Сәуірдің басында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде ЖОО студенттері арасындағы «Бұрымды қыз» атты Алматы қалалық байқауы болып өтті. Байқаудың мақсаты – өткен дәуірдің аманаты, көненің көзі ұзын бұрымды қолаң шаш үлгісін бүгінге дейін жалғап, ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп қалдырған Құртқа, Қарашаш, Қызжібек, Баянсұлу, Домалақ ана сынды асыл аналардың қадір-қасиетін қыздарымызға үлгі ету, ұлттық құндылықтарымызды насихаттау. Байқауға қатысушы арулар халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы жайлы берілген арнайы тақырып төңірегінде пікірлерін ортаға салды. Бұл жерде ойын еркін жеткізе білуі, сөз мәйегі мақал-мәтелдермен кестелеп, тіл байлығымен мәнерлеп сөйлеуі де ескерілді. Байқау 3 кезеңнен тұрды: 1. Сайысқа қатысушы қыздардың шашын өлшеп, ұзындығын белгілеу. 2. «Мен қазақтың қызымын салтын сүйген» атты сұрақ-жауап кезеңі. 3. Ақтық мәре. «Бұрымды қыз» сайысының бас демеушісі «Ақ ана» рухани-сауықтыру орталығының президенті, Проскопия ғылымының академигі, этнограф-зерттеуші, Қазақстан «Сақтар рухани орталығы» кеңесінің төрайымы Байжанова Зейникамал Қаржынбайқызы бұрымды арулардың құтты қадамдарына ақ жол тіледі. Осы университеттің түлегі 87 жастағы әже Нұршаруан Түстікбаева залға шығып, бала күнінен бері өсірген 2 метр ұзын шашын көрсетті. «Шашымды ес білгелі өсіріп келемін. Шашта қасиет, кие бар, сондықтан да бұрымдарыңды кеспеңдер деп кеңес берер едім. Оны жуып, тарауда еш қиыншылық көрмедім. 6 қыз өсірдім, бәрінің де шаштары ұзын болды. Осындай әдемі қыздарды тәрбиелеген аналарыңа алғыс айтқым келеді», – деп әже ақ батасын берді. Зейникамал Қаржынбайқызы Нұршаруан әжеге қажылыққа жолдама сыйлады. Салтанатты кешті «Тұран» университеті «Журналистика және аударма ісі» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, «Ақ ана» рухани-зерттеу орталығының зерттеушісі Төлекова Гүлжан Қажымұратқызы өз мәресіне жеткізіп әдемі жүргізді. Байқаудың ұйымдастырушысы, ұлт жанашыры, қоғам белсендісі Раиса (Рабиға) Үмбетбаева. Сондай-ақ «Жусан Гарант» сақтандыру компаниясының бизнес-тренері және байқау демеушісі Көпбасарова Гауһар Жайлаубайқызы қатысушылар мен қонақтарға естелік сыйлықтар берді. Сонымен С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дің студенті Еслямбек Диляра шашының ұзындығымен (117см) алға шығып, бас жүлде 150 мың теңгені иеленді. 1сәуірде 19-ға толып отырған ару осы күні өзіне күтпеген сыйлық жасалғанына риза болды. Сандыбаева Лаура, Жансеркеева Алина, Кеңес Назерке, Қиарыстан Мерей, Молдажанова Малика, т.б. қыздар дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Кеш қонақтары Ахметова Баян, Базарбаева Маркиза, Әлима Ысқақ, Рая Есендір сияқты ардагер ұстаздармен және қаламгерлермен толықты.