Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл – Мәңгілік елдің ұлы тарихы» атты салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік шарада университеттің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушыларды ұлы мерекемен құттықтап, егемен еліміздің гүлденуіне өз үлестерін қосқан бір топ ғалымдар мен қызметкерлерді марапаттады.
Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесіне орай Жәңгір хан университетінің ғылыми-инновациялық саладағы жетістіктері сараланған мерекелік кеште жоғары білімнің үлгілі үрдісін қалыптастыру мақсатында жұмыла еңбек етіп жүрген университет ұжымының және республикалық, халықаралық, әлемдік деңгейдегі білім бәйгелерінде, спорттық додалар мен шығармашылық байқауларда оқу орнының намысын қорғап, биік белестерді бағындырған студенттердің еңбегі бағаланды.
Алдымен баяндама жасаған ардагер-ұстаз, философия ғылымдарының докторы, профессор Тілекжан Рысқалиев 30 жылдық белесіндегі Қазақ елінің өткен тарихына шолу жасап, бүгінгі жеткен жетістіктерге тоқталды. Бұдан соң құттықтау сөз алған университеттің басқарма төрағасы-ректор Асқар Мырзахметұлы: – Халқымыздың дархан көңілі мен кең пейілі әрдайым да жақсылыққа жетелеп келеді. Егемендігіміздің арқасында ой-санамыз өзгерді, салт-дәстүріміз жаңғырды, рухани құндылықтарымызбен қайта қауыштық. Тарихымызды түгендеп, дініміз бен тіліміз, мәдениетіміз бен әдебиетіміз өркендей бастады. Соның ішінде білім мен ғылым саласында оң өзгерістер орын алып, жаңа технологиялар қолданысқа енгізіліп, қарқынды даму үстінде, – деді. Осы ретте білім мен ғылым саласында жемісті еңбек етіп жүрген бір топ профессор-оқытушылар мен қызметкерлерге ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін, Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығының «Құрмет грамотасын» және Батыс Қазақстан облысы әкімінің алғыс хатын табыстады.
Салтанатты шара барысында оқытушылар мен қызметкерлер университет ректорының атынан Құрмет грамотасымен және алғыс хаттармен марапатталды. Ал тәуелсіздік құрдастары «Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университеті» қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымының арнайы алғыс хаттарын иеленді. Сонымен бірге үздік, белсенді студенттерге де университет басшылығы алғыс білдірді.
Ұлы мерекеге арналған салтанатты іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасты.