28 сәуір күні ЕҰУ-дың аумағында Астана қаласы «Жастар саясаты мәселелері басқармасы» ММ, Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» ЖРО» КММ, Астана қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетімен (ЕҰУ) бірлесіп жұмыс іздеп жүрген түлғалар, елордалық ЖОО түлектері және елорда жастары үшін қалалық бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізді.
«Бос жұмыс орындар жәрмеңкесінің негізгі мақсаты жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы тікелей байланыс арқылы жұмыссыз азаматтарды, білім беру ұйымдарының түлектері мен жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу болып табылады», – дейді шараны ұйымдастырушылар. Бұл дәстүрлі шара десек, артық емес. Өйткені «Астана жастары» ЖРО» КММ-ның ұйытқы болуымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі үнемі өтіп тұрады. Былтырдан бері қарай осындай жәрмеңке бес рет ұйымдастырылып, соның нәтижесінде бас қаламыздағы түрлі мекемелер белсенділік танытыпты. Атап айтар болсақ, сол шараларға бас-аяғы 220-дан астам жұмыс беруші, 3400-ден астам жастар мен студенттер қатысып, жалпы 2250-ден астам бос жұмыс орны таныстырылған екен. Осының нәтижесінде 260-қа жуық адам жұмысқа орналасыпты.
Кезекті жәрмеңкеге 100-ден астам жұмыс берушілер келіп қатынасып, жалпы 1000-нан астам бос жұмыс орындарын ұсынды. Бұлардың арасында Қазақстан Республикасының Ұлттық Музейі, GAZ METAL SERVICE, «Электронды қаржы орталығы» АҚ, «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі», «Бизнес және даму мектебі», «RBK Bank» АҚ, «NRG Audit» ЖШС, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Тәп-Тәтті» ЖШС, «Қазақтелеком» АҚ, «Астанаэнергосбыт» ЖШС қатарлы танымал кәсіпорындар бар. Кезекті жәрмеңкеге ЖОО бітіруші түлектермен қоса өзге де жұмыс іздеушілер болып жалпы 800-ге жуық адам қатынасты.
«Астана жастары» Жастар ресурстық орталығы 21 сәуір күні Esil University мекемесінде бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізген еді. Бұл шараға 50 компания 500-ге жуық жұмыс орнын ұсынған болатын.