Қазіргі қазақ тілінің дамуына аударма әдебиет, былайша айтқанда, аударма тілі елеулі әсерін тигізіп отыр. Бұл әсердің күші әсіресе мерзімді баспасөзден айқын көрінеді. Осы тұрғыдан алғанда ана тілімізді таза сақтау, оны байыту жолында баспасөзіміз зор рөл атқара алады. Бұл істі баспасөздің өзінен бастау керек десек, қателесе қоймаймыз. Өйткені жақсы мағынада айтылатын аударма тілімен қатар баспасөзге теріс әсерін тигізіп, тілімізді шұбарлап жүрген «үлгілер» де аз емес. Күнделікті газет нөмерінен немесе басылып шыққан кітап беттерінен мынадай сөз тіркестерін оқығаныңда қатты налисың: «олар міндеттің биік дәрежесінде тұр»; «есіңізде болсын, біз сізге елеулі түрде үміт артамыз»; «өзімнің қайран қалғанымды білдірмеске шыдай алмай отырмын»; «бұрыңғы шешімдердің орындалуына қол жеткізбекшісіз бе?»; «Өкілі болып табыласыз ғой»; «барынша сақ түрде»; «ауылшаруашылығын одан әрі дамыту үшін»; «зор өрлеу үстінде»; «тағдырдың еркіне тасталды»; «Польша мен Чехословакияны азат етуге бастама салынды»; «халықтың аз бөлігін құрайды» т.б. Кейбір жолдастар қазақтың бірлі-жарым төл сөздерін де бұрмалап қолданады: аспаз деудің орнына аспазшы, диқан деудің орнына диқаншы, шаштараз деудің орнына шаштаразшы, куә орнына – куәгер деп жазады.
Әрине, мұның бәрі – өнер ретіндегі, творчество ретіндегі аудармадан түк хабары жоқ, тек калька жасауды ғана білетін немесе қазақ тілінде материал әзірлегенде орысша ойлап отырып жазатын адамдардың қаламынан шыққан «үлгілер». Егер калькадан безіп, шын творчестволық аударма жасайтын болсақ, «с большим подъемом» деген тіркесті «қызу жігермен» немесе «ынта-ықыласпен» деген сөздермен беруге әбден болады, бұдан тұпнұсқа мағынасының дәлдігіне ешбір нұқсан келмейді. «Дальнейшее развитие сельского хозяйства» деген орысша тіркесте «дальнейшее» деген сөз тұрғандықтан «әрқашан да», «одан әрі» деген сөздерді қолданамыз, ал бұлардың қиыспай тұратынын, сондықтан орысша тіркестің мағынасын «ауылшаруашылығын өркендете беру» деген сөздермен дәл беруге болатынын ойлап жатпаймыз. Егер тұпнұсқаның сыртқы формасына таңылып қалмай, оның дәл мағынасын қазақша жаттық тілмен беру мақсатын көздейтін болсақ, онда «өкілі болып табыласыз» дегенді «өкілісіз», «елеулі түрде үміт артамыз» дегенді «үлкен үміт артамыз», «барынша сақ түрде» дегенді «асқан сақтықпен», «осындай түрде» дегенді «осылайша» деп алғанымыз дұрыс емес пе?!
Калька деген аударма емес!
Калька деген нәрсе ешқашан да аударма тәсілі ретінде танылған емес және де танылмайды да. Калька дегеніміз белгілі бір сөз тіркесінің, сөйлемнің, түрлі фразеологизмдердің, ғылыми формулалар мен анықтамалардың бір тілден екінші тілге аударылған дәл көшірмесі, басқаша айтқанда түпнұсқа формасының екінші сөзбе-сөз қайталануы. Кальканы өте-мөте керек ететін техникалық ғылымдар мен жаратылыстану саласын былай қойғанда, жалпы әлеуметтік-экономикалық және әсіресе көркем әдебиет саласында калька бойынша жасалған аударма үлгілерінің әжетке жарайтындары кемде-кем. Түпнұсқа мен аударма формасының үйлесуі, дәлме-дәл келуі, сөйтіп, жаңа нұсқаның барша жұртқа танылып, тілімізге енуі кальканың жарамдылығын көрсететін өлшем бола алмайды. Тілдегі мұндай құбылыс жұртшылық қабылдаған нұсқаның аударма жасалған тілдің талаптары мен нормаларына сәйкес келетінін ғана дәлелдейді. Сондықтан дәлме-дәл аудару деген ұғым мен калька жасау деген ұғымның екеуі екі басқа нәрсе. Алғашқы ұғымның мәнісі – тұпнұсқаның мазмұны мен рухын екінші тілде ғылыми тұрғыдан дәл беру, яғни сол тілдің талаптарына сәйкес келетін адекватты аударма жасау деген сөз. Мұндай творчестволық іске жан-жақты білімі, керек десеңіз, дарыны бар адамдар ғана жарайды. Ал мұндай қабілеті жоқтар әрқашан да калькаға жүгінеді, яғни тұпнұсқаны тұрған қалпында екінші тілге көшіре салады. Осы күні баспасөзде кездесіп жүрген рабайсыз, сөлекет тіркестер – осындай калькашылардың «туындылары».
Калька жасау жолымен орыс тілінен қазақ тіліне ауысқан азын-аулақ нұсқалар, атап айтқанда, «балықшы балықшыны алыстан көреді» (кулик кулика видит издалека), «ештен кеш жақсы» (лучше поздно, чем никогда), «көздің қарашығындай сақтау» (беречь как зеницу ока), «лай судан балық аулау» (ловить рыбу в мутной воде) сияқты фразеологиялық тіркестер жарасымды, қонымды болғандықтан тілімізге сіңіп кетті. Бірақ, қайталап айтайық, калькадан туған нұсқалардың дені қазақ тілінің нормаларына қайшы келетіндіктен, бейне егін ішіндегі арам шөп немесе сау тәндегі өлі ет сияқты, сұмпайы көрініп тұрады. Нашар мағынадағы аударма тілі әсерінің тағы бір көрінісі кейбір газеттерде, радио мен телевизия хабарларында «жұмыстың қандай формасы болмасын», «есеп жасалынды», «шаруашылықтың табысы есептелінді», «партия ұйымының кемшіліктері көрсетіп отырылды», «осындай жұмыс істелуі тиіс» деген сияқты теріс тіркестер қолданылып жүр. Бұлардың теріс болатын себебі, тіркескен сөздердің нұсқалары әдеби тіліміздің нормаларына қайшы келеді.
«Жұмыстың қандай формасы болмасын» деген тіркес «какая бы ни была форма работы» деген орысша нұсқадан, яғни көзсіз калька жасаудан келіп шыққан. Ал әдебиетшілеріміз бен журналистеріміздің дені қазақ тілінде ежелден қалыптасқан «жұмыстың қандай формасы болса да (немесе болсын)» деген дұрыс нұсқасын қолданады. Сондай-ақ «жасалынды», «есептелінді», «отырылды» деген сияқты етістік формалары ауызекі сөзде айтылғанымен, баспасөзде тек қана «жасалды», «есептелді», «отырды» деген нұсқада қолданылуы керек. Тілді жақсы білетін адам «істеуі тиіс» деп айтпайды да, жазбайды да. Өйткені міндетті, борышты тиіс, тиісті деген түйінділердің алдында тұратын жөнеу сөз әрқашан да барыс жалғауда болуы керек: «орындауға міндетті», «атқаруға борышты», «істеуге тиіс» (тиісті) т.б. Қазіргі кезде кең өріс ала бастаған, әсіресе радио мен теледидар хабарларында жиі кездесіп жүрген шалағайлық – «жоспар 20 процентке орындалды», «табыс екі есеге артты» деген сияқты сөз тіркестері. Бұл ретте «20 процент орындалды», «екі есе артты» деген жөн емес пе?!