Атырау өңіріне «Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» атты республикалық ақпараттық экспедициямен келген қоғам қайраткері, «Qazaqstan dauiri» газетінің бас редакторы, «ЕлАна» қоғамдық қорының президенті Сәуле Мешітбайқызының сапары өңірдің өндірістік әлеуетін ғана емес, қоғамның рухани ахуалын, еңбек адамының орнын, жастар тәрбиесі мен ұлттық құндылықтар мәселесін кеңінен қамтыды. Ел анасының іссапары ел ішіндегі нақты жағдайды көзбен көріп, көңілмен түйсініп, халықтың тынысын сезіну мақсатында ұйымдастырылған мазмұнды сапар болды.
Өндіріс өрісін кеңейткен ұжым
Сапардың алғашқы күні-ақ Сәуле Мешітбайқызы Жұмысшы мамандықтары жылы аясында «Жігермұнайсервис» ЖШС-нің өндірістік базасына арнайы барып, еңбек адамдарының күнделікті тіршілігімен, өндірістің ішкі тынысымен танысты. Мұнда мұнай-газ жабдықтарын жөндеу мен дайындаудан бастап, кен орындарын игеру, металл конструкциялар мен стандарттан тыс техникалық құрал-жабдықтар өндіру жолға қойылған. Кәсіпорынның тарихы да терең. Ол кеңес дәуіріндегі «Ембімұнайгаз» АҚ-ның өндірістік қызмет көрсету орталығы негізінде қайта құрылып, 2000 жылдың 25 желтоқсанында қазіргі атауымен жұмысын бастаған. Бүгінде кәсіпорын 100 пайыз жекеменшікке тиесілі, ірі бизнес субъектісі, аймақ экономикасына елеулі үлес қосып отырған өндіріс ошағы.

Соңғы жылдары компания қаржылық саясатта ұтымды бағыт ұстап, тұрақты өсімге қол жеткізген. «Жігермұнайсервис» бүгінде Қазақстан бойынша бұрғылау долоттарының PDC үлгісін шығаратын жалғыз сертификатталған өндіруші ретінде танылып отыр. Бұл өнімдер тек кәсіпорынның өз қажеттілігін емес, республикадағы көптеген бұрғылау компанияларының сұранысын қамтамасыз етеді. 300-ден астам қызметкері бар кәсіпорын заманауи жоғары технологиялы станоктармен жабдықталған, материалдық-техникалық базасы үнемі жаңартылып отырады.
Кәсіпорынның бизнесті дамыту жөніндегі директоры Таңатар Қағазов бұл мекеменің тарихын өз өмір жолымен сабақтастыра отырып баяндады. Ол еңбек жолын осы кәсіпорында қарапайым электр жабдықтарын жөндеуші слесарь болып бастап, кейін токарь, шебер, учаске бастығы қызметтерінен өтіп, бүгінде бизнесті дамытуға жауапты директор деңгейіне дейін көтерілген. Оның айтуынша, кәсіпорында жұмысшылар еңбегін бағалау мен ынталандырудың нақты жүйесі қалыптасқан. Әр тоқсан сайын цех басшылары өз қарамағындағы қызметкерлердің еңбегін арнайы әзірленген форма арқылы бағалап, ұсыныс береді. Бұл ұсыныстар комиссияда қаралып, үздік қызметкер анықталады. Ал төрт тоқсанның қорытындысы бойынша «Жыл үздігі» таңдалып, марапатталады. Мұндай жүйе ұжымда әділдік пен жауапкершілікті қалыптастырып, еңбекке деген құрметті арттырған.

Таңатар Қуанышұлы соңғы жылдары кәсіпорынның өндірістік бағыты өзгеріп, мұнай саласымен қатар тау-кен саласына бет бұрғанын да атап өтті. Бұрын мұнай саласына бейімделген екі цех қазір толықтай реконструкцияланып, тау-кен өндірісіне қажетті құрал-жабдықтар шығаруға бағытталуда. Бұл шешім бәсекелестіктің күшеюі мен нарық талабынан туындаған. Қытай мен Ресейден келетін дайын өнімдермен бәсекелесу қиындағандықтан, компания жаңа бағытта өзіндік орнын табуға ұмтылып отыр.
Кәсіпорынның тағы бір ерекшелігі – кадр даярлауға деген көзқарасы. 2016 жылдан бері дуалды оқыту бағдарламасы жүзеге асып келеді. С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті, С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжі және APEC PetroTechnic жоғары колледжімен тығыз байланыс орнатылған. Студенттер өндірістік тәжірибеден өтіп, қабілеті барлары жұмысқа қабылданады. Қазір инженерлік-техникалық бөлімдерде еңбек етіп жүрген жас мамандар – осы жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Өндірісте жүрген еңбек адамдарының бірі – Атырау мұнай және газ университетінің түлегі Жәнібек Бектурлин. Ол 2011 жылы осы кәсіпорынға слесарь болып кіріп, кәсіби білімі мен еңбекқорлығының арқасында 2016 жылы цех шебері атанған. Ол жастарға білгенін үйретіп, тәжірибемен бөлісуді өзіне жүктелген міндет екенін айтты.

– Жиырма екі жасымда жұмысқа орналасқам, қазір отыз жетідемін. Осы аралықта жетістігімнің бәрі еңбектің арқасы. Екі жыл қатарынан «Жыл үздігі» атануым да соның дәлелі, - деді ол.
Өндіріс орнын аралау барысында Сәуле Мешітбайқызы өз әсерін жасырмай, еңбек адамын көріп көңілі марқайғанын айтты. Ол қолмен ұстап, көзбен көретін өндірістің ел экономикасындағы орнына ерекше тоқталды.
– Халық арасында «бізде түк те өндірілмейді» деген сөз ауық-ауық айтылып қалып жатады. Ал мен бүгін осы цехтарға кіріп, еңбеккерлердің өз қолдарымен жасалып жатқан өнімді, заманауи станоктарда жұмыс істеп жүрген мамандарды көріп, қазақ елінің әлеуетіне тағы бір мәрте көз жеткіздім. Мұнда елдің шынайы тірегі саналған еңбек адамдары жұмыс істеп жүр, - деді ол.
Сондай-ақ ол осындай өндіріс ошақтарында жүрген қарапайым жұмысшылардың тағдыры, еңбегі қоғам назарында болуы керектігін, еңбек адамының бейнесі тек мерекеде ғана емес, күнделікті өмірде де дәріптелуі тиіс екенін атап өтті.
Сапар барысында Сәуле Мешітбайқызы өзі жетекшілік ететін қоғамдық-саяси басылымдардың негізгі ұстанымына да тоқталды. Оның айтуынша, ел аралап, өңірлерді көру, өндіріс пен ауыл өмірін көрсету – оқырманмен тірі байланыс орнатудың бір жолы. Мұндай басылымдарда еңбек адамын, өндірістегі қарапайым мамандарды көрсету – қоғамды тәрбиелеудің маңызды құралы.
Адастыратын ақпарат көп

Іссапардың келесі кезеңі «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалында өткен кездесу болды. Оған облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов, партия филиалының төрағасы Абдолла Идресов, белсенді жастар мен қоғам өкілдері қатысты. Кездесу барысында қатысушыларға халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті мен республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының таныстырылымы көрсетіліп, рухани тәрбие, ақпараттық мәдениет мәселелері еркін форматта талқыланды.

Жастармен жүздесуде Сәуле Мешітбайқызы жастарға бағыттап ағынан жарыла сөйледі. Ол өз өмір жолын мысалға ала отырып, адамның мамандықты сүйіп таңдауын, тәртіп пен еңбекке адалдықтың маңызын айтты. Ұстаздықтан журналистикаға дейінгі жолының оңай болмағанын, бірақ ешқашан кеш емес екенін, адам армандаудан, ізденуден тайынбауы керектігін ерекше атап өтті. – Мен сексенге таяп қалдым, бірақ әлі де ел аралап, жастармен сөйлесіп жүрмін. Бұл үлкендерден алған батамның, көрген тәрбиемнің, ұлттық құндылыққа деген адалдығымның жемісі, - деді ол.
Сәуле Мешітбайқызы бүгінгі қоғамдағы ең үлкен қауіп рухани жұтаңдық пен әлеуметтік желінің адам санасын билеп алуы екенін ашық айтты.

– Бір үйде отырып, бір-бірімізді телефонмен шайға шақыратын жағдайға жеттік. Бізді қазір телефон тәрбиелеп жатыр. Ал телефонда шындық та бар, жалған да бар. Ал кітап адамды адастырмайды. Кітап көкжиегіңді кеңейтеді, ойыңды тәрбиелейді, - дейді. Бұл тұста ол баспасөздің, газет-журналдың қоғамдағы рөліне де тоқталып, қағаз басылымның жауапкершілігі әрқашан жоғары болатынын, ондағы әр сөздің салмағы бар екенін меңзеді.
Сәуле Мешітбайқызы кездесуге қатысушы жастардың жас мамандар өз жолын қалай табуға болатыны туралы сұрағына кеңірек жауап беріп, әңгіме тиегін ағытты. Ол ең алдымен мамандықты дұрыс таңдаудың, еңбектен қашпаудың, қиындықтан қорықпаудың маңыздылығын айтты.

– Қиындық қашан да кездеседі. Бірақ сол қиындықты жеңе алған адам ғана шыңдалады. Еңбек адамды тәрбиелейді, еңбек қана адамды биіктетеді, - деді ел анасы.
Кездесуде сөз алған облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов та кітап оқу мәдениетінің төмендеп бара жатқанына тоқталып, ойды жүйелі жеткізу, көпшілік алдында еркін сөйлеу – оқыған кітаптың, жинаған білімнің жемісі екенін атап өтті. Ол қазіргі жастардың ақпаратты тез қабылдауға үйренгенін, бірақ терең ой мен мазмұнды сөзге қайта бет бұру қажеттігін айтты.
Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтті. Жастар әлеуметтік желідегі мәдениет, тіл, тәрбие, кәсіби бағыт туралы өз ойларын ортаға салды. Бұл диалог Сәуле Мешітбайқызы бастаған экспедицияның негізгі мақсатын айқындап берді.
Атырауда өткен бұл сапардың түпкі өзегі – еңбек адамының қадірін арттыру, ұлттық сана мен рухани құндылықты жаңғырту. «Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» деп аталуы да тегін емес. Өйткені елдің болашағы ең алдымен өз ісіне адал, жауапкершілігі бар, намысты азаматтардың қолында. Ал ондай азаматтарды тәрбиелеу – қоғамның, отбасының, білім мен ақпарат кеңістігінің ортақ міндеті. Сәуле Мешітбайқызының Атырау сапары осы жауапкершілікті тағы бір мәрте еске салған мазмұнды, ойлы іссапар ретінде есте қалды.
Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген автор және
Ерлан АЛТЫБАЕВ










