Орталық алаңда өткен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде облыстың 10 ауданы мен Тараз қаласының 80-нен астам тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынды.
1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесіне орай ұйымдастырылған жәрмеңкеде 12,2 тонна ет (жылқы, сиыр, қой және тауық еті), 3,0 тонна шұжық пен 5,6 тонна сүт өнімдері, 6 мың дана жұмыртқа, 0,5 тонна кондитерлік өнімдер мен 3,4 тонна макарон өнімдері, 0,4 тонна тұз, 3,2 тонна балық, 6,0 тонна ұн, 2,6 тонна бал және 17,8 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері төмен бағада сатылды.
Мәселен, жылқы еті - 2600, сиыр еті - 2400, қой еті - 2300, сүт өнімдері түрлеріне қарай 270-1000 теңге және жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері 100-350 теңге аралығында саудаланды.
Байзақ ауданынан келген «Дәурен» шаруа қожалығының басшысы Маралбай Наурызбековтің айтуынша мұндай жәрмеңкелер өз өнімдерін делдалсыз, тікелей халыққа сатуға көп септігін тигізеді екен.
- Себебі, біздің өнімдеріміз ешқандай қоспасыз, табиғи таза өнімдер. Ал, мұндай өнімдер ешқашан халықтың сұранысын төмендетпейді - дейді қожалық басшысы.
Ал, қала тұрғыны Мадина Нұрлыбекқызы «Мұндай жәрмеңкелер біздің қалтамызға өте қолайлы. Мысалы, пияздың келісін – 130 теңгеден алсам, сәбізді бен картопты – 100 теңгеден сатып алдым. Басқа сауда дүкендеріне қарағанда мұндағы баға едәуір тиімді. Сондықтан мұндай жәрмеңке жиі болып тұрса біз тек қуанамыз», - дейді.
Жәрмеңкеге арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек және Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков бағаның тұрақтылығын бақылап, шаруалармен тілдесті.
Қолжетімді бағаға азық-түлік алып, жәрмеңкеге көңілдері толған шаһар тұрғындары ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді.