Биыл 1986 жылғы Желтоқсан көтерлісіне – 39 жыл. Бүгінгі күнге дейін Желтоқсан көтерілісі мектеп оқулықтарында «Желтоқсан оқиғасы» деп жазылып келеді. (Қараңыз: Қазақстан тарихы; 9-сынып; Алматы. «Атамұра». Авторлары Б.Ғ.Аяған, М.Ж.Шаймерденова. Қазақстан тарихы; 8-9 сынып; Алматы. «Мектеп». Авторлары Қ.Өскембаев, З,Сақтағанова, Ғ.Мұхтарұлы).
Әдетте, репортерлер «жол оқиғасы орын алды» т.б. деп хабар беріп жатады. Ұлттың тапталған ары мен намысын қорлау, ұрып-соғу, жаппай жазалау шараларын жүргізу, ұлтты кемсіту де оқиға болып па? НӘН-нің ықпалымен қалыптасқан авторитарлық жүйеде, Желтоқсан көтерілісінің шындығы мен бағасы осылай болып тұр.
КСРО тарихында 1960 жылдардың ортасы мен 1980 жылдардың басындағы кезең тарихқа «тоқырау кезеңі» атауымен кірді. Сірә, бұлардың «тоқырап жүргендері» әкімшілік-басқару аппаратында партиядағы орын ауыстырулардың өмірлік лауазымдарға айналуы болса керек. Әйтпесе, сол жылдары КСРО халқы, оның ішінде Қазақ КСР-і де алдағы жылдармен салыстырғанда әлеуметтік, экономикалық жағынан (кемшілігі де жетерлік) біршама табыстарға жетті. Идеологияда өзіміз түсінбейтін коммунизммен «уландық». Бұл – Кеңестік жүйені ұлықтау емес, сол тұстағы болмыстың ақиқаты солай. Шындығында, КСРО 80-жылдардан бастап тоқырай бастады. Сол жылдары КСРО-да жоспарлы экономиканың жыртығын жамап келген сыртқа мұнай-газ сату күрт құлдырады. Қысқасы, биополярлық жүйе КСРО-ның көрін қазып жатқан.
Біздер, кеңестік идеологияның шарықтап тұрған шағы «тоқырау жылдары» өмірге келген, Ленин «ата» бейнесін кеудеге мақтанышпен қадап «алданған» ұрпақпыз. Алдансақ та, ашаршылықты білмесек те, жаппай қуғын-сүргінді көрмесек те, «Күн көсемді» ту еткен құдіретті партияның өзі Ұлттық Намыс пен Ұлттық Рухымызды өшіре алмаған ұрпақпыз.
Біз қатарластардың сол тұстағы қазақ әдебиетімен сусындамағаны өте сирек. І.Есенберлин, М.Мағауин т.б. өз шығармаларында мәдениеттің озығы орыспен шектелмейтінін, Ұлттық Намыс пен Ұлттық Рухтың асқақтығын тұспалдап та, тікелей де жеткізіп жатты. «Жармақ» жазылмаған, «Көк мұнар» т.б. жазылған. Кеңестік (жұмысшы мен шаруаның кеңесіп шешетін-мыс) жүйе өз идеологиясын тықпалап, Алаш рухын өшіруге тырысқанымен, дегендеріне жете алмады. Көркем шығармалардағы астарлы ойлар, ата-әжелеріміздің сыбыр сөздері де ұлттық намысымыздың ішкі рухпен үйлесім табуына ықпал етіп, Ұлттық Рухтың шектеулі ұғымдардан биік екенін сезіндіріп, ішкі рухани мүмкіндіктерімізді сақтауға жәрдемдесті. Қазақ деген ұлттың ұрпағы екенімізді санада айғайлап тұруын таңбалады. Сол тұстағы ата-аналарымызға мың тағзым, біздер, 60-70 жылдардағы демографиялық жарылыстың арқасында қаулап өскен намысты ұрпақпыз.
Бізді, алаңға намыс алып шықты. Көтерілдік. Алматы жастары тұтас көтерілді. Ақиқаттан аттамайық. Желтоқсан көтерілісін «тотаритарлық режимге қарсы тұрып, тәуелсіздікке ұмтылды...» т.т. дейтін пафосқа толы сөздер шындыққа жанаспайды. Дәл сол тұста, «партияның жойылуы», «тәуелсіз ел болу» санамыздан алыстау болатын.
Желтоқсанда жастарды Алаңға магниттей тартқан Орталықтың әділетсіз әрі өктем әрекеті, ұзақ жылдар қордаланып қалған ұлттық намысымызды таптатпау рухы алып шықты. Шешуші сәтте ұлттың тағдырын айқындайтын Кеңестік идеология емес, ішкі рух екені бой көрсетті. Ұлттың, ұлттық кемсітушілікке деген жан жарасын сезіну реакциясын, тас қабырғаның беріктігі де тоқтата алмайтынын, Желтоқсан көтерлісі қайтпас рухтан асқан құдіретті күш жоқ екенін паш етті.
Сол күндері, саяси еркіндік, шынайы мемлекеттік дербестік деген ұғымның селкеу сәулесі санамызға ұшқын түсірді. Селкеу сәуле лаулай келе, «біз біреулерден кембіз бе?», «еркіндік деген не?» деген сұраққа жауап іздеуге мәжбүр етті. Жастар санасында ұлттың өзін-өзі тану ұғымы шарпысып жатты. Сұрақ дегеніміз – ойлау. Ойлау дегеніміз – адамның (танудың) өзіне-өзі сұрақ қойып, оған жауап іздеу процесі. Сол ізденістерден, «Тәуелсіздіктің» мәнісін түсінбесек те, «еркіндік, теңдік, кемсітушілікке жол жоқ» ұғымдарының қандай да бір ішкі құбылыспен байланысқан сезімдерімізді алға жетелегені хақ.
Желтоқсан талай жанды жылатты. Қасіретке батырды. Қадыр Мырза Әлидің «Иірім» кітабында «Қайсар, ештеңеден тайынбайтын нағыз адамның жылағанын көрдім. Иә, иә, жылағанын! Желтоқсан оқиғасынан кейін бір күні маған Қасым ағамыз телефон соғып:
– Сенімен жолыққым келеді! – деді. Ол мені Жазушылар одағында күтетін болды. Сол уәделі жерде кездестік. Оңаша бөлмелердің бірінде отырып сөйлестік. Әңгіме басталар-басталмастан ағамыздың еңкілдеп тұрып жыламасы бар ма! Неге? Не үшін? Не болып қалды? Түсінсем бұйырмасын!
– Қасеке! Қасеке! – дей берем. – Сабыр! Сабыр! Не болып қалды! – дедім не істерге білмей.
– Аямады ғой, аямады. Шырқыратып сабады ғой жастарды! Көрдім! Өз көзіммен көрдім! Бәрін де көрдім! Бәрін де! Бірақ дәрмен жоқ. Түк істей алмадым. Өйткен партизандығым құрысын! Фашистердің өзі олай қорлай алмап еді! Қорлатпап едік! Бұлар қорлады!»... «Өксіп-өксіп жылап шығып кетті». Солай. Батырды да жылатты.
Озбыр жүйе не істемеді? Қолдан келгендерінің бәрін істеді. Бастысы, рухты халқымның Намысы мен Рухын өшіре алмағаны ақиқат. Менде сол намыстың бір ұшқынымын деп айтсам, артық кетпеспін деп ойлаймын. Алаңда жүргенде шүйдесіне тас тиіп, мұрттай ұшқан жігіттің екі аяғын иығыма салып, бас жағын басқа жігіттер көтеріп тас баспалдақпен көтерілдік. Ойымыз: «Қырасыңдар ма, мынау не сұмдық?» – деп айтқымыз келген. Тығыз топтасқан солдаттардың соққысына шыдас бермей, еріксіз шегіндік. Еңіске қарай екпіндегенде, әлгі жігіттің басы жігіттердің қолынан сусып кетіп, екі аяқ иықта, тесілген шүйде тасқа соғылып келе жатты. Бұны сезіну тым ауыр еді. Қаумалаған жастар көмектесіп жүріп «жедел жәрдем» көлігіне салдық. Біреулер «ауруханаға апару керек» деді, қайсыбірі «апармау керек, сотталады» деді. Сол кезде-ақ ол қырылдап өлім аузында жатқан.
Сол жігіт боздақ Ербол Сыпатаев екенін кейін, ойламаған жерден білдім. Айнабұлақта тұрған жылдары үйде аздаған жөндеу жұмыстарын жүргізгенбіз. Көмектескен жігіттермен Желтоқсан көтерілісі туралы әңгіме өрбіген. Алаңда көтерісіп жүріп, шүйдесі тесілген азаматты «жедел жәрдемге» салғанымызды, киген киімі, көмескі тартса да еміс-еміс есте қалған бейнесін айттым. Сонда, есімін ұмыттым (оқысаң, хабарлас), аласа бойлы бұйра бас жігіт (футболды жақсы ойнайтын): «Ой, ол Ербол ғой! Менің сыныптасым. Иә, иә, шүйдесі тесіліп, қайтыс болды ғой!..» – деді. Өздері Жаркентке апарып жерлепті. Әйтпесе, оның Ербол екенін де білмейтінмін.
Желтоқсан көтерілісіне – 40 жыл! Қасіретіміз бе, қасиетіміз бе? ...Біраз жыл бұрын, Сәтбаев пен Желтоқсан көшелерінің қиылысында қазақ жастарының рухына елеусіз бір ескерткіш қойылған. Көше қиылысы, өте қолайсыз жер. Жұтаң ескерткіш. Сіз ол жерден Алматыдан кейін орын алған Баку мен Тбилисидегі көтерілістерге қойылған, аза бойыңды қаза қылатын мемориалды кешенді ескерткіштердің елесін де көре алмайсыз. Қаралы күй ойнамайды. Немерем «Ата, «Желтоқсан желі» әуені неге ойнап тұр?» – деп сұрамайды. Кешенді ескерткіш ұлттық рухты сезіндіру ғана емес, арғы-бергі тарихыңды еске түсіріп, ұрпағыңды Қазақ атын иеленген ұлттың бір бөлшегі ретінде сезіндіру үшін, билік өз қатесінен үлгі алуы үшін жасалады. Билік тарапынан қолға алынып, Желтоқсан көтерілісінің 40 жылдығына көтерілер деп үміттенеміз. Құдіретті билік жылу жинатпас. Жылу – жетім-жесірге. Ұлттық құндылықты насихаттау – ұлтқа қызмет.
Енді «Желтоқсан желі» тоңдырмасын! Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!
Ғ.Д.ІРГЕБАЕВ,
тарихшы,
Алматы қаласы














