға уақытша жалға пайдалануға болады деп Т. Қасымжановқа құжат жасалған. 8 сотық жерді иеленген ол суды пайдалануда өзінің заңын жүргізе бастайды. Бұрын ұңғыма суын еркін пайдаланып отырғандарға енді 30 мыңнан 80 мың теңгеге дейін төлемақы белгілейді. Әйтпесе су берілмейді. Ал төлемегендерге түбіртек таратылмайды. Су қожайынының бұл әрекеті ҚР су кодексінің 3 тарау 8 бабында айтылғанына қарама-қарсы, яғни заңды белінен басты.

2014 жылы Т.Қ.Қасымжанов бұл жер учаскесін жекеменшігіне аударып алады. Сөйтіп сол кездері ұңғымасымен қосып Алматы қаласының тұрғыны Мангутов Рафатқа сатады. Әрине, ол да Қасымжановтың саясатын жалғастырады. Жаңа қожайын Р.Б.Мангутов бұл жерге ешқашан келген емес. Ол Түркменстанның азаматы Алиджанов Хайдаржанға сенімхат береді. Енді суға осы шетелдің азаматы үстемдік етеді.

Міне осындай заңсыз әрекеттер Бәтиманың арқасына аяздай батады. 

– Алиджанов та суға төлемді заңсыз қойды. 2021 жылы ол «Қашгар» саноторийіне заңсыз жолмен су құбырын жүргізеді. Есесіне бізге келетін су тоқтады. Қазір насос аппараты, құбырымызды қақаған аязда ажыратқан кезде мұз болып қатып қалды. Менің скважинаны пайдалану жөніндегі №1598-ші арнаулы құжатым бар, – дейді ол ашынып.

– Оларды сотқа бердіңіздер ме? 

– Әрине, бердік. 2017жылы Ұйғыр ауданы әкімшілігінің өзі Мангутовты сотқа берді. Адвокаты келді. Үш рет болған сот отырысына Мангутовтың өзі келмеді. Ол келмеген соң сот нақты шешім шығарған жоқ. Содан соң аудан әкімшілігі тағы да Мангутовты облыстық экономикалық сотқа берді. Тағы да екінші тараптан ешкім келмеді. Үш рет болған сот отырысына екінші тараптан ешкім келмеген соң, онлайн сот шешім шығармады.

– Сонда қалай, Мангутов деген мықты сотты да, әкімшілікті де мойындамай ма өзі? 

– Мойындамағаны ғой. Кейде мен ойлаймын, бұл өзі қолдан жасалған спектакль ме деп... Әділдік біз жақта. Оны прокуротура да, сот та, әкімшілік те мойындап отыр. Бірақ нақты шешім шығармайды. Мен соны түсінбей далмын. 

–  Тағы да қай жерлерге шағымдандыңыз?

– Бармаған, шағымданбаған жеріміз жоқ десе де болады. Ұлттық экономикалық министрлігіне де хат жаздық. Өткен жылы 5 желтоқсанда осы министрліктегі  Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің бастығы Арман Сағымбековтың өзі келіп, жасалып жатқан әділетсіздікке таң қалды. «Бәрі шешіледі!» деп кеткен. Әлі хабар жоқ. Алматы облысының бұрынғы әкімі А. Баталовқа да кірдік. Оның бізді жақтап, әділдікті орнатқан ресми хаты, мінеки! Өкінішке орай бір аптадан соң Баталов орнынан алынды. Оның хаты күшін жойды. Содан соң Баталовтың орнына келген облыс әкімі Қ. Бозымбаевтың қабылдауында болдық. Облыстық «Жетісу» арнасы тікелей телекөпір жасап түсірді. Әкім біздің жағдайымызбен танысқан соң сол жерде «бізге су берілсін» деген үкімін айтты. Әзірге одан да қайыр болмай тұр. Ресми хатымызды әкімнің орынбасары алып қалған. Одан кейін Ұйғыр ауданының әкіміне кірдім. Ол әлі бір шешімге келмей отыр. Содан облыстық мәслихаттың депутаты Ақжолтаева Әлияға бардым. Ол мұнда өзі арнайы комиссиямен келіп, танысып тексерді. Әділдік біздің жақта екенін зерттеген соң, суды қосатын болды. Қуандық. Бірақ әлі де одан нәтиже болмай тұр. Антимонополиядан да басқа құзырлы органдарда хаттарым жатыр. Мен әбден шаршадым. Денсаулығым нашарлады. Әсіресе мүгедек күйеуімнің жағдайы одан сайын нашарлап, орнынан тұрмай қалды. Көмектесіңіздерші бізге! Қазір де бізде су жоқ. Сусыз өмір қандай болатынын жақсы білесіздер ғой. Биылғы жылдан бастап сенімхат Нұрзинова Аделат деген кісіге берілді. Ол да жаңа талап қойды. «1 кубқа 18 теңгеден төлесеңдер су беремін» дейді. Ал ол бір айға 150-170 мың теңгеге шығады. Оған келіспейміз ғой! 

Бәтима сөзін аяқтап, жылап жіберді. Шынында да ойланарлық жағдай екен! Министрлікке, облыс, аудан әкімшілігіне, сотқа бағынбайтын бұл не деген мықты адам? «Кәсіпкерлікке жағдай жасалынып жатыр» деген жалған ақпар болғаны ма сонда? Бір жұтым суға зар қылып қойған адам неге жазаланбайды? Әлде осының бәрі Бәтима айтпақшы қойылып жатқан жасанды спектакль ме? Депутат та, әкім де, сот та, тіптен біз де аң-таңбыз. Қазір      Президентіміз «Жаңа Қазақстан» құрамыз деп жар салып, барлық жерде әділдіктің салтанат құруына пәрмен беруде. Қайда сол орындалып жатқан заң? Әлде бәрі тек сөз жүзінде қалмақ па?  Бәтима сияқты жазықсыз  қарапайым ананы әуре-сарсаңға салып, зар илетіп, жылатып қойғандарға ешкімнің шамасы жетпейтіндей не құдірет бар? Бұл мәселенің шешімі табылатын күн туа ма өзі? Сұрақ көп... Осы іске қатысы бар жандар мен тиісті орындар өздерінің жауаптарын беріп, нүктесін қояр деген үміттеміз...

 

Шаргүл Қасымханқызы
24.02.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 244
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 240
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 742
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 865
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 778

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8935
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8329
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11557
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9314
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10541