Дәулетбек Байтұрсынұлы, ақын: «Балалар жылы» – балапан ағашты егу секілді болу керек

Дәулетбек Байтұрсынұлы, ақын: «Балалар жылы» – балапан ағашты егу секілді болу керек

Балалар әдебиетінде өзіндік орны бар, көптеген сәтті туындылардың авторы, ҚЖО-ның мүшесі, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлымен балалар жылында атқарылып жатқан істер мен шығармашылық жөнінде әңгімелескен едік.

– Дәулетбек аға, балалар жылында қандай жұмыстар атқарылуы тиіс деп санайсыз? Әңгімені бірден осыдан бастасақ.

– «Балалар жылында» істейтін жұмыстар әрі күрделі, әрі қарапайым. Күрделі болатыны, тұтас билік ұзақ мерзімге арналған жоба, жоспар жасауға тиіс. Оның жан-жақты механизмдерін кемелдендіру қажет. Ол 2021 жылғы «балалар әдебиеті жылымен» немесе 2022 жылғы «балалар жылымен» аяқталмауы керек. Бұл отыз жылды артқа тастап «Жаңа Қазақстан» құрудың басы болу қажет. Қарапайым болатыны оны біз әдетке айналдыруға тиіспіз. Ұрпақ тәрбиесін қолға алу кәдімгі көшет отырғызу секілді. Ендігі жерде үздіксіз айналысуға, тұрақты түрде шұғылдануға тура келеді. Аталған «Балалар жылы» ес жиып, етек жабудың басы болу керек. Бұл кез келген науқандық шаралар секілді өте шығуға тиіс емес. Қаржы алдымен ұрпаққа жұмсалуға, тәлім-тәрбиеге арналуға тиіс. Білім беру мен тәлім беру қатар жүргізілуі керек. Құрылыс салынбаса да, жол жасалып ұзартылмаса да, әлемнің «алдыңғы отыз елінің» қатарына өте алмасақ та, әйтеуір ұрпақ адаспауға, бетімен кетпеуге тиіс. Өткенде бір жиналысқа бардым. «Назарбаев зияткерлік мектептер» жүйесінің басында отырған Күләш Шәмшидинова ханым «Қазағымның әдебиеті» деген тақырыпта ғылыми талқы дөңгелек үстел ұйымдастырды. Ол жиынға Қазақстанның жер-жерінен, зияткерлік мектептердің өкілдерін шақырыпты. Сол жиынға «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мүсірәлі және «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы ретінде мені де шақырды. Балалар басылымында қызмет етіп отырғанымыз үшін ескергені болар. Күләш Шәмшидинова ханым жақсы бастама қозғап отыр. Негізгі тақырып, оқушыларға не оқытамыз? Қандай әдебиет ұсынамыз?.. Балалардың білім алуымен қатар, рухани дүниесіне керекті таңдаулы әдебиеттерді іздеп отыр екен. Осы уақытқа дейін өздерінің жүйесінде қалыптастыра бастаған мектеп құшағында «жүз кітап оқу» шарасын одан ары жалғастыра түсуді көздепті. Осылайша, «Оқуға құштар мектеп» шарасын сөзбен емес, іс-жүзінде орындау. «Ұлттық құндылық» бағытында бала тәрбиелеуді жүзеге асыру. Кім не айтса да, Күләш ханымның бұл ізденісі құптарлық дүние. Мәселе «Назарбаев зияткерлік мектептердің» аясында ғана қалуға тиіс емес. Ол тұтас қоғамның күтіп отырған қажеттілігі.

Мемлекеттік бір ғана министрлікте емес, тұтас үкіметтің назары ұрпақ тәрбиесімен кедейленген рухани дүниені байытуға, қамтамасыз етуге жол ашу керек. Оқушы оқулықпен ғана шектелсе, сыңаржақтылыққа, томаға тұйықтыққа ұрынады. Хакім Абай айтқандай «Артық білім кітапта». Бала мектеп табалдырығында газет-журнал оқымаса, кітап бетін парақтамаса, есейгенде қолына кітап алуы екіталай. Кітап оқымаған, ой өрісі тар, көкжиегі келте адам дербес ойлаудан, белсенді пікір жүргізуден алыстайды. Өйткені «Кітап оқу тоқтаған жерде ойлау да тоқтайды». Ал ойлауы тоқыраған жастарды кім көрінген өз икеміне көндіріп, бұрып әкете береді.

Мемлекетімізде балалар басылымы біршама көп болғанымен, тарихы ұзақ, мектептерге өз аяғымен барып жүрген «Ұлан», «Балдырған», «Ақжелкен», «Айгөлек» және біздің «Мөлдір бұлақ» бар. Мемлекет аты белгілі саяси-қоғамдық басылымдарды қолдап, балалар басылымын ескерусіз қалдырып, «не болсаң ол бол» деп, қараса ұрпақтың оқуымен кім айналысады? Балалар басылымына қаржылай көмектесуді былай қойғанда жазылу мен жаздыруға қолдаушылық танытпайды. Осы басылымның басында отырған азаматтар «шықпа жаным, шықпа» деп табанынан таусылып ел аралап, су кешіп жүр. Мен жуырда Алматы облысының Панфилов, Ұйғыр, Кеген, Райымбек, Еңбекшіқазақ аудандарын аралап қайттым. Әкімдерге кірдік, Білім бөлімінің, Ішкі саясат бөлімінің басшыларына жолықтық. «Рухани жаңғыру», «Балалар жылының» маңызын айтып, басылымдарға жазылуға ықпал етулерін сұрадық. Сонда байқағанымыз, әр облыс жазылуға тиісті басылымдарының тізімін шығарады екен. Сол тізімге ілінген басылымдарға міндетті түрде жазылу, ал тізімде жоқ болса, ол туралы бас қатырмайтынын анық көрдік. Бесеудің үшеуі Республикалық деңгейдегі басылым (аттарын атамай-ақ қояйын), қалған екеудің бірі, Облыстық басылым, енді бірі сол ауданның газеті. Міне, жұрттың жазылуы осылай шектеліп тұр. Мектептер, мекемелерге тіке барсақ, олар өздерінің басшыларына жалтақтайды. Ұрпақ тәрбиесінен гөрі құлағының тыныш, жұмысының аз болғаны абзал. Содан соң олар «Біз жазылуға мәжбүрлемейміз» деген сылтауды көп айтады. Сонда шығып жатқан әртүрлі басылымдарды кім жаздырып алып оқиды? Ұрпаққа танымдық-тағылымдық білімдерді, пайдалы ақпаратты кім береді? Оқушылардың шығармашылығына кім өріс ашпақ? Егер бұл мәселе шешілмесе, ол бостықты интернет пен ютуб, өзге елдің топандай қаптаған аусар дүниелері, жөңкілген селі басады.  

      – Балалар ақыны, балалар жазушылары әр кезеңде керек-ақ. Бірақ қазір балаларға шын жанашыр ақын-жазушылар сиреп кеткендей ме? Бұған не себеп деп ойлайсыз?

— Кезіндегі мықты ақын-жазушылардың дені балалар әдебиетімен айналысқан. Балалар әдебиетінің атасы Мұзафар Әлімбаев ақсақал, ақындар Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза-Әлі секілді көптеген қаламгерлер балалар әдебиетіне қалам тартқан. Бір буыннан соң бір буын өсіп жетіліп отырған. Соңғы кезде осы үрдіс үзіліп қалған секілді елестейді. Оның тоқырауына себеп көп. Жалпы қоғам балаларды қараусыз қалдырды. Балалар басылымына назар аудармайды. Мысалы, өз саласы бойынша ақын Мұзафар Әлімбаев атамыздан кейін бірде-бір қаламгер мемлекеттік сыйлық алмапты. Қаламгерлердің шығармашылығына қолдаушылық танытып қаламақы беру, тұрақты түрде кітаптар шығарып отыру мүлде жоқ. Тек былтыр ғана атаулы жылға орай «Атамұра» баспасы отыз ақыннан тұратын бір томдық, өзгеде баспалар балалар жылына байланысты там-тұмдап кітаптар шығарды. Ақын Байбота Қошым-Ноғай өз белсенділігі арқылы балаларға арнап он томдық антологиясын шығарды. Ол жеткілікті ме, мектептерге жетті ме? Оны есептеп жатқан біреу бар ма? Балаларға арнайы ертегі жазатын, өлең жазатын, әңгіме жазатын, қиял-ғажайып ертегі-аңыз жазатын кәсіптік жазушылар тапшы. Аға буын азайды, сиреді. Жас буынды ынталандыратын, қозғау салатын ешбір тәсіл жоқ. Әне, сондықтан олқылықтың орнын интернет иеленді. Шетелдік ақпараттың тасқыны басып кетті.

– «Мөлдір бұлақ» журналы көп жылдан бері шығып келе жатқан, «Айгөлек», «Балдырған», «Ақ желкен» журналдары секілді өзін жақсы жағынан дәлелдеген журналдардың бірі. Қазір «Мөлдір бұлақ» журналының шығу қарқыны қалай?

-  «Мөлдір бұлақ» журналы 2002 жылы ақпан айында жарық көріпті. Биыл 20 жыл толып отыр. Республикалық «Алтын жұлдыз» сыйлығының иегері. Қазақстандағы жас зиялыларға арналған бірден-бір басылым. Осы кезге дейін қаншама газет-журнал ашылды. Олар әртүрлі себеппен жабылып қалды. Құдай оңдағанда «Мөлдір бұлақ» жиырма жыл бойы тұрақты түрде жарық көріп келеді. Бірақ бір кездегі 30000 дана таралым болған журнал, қазір 10000 дананың шамасында ғана. Себеп көп, оны айттық. Нақтыласақ, қоғамның селқостығы, мемлекеттің назарынан тыс қалуы, ата-аналардың руханияттан гөрі күнкөріс қамына ауып кеткені, журналымызға кететін жылдық 2800 теңге ақшаны ауырсыну, жазылу әуресінен қашу, интернет пен әлеуметтік желінің ығыстыруы, дер едім. Осы кезге дейін «Мөлдір бұлақты» журналист Марат Тоқашбаев, Сумейра Авжы, Раушан Каршалова, Жанастан Кучукова, Саят Қамшыгер қатарлы редакторлар шығарып келіпті.

Журнал балаларға қажетті өз міндетін атқарумен келеді. Оқушылардың шығармашылығына айрықша көңіл бөліп, олардың жазған хаттарын, тақпақтарын, эсселерін жариялаймыз. Салған суреттерін «балғын бояу» айдарымен басып отырамыз. Жасаған қолөнер бұйымдарын көрсетеміз. Істеген тәжірибелерін, ғылыми тұжырымдарына орын береміз. Тәжірибелі педагогтар мен білімді ұстаздардың ата-аналарға кеңестерін ұсынып отырамыз. Ақын-жазушылардың әдеби көркем еңбектерін тұрақты «балаларға базарлық» айдарымен алға тартамыз. Журналымыз әр жылы ерікті «жас тілшілерді» қабылдап жазуға баулиды. Олар мектеп бітіріп мамандық таңдағанда журналдың көп көмегі тиеді. Күні кеше бізге ерікті тілші болған оқушылар, бүгінгі таңда елімізге белгілі қаламгерлерге айналды. Демек, «Мөлдір бұлақ» талапкерлердің нағыз жаттығу алаңы секілді. Журналды өзіміз тыраштанып шығаруға әл-дәрменіміз жетпей қалуы мүмкін. Олай болатыны, кедергі көп, қоғам немқұрайлы, басылымға ауыздандыратын ата-аналар мен ұстаздар селқос.

– Қазіргі заманның балаларының психологиясы мүлде бөлек. Заманға сай балалар әдебиетін жаңарту керек деп ойлайсыз ба?

— Бұл күндегі балалар өткен ғасырдағы кеңестік кездің әдебиетін оқуды қаламайды. Ол шығармаларда социализмнің идиологиясы, сол заманның самалы есіп тұрады. Балаларға ондай шығарманы оқытуда артық. Сонан соң, қазіргі балалар ұзын-сонар дүниелерді оқып отырмайды. Біріншіден, уақыты жоқ. Екіншіден, жүйкесі шыдамайды. Олар бірден телефонға қол созады. Ол жерден нені іздесе, соны табады. Ол бір түпсіз шыңырау. Ендеше, сол бүлдіршіндерімізді сондай қауіпті «ортадан» қалай құтқару керек? Оған ешкім тыйым сала алмайды, жауып тастау тіпті мүмкін емес. Ендеше, сол әлемге бәсекелес, қызықтыратын, назарын аударатын балама жүйені тауып шығуымыз керек. Қызықты кітаптар, қызықты басылымдар, анау бөгде әлемді ығыстыра алатын пайдалы мультфильмдер мен ұлттық балалар киноларын эфирге шығару керек. Бұл айтуға ғана оңай, оны іске асыру үшін, өте қомақты қаржы, қыруар маман, үлкен қолдау керек. Бұл қадамға бармасақ, балаларымыз өзгелердің шылауында кетеді.

— Сұхбатыңызға рақмет

Жас Алаш
01.06.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 81
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 603
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 720
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 632
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 642

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8779
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8179
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11408
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9162
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10393