Өр суынан бүлінген «Атырау – Индер» тас жолының 44 шақырым жол жиегі жөнделуде. Жөндеу жұмыстары барысында су басқан учаскелерге қосымша су өткізгіш құбырлар салынады. – Облыстық маңызы бар Атырау – Индер автомобиль жолында көлік қозғалысына шектеу жоқ. Тас жолдың жүруге жарамсыз аумағына айналма жол салынған. Қазір 44 шақырым болатын жол жиегі мен 3 шақырым жол жабындысы қалыпқа келтіріліп жатыр. Бұл аумаққа 17 техника мен 24 жұмысшы жұмылдырылды. Аталған жұмыстарды «Атырау жолдары», «Қазақдорстрой» ЖШС жүргізуде, – деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Нұралы Әбишан. Анықтама үшін: Ойыл, Жем, Жайық өзендерінің тасуы салдарынан Қызылқоға, Жылыой, Индер, Махамбет аудандары және Атырау қаласында барлығы 25,4 шақырым жол мен 6 көпір бүлінді. Оларды қалыпқа келтіру жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.