Бұл шараға бәріміз қатыссақ қана әділдік орнайды

Бұл шараға бәріміз қатыссақ қана әділдік орнайды

«Жаңа Қазақстан – қарқынды түрде өзгеріп жатқан әлемде ұлттық бірегейлігімізді нығайтудың жолы. Жаңа Қазақстан ұғымын сан-саққа жүгіртіп, бұрмалауға болмайды. Азаматтардың бәрін ортақ іске жұмылдырмайынша, мемлекеттік аппарат та, қандай да бір саяси шешімдер мен экономикалық тетіктер де елімізді жаңартуға қауқарсыз. Жаңа Қазақстанды құру үшін жеке және қоғамдық құндылықтар жүйесін толығымен реформалау қажет»

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

 

Нұр-Cұлтан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы Журналистер клубының ұйымдастыруымен «Жалпыхалықтық плебисцит: жаңа мүмкіндіктер мен даму болашағы» тақырыбында ашық диалог жиыны өтті. Жиынға ҚР АҚДМ «Қоғамдық келісім» РММ директоры Ғалымжан Құсманғали, «Abai tv» телеарнасының директоры Азамат Кеңесұлы, сарапшылар: журналист Амангелді Құрмет пен саясаттанушы Самат Нұртаза, басқа да журналистер, блогерлер мен Нұр-Сұлтан қаласы этномәдени бірлестіктерінің өкілдері қатысты. Сонымен қатар ел аумағындағы этно БАҚ өкілдері ZOOM-конференция арқылы онлайн қосылды.

Жиын барысында қатысушылар ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген, 5 маусымда болатын, ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу референдумына халықтың жұдырықтай жұмылып, қатысу мәселесін талқылады.

Жиынның «беташар» сөзінде АҚДМ «Қоғамдық келісім» РММ директоры Ғалымжан Құсманғали келешек жаңа бастамалар мен жаңа бағыттарға бетбұрыс жасауға мүмкіндік туып тұрған тарихи сәттің маңыздылығына тоқталды. – Президент ұсынған реформалар – ел өмірінің барлық саласын қамтитын кешенді жоспар. Сол себепті ол өзгерістерді өмірге енгізу бәріміздің, яғни әрбір Қазақстан азаматының атсалысуын қажет етеді. Әр қазақстандықтың пікірі ел тағдыры үшін маңызды. Референдум сияқты саяси тетіктің 27 жыл өткеннен кейін қолданылуы, алдағы уақытта қабылданатын шешімнің тарихи маңыздылығын тағы да бір мәрте айқындап отыр,- деді Ғалымжан Құсманғали. Сондай-ақ Ғалымжан Құсманғали ҚХА Журналистер клубына жаңа төраға  –  «Abai tv» телеарнасының директоры Азамат Кеңесұлының тағайындалғанын айтып, ассамблеяның қазіргідей өзгерістер кезеңіндегі рөлінің қалай болатындығы жөнінде де жоспарларымен таныстырды. – Бұл отырыс ассамблеяның өзімен қатар, құрылымдарының да, оның ішінде журналистер клубының да жұмысын жаңа форматқа көшірумен тікелей байланысты. ҚХА жанындағы журналистер клубының мақсаты – этносаралық татулықты нығайтып, журналистік этика қағидаттарын қалыптастырып, жауапкершілікті күшейту үшін республикалық және өңірлік БАҚ-тың өкілдерінің, атап айтқанда, журналистердің, блогерлердің, сарапшылардың күш-жігерін бір арнада тоғыстыру, – деді «Қоғамдық келісім» директоры.

Ал Саясаттанушы, сарапшы Самат Нұртаза: – «Сарап» эксперттік клубы еліміздің барлық өңірлеріне барамыз. Өскеменде, Петропавлда болдық. Көп адамдар референдумның не екенімен шаруасы жоқ. Бірақ халық референдумға түгел баруы керек. Қазіргідей геосаяси жағдай аумалы-төкпелі болып тұрған уақытта, әсіресе қаңтар оқиғасынан кейін, біз, бірлігімізді, саяси белсенділігімізді таныту үшін референдумға қатысуымыз керек. Қазір барлық елдерде билік бір қолда шоғырланып, жоғарғы билік күшейіп жатыр. Ал Қазақстанда бұл бірегей бастаманың ерекшелігі – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз билігін халықпен бөлісіп отыр. Сондықтан бұл мүмкіндікті пайдаланып, біртұтас ынтымағымыз бен ауызбіршілігімізді көрсетіп, демократия мен либерализмге қарай қадам жасауымыз керек, – деді. 

Жиын барысын қорытындылаған клуб төрағасы Азамат Кеңесұлы: – ҚХА Журналистер клубының алғашқы жиыны референдумға арналып отырғанын мен жақсылыққа балап отырмын. Өйткені, алдағы конституциялық реформалар ҚХА жұмысын да қамтиды. Сәйкесінше, реформалар ҚХА құрылымдарын да, оның ішінде Журналистер клубын да қамтиды. Сондықтан да, бұл шара – Жаңа Қазақстан құру бағытындағы жаңа қадам, жақсылықтың бастауы деп  санаймын, – деді.

Осы орайда Азамат Кеңесұлы «Қоғамда «Ассамблея таратылсын» деген көзқарас қалыптасты. Сондай-ақ қазір жасыратыны жоқ халық қандай да бір ақпаратты қазақша естігісі келеді, бәрін қазақша тыңдағысы келеді, биліктің қазақша тіл қатқанын қалайды, жиын, басқосулардан, уәдеден жалыққан. Сондықтан ассамблея жанындағы журналистер клубы халықпен тіл табысуда қандай тәсілге жүгінбексіздер?» деген сұрағымызға: – Өкінішке қарай қоғам қазақ тілді, орыс тілді болып екіге бөлініп кетті. Референдумға дейін уақыт өте аз қалды. Бірақ ҚХА жанындағы журналистер клубы тарихи маңызды оқиғадан тыс қалмайды. Ал қазақ тілінде ақпарат таратудың механизмі, алгоритмі министрліктерде жасалып жатыр. Негізгі мәселе – халықтың сенім мәселесі. Президентіміз халықтың мұң-мұқтажына құлақ асатын мемлекет деп жайдан жай айтып отырған жоқ. Халық мүддесіне қазірдің өзінде жұмыс істеп жатыр. Ата заңымыздың шын мәнінде халықтың игілігі үшін жұмыс істеуі үшін арнайы баптар енгізіліп жатыр. Сол мүмкіндікті қолдан шығарып алмауымыз керек. Тағы бір, біз, мойындауға тиіс бір мәселе, қалайық, қаламайық – мемлекет құрушы халық қазақ, мемлекеттің тілі қазақ тілі. Бұл тарихи процесс. Уақыт өткен сайын қазақтың тіліне, мәдениетіне, руханиятына деген сұраныс арта береді. Уақыт реттейді. Ал ассамблеяның мақсатына келер болсақ, бұрынғы қалыптасқан таптауырын көзқарасқа тойтарыс бере отырып, полиэтникалық мемлекет болудың идеологиялық жағынан артықшылығы көп. Осы ерекшелігімізді өз пайдамызға жұмыс істетуіміз керек. Біздің журналистер клубының жұмысын қайта құрып, қоғамда алтын көпір болып, арадағы кедергілерді, бөгеттерді алып тастамақ ниеттеміз. Сондай-ақ идеялас адамдардың басын қосып, біртұтастық идеясына қызмет етсек деп отырмыз, – деп жауап берді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Қазақстан құрудың алғышарты ретінде халықтың араласуымен еліміздің Конституциясын реформалау арқылы, заң мен әділдік салтанат құрған демократиялы, азаматтық қоғам қалыптастыруға бағытталған алғашқы қадам жасады десек, артық айтқандық емес. 

 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
19.05.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 194
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 188
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 697
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 820
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 733

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8889
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8284
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11512
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9268
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10496