Осыдан біраз жыл бұрын жаңа форматқа ауысып, өзге қайырымдылық акцияларына қарағанда оқушыны материалдық-әлеуметтік жағынан қамтудан көш бастаған «Мектепке жол» акциясы Алматы қаласы Жетісу ауданындағы №148 мектеп-гимназиясында да үлкен қолдауға ие болып келеді. Ізденімпаз әрі білімді шәкірттері көп мектеп-гимназиямызға Гүлмира Әбітай басқарған «Қарекет» қайырымдылық қорынан 45 спорттық киім бөлініп, аталған киім-кешек көпбалалы аз қамтылған отбасына таратылды. Қайырымдылық бұнымен тоқтаған жоқ. Әлеуметтік педагог пен мектеп басшылығы арасында оқу жылы соңында акцияның қоры мен жоспары талқаланды. Көмекке зәру көпбалалы және жағдайы орташа отбасылар жаңадан есепке алынды. Биылғы жылы жалпы міндетті оқу қорынан тұлдыр жетім және күнкөріс деңгейі төмен көпбалалы аз қамтылған отбасылардан шыққан 200 оқушыға 35 мың теңге мектеп формасына және 8000 теңге оқу құралдары (кеңсе тауарлары) әр оқушыға 43000 теңгеден жалпы сомасы 8 млн 600 мың теңге бөлінді. Бұл бұрынғыға қарағанда биылғы нарықты, қымбатшылықты және әлеуметтік жағдайды есептеп қарастырып реттеп жатқанын әр отбасы түсінуі керек. Сондай-ақ, көмекке зәру отбасыларға қолын ұшын созып, аталған шараға бірауыздан атсалысып келе жатқан ауданымыздың кәсіпкерлері мен ауқатты ата-аналарына алғысымызды айтқымыз келеді. Бұл тұрғыда демеушілер атынан екі-үш оқушыға молынан көмек берілгенін айта кеткен артық болмас.
Иә, жыл сайын игі дәстүрге айналған осындай акция қаншама отбасыға үміт пен шуақ сыйлайды. Мұның өзі «оқимын, жетемін, жетілемін» деп отырған әр шәкірттің, талабы қанаттының өзіне шын қуаныш! Ендеше, осындай сабақтастық жоғалмай, қайырымдылықтың қатары көбейе берсін дейміз!
P.S. «Мектепке жол» акциясы арқылы кәсіпкерлермен қатар жекелеген адамдар, компаниялар да қайырымдылық көрсете алады. Жаңа оқу жылына әр баланың жаңа киіммен, көтеріңкі көңіл күйде барғаны жақсы болғанымен, бұған мүмкіндігі жетпейтіндер аз емес. Қамқорлық жасаудан сіз де қалыс қалмаңыз!