ДЕНСАУЛЫҚ – ӨМІР ӨЗЕГІ

ДЕНСАУЛЫҚ – ӨМІР ӨЗЕГІ

Халықаралық еңбек ұйымының мәліметі бойынша жыл сайын 2,3 миллионға жуық адам өндіріске байланысты жазатайым оқиғалар мен кәсіптік аурулардан қаза табады. Жыл сайын 340 миллион өндірістік жарақат алу оқиғасы және 160 миллион кәсіптік аурулар тіркеледі. Орта есеппен жыл сайын Қазақстан кәсіпорындарында 1 300-ге жуық жұмыскер зардап шегеді, оның ішінде 200-ге жуық адам қаза табады. Осы сандар арқылы қаншама адамдар жапа шегетінін, қаншама адамды жоғалтатынымызды көруге болады. Осы проблема әлі барлығымыздың түйсігімізге жетпей отыр.

Облыс бойынша былтыр өндірісте зардап шеккендердің саны 2021 жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 14 пайызға төмендеп, 6 адамды құрады. Қаза тапқандардың саны өткен жылмен салыстырғанда 4 адамға азайғанымен, жекелеген кәсіпорындарда еңбек қызметіне байланысты өндірісте жапа шеккендердің саны әлі де болса жоғары болып тұр. Мысал ретінде айтсақ, «Казфосфат» ЖШС – 10 адам, «Жамбыл электр жүйелері» ЖШС – 3 адам, «АгроКалибрСервис» ЖШС – 2 адам. Экономика салалары бойынша жарақаттанушылықтың жоғары деңгейі бұрынғыша тау-кен-металлургиялық, энергетика және химия өнеркәсібі салалары кәсіпорындарында сақталып отыр. Сонымен қатар өндірістік жарақаттанушылықтың алдын алу жұмыстарын жүргізуде Еңбек кодексінде қарастырылған еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестердің орны ерекше болмақ. Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңес жұмыс беруші мен жұмыскерлердің еңбекті қорғау талаптарын қамтамасыз ету, өндірістік жарақат пен кәсіптік аурулардың алдын алу жөніндегі бірлескен іс-қимылдарын ұйымдастырады, сондай-ақ техникалық еңбек инспекторларының жұмыс орындарындағы еңбек жағдайлары мен еңбектің қорғалуына тексеру жүргізуін ұйымдастырады. Жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің өкілдері еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестердің тезірек құрылып, толыққанды жұмыс істеуіне айрықша көңіл бөлуі қажет, мемлекеттік еңбек инспекциясы да кеңестердің барлық ұйымдарда құрылып, тиісті жұмыстарды жүргізуіне барынша көмек беруде. Жаңа Еңбек кодексінің қолданысқа енгізілгеніне 7 жылдан аса уақыт өтсе де, 500-ге жуық ұйымдарда ғана еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер құрылған, сол себепті бұл мәселеге барлық жұмыс берушілер мен жұмыскерлер өкілдерінің аса жауапкершілікпен қарағаны дұрыс болады.

Өндірісте жаңа техника мен алдыңғы қатарлы технологияларды қолдану еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, еңбек қауіпсіздігі мәселелерін ұйымдастыруды да жоғары деңгейге көтеріп, өндірістік жарақаттың азаюына әкеледі. Оның дәлелі алтын өндіретін «Алтыналмас АК» АҚ-ның Ақбақай жобасында анық көрінеді. Осы компания соңғы жылдары өндіріске жаңа техника мен технология енгізуге үлкен қаражат бөлуде. «Алтыналмас АК» АҚ Ақбақай жобасының «Ақбақай» кенішінде «Цифрландырылған кеніш» атты өндірістік процестерді толық цифрлық жүйеге көшіріп автоматтандыру жобасы іске асырылды. IT нарығындағы жаңа технологияны қолданудағы халықаралық тәжірибені зерделей отырып, дайын өнімнің өзіндік құнын 15 пайызға төмендетуге, еңбек өнімділігін арттыруға, ресурстарды тиімді пайдалануға қол жеткізуге болатын жобаны іске асыруға 4 миллиард теңге қаражат жұмсалды. Бүгінгі күнге осы жоба «Алтыналмас АК» АҚ және басқа да өндіріс орындары үшін өте өзекті және алдыңғы қатарлы жоба болып табылады, осы жобаның негізінде ISO 9001:2015, ISO 14001:2014, OHSAS 18001:2007 интегралданған жүйелерді, персоналды бағалау, сыйлық беру, персоналды оқыту және ынталандыру жүйелері енгізіліп, басқару мен өркендеудің жаңа жоғарғы сатысына шығуға болатыны дәлелденді. IT жүйесінің ең алдыңғы қатарлы тәжірибесіне сай өндірістік персонал уақыттың әрбір сәтінде (онлайн режимінде) бақыланып, оларды басқарудың сарапталған және оңтайлы шешімдері қабылдануда. Осы жобаның негізінде онлайн режимінде жоспарланған тау-кен жұмыстарының орындалуына мониторинг жүргізе отырып, негізгі көрсеткіштердің орындалуын бақылап отыруға мүмкіндік туды және персоналдың, техниканың жұмысы тиімді ұйымдастырылуда. Жоба бойынша онлайн режимде әрбір жұмыскердің жұмысы бақыланып, технологиядан ауытқулар және басқа да еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзуға жол берілмеуде, өндірістік жарақаттарды болдырмауға тиісті шаралар қолданылып жүр. Бұрынғы жылдары «Алтыналмас АК» АҚ-ның Ақбақай жобасы облыстағы өндірістік жарақаттар көп орын алатын кәсіпорын болып саналып келді, мысалы 2018 жылы 8 адам жапа шегіп, оның біреуі қазаға ұшыраған, 2019 жылы 2 адам жапа шегіп, оның біреуі қаза тапқан, 2020 жылы 4 адам жапа шеккен, ешкім қазаға ұшырамаған, 2021 жылы өндірістік жарақаттың салдарынан 4 адам жапа шегіп, қайтыс болғандар жоқ болса, биыл мұнда бірде-бір өндірістік жарақат фактісі орын алмаған. «Қазфосфат» ЖШС-нің «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені филиалында өткен жылы 3 топтық жазатайым оқиға орын алып, 8 адам зардап шекті, оның 3-і қайғылы қазаға ұшырады. Осы жазатайым оқиғалардың орын алуына жұмыс берушінің жұмыс жүргізуді қанағаттанғысыз ұйымдастыруы, жапа шеккен жұмыскерлердің өрескел абайсыздығы, жүктен көп салмақ түсуіне жол берілгендігі секілді кемшіліктер негізгі себеп болып отыр. «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені орталық байыту фабрикасының екі жұмыскері қауіпті кеңістікте жұмыс атқару кезінде іске қосылып кеткен ұсақтағыштың ішінде қалып қаза тапты. Осы өрескел қателіктің салдарынан екі отбасы асыраушысынан айырылды. «Жамбыл электр жүйелері» ЖШС-де өткен жылы 3 жазатайым оқиға орын алып, 3 адам жапа шекті, біреуі қаза тапты. Серіктестік электромонтері наряд бойынша жұмысты аяқтап, бригада кетіп бара жатқанда, жұмыс орнына қайта барып, сол жерде токтың әсерінен қаза тапты, енді бірі токтың әсерінен денесінің 70 пайызын күйік шалды. Жауапты қызметкерлер тарапынан бақылау жеткіліксіз екеніне және жұмыскерлердің тарапынан еңбек қауіпсіздігі ережелерін сақтауға деген жауапкершілік серіктестік бойынша төмен деп айтуға негіз бар.

Жалпы былтыр жазатайым оқиғалардың түрлеріне қарасақ, 4 адам биіктіктен құлап, 4 адам қозғалыстағы немесе айналып тұрған заттың, бөлшектің әсерінен, 9 адам жол-көлік оқиғасынан, 10 адам бөлшектер мен заттардың, жүктен көп салмақ түсетін опырылуынан, құлауынан, 3 адам электр тогының әсерінен және 6 адам жазатайым оқиғалардың басқа да түрлерінен жапа шеккен. Жазатайым оқиғаға ең көп себеп жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмауы және жапа шеккен жұмыскерлер тарапынан жіберілген өрескел абайсыздық болып отыр. Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге Халықаралық әлеуметтік қауіпсіздік қауымдастығы әзірлеген «Vision Zero» немесе «нөлдік жарақат» тұжырымдамасын енгізу үлкен роль атқарып, жарақаттану деңгейін анағұрлым темендетеді. Тұжырымдама жарақат деңгейінің нөлдік, ал еңбек жағдайларының қауіпсіз болуына негізделетін жеті келесі «алтын ережені» қарастырады:

1) көшбасшы болу – қағидаттарға адалдықты көрсету;

2) қауіптерді анықтау – тәуекелдерді бақылау;

3) мақсаттарды анықтау – бағдарламаларды әзірлеу;

4) еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы жүйесін құру – ұйымның жоғары деңгейіне қол жеткізу;

5) жұмыс орындарында, станоктармен және жабдықтармен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік пен гигиенаны қамтамасыз ету;

6) біліктілікті арттыру – кәсіби дағдыларды дамыту;

7) кадрларға инвестициялау – қатысу арқылы дәлелдеу. 

Бүгінгі таңда «Vizion Zero» тұжырымдамасына облыстың 16 кәсіпорны қосылды, олардың көпшілігі тау-кен және химия секторларына («Казфосфат» ЖШС «Шолақтау» ТКӨК филиалы, «Алтыналмас АК» АҚ-ның Ақбақай жобасы, «Казфосфат» ЖШС Жамбылфилиалы (ЖЖФЗ), «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС және т.б.) жатады. Көп жағдайларды жұмыскерлер, жұмыс берушілер жазатайым оқиға болған кезде не істеу керек екенін, қандай шаралар қолдануды білмей жатады, бұл әсіресе шағын кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлерде кездеседі. Осыған байланысты еңбек қорғау қызметін енгізу барлық өндірістік ұйымдарға міндеттелгені дұрыс деп санаймыз.

ЖАРЫЛҚАСЫН АЙТАҚОВ, Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басшысы – Бас мемлекеттік еңбек инспекторы
02.02.2023

Ұқсас жаңалықтар

«Ордабасы» президенті маңызды мәлімдеме жасады
«Ордабасы» футбол клубының президенті Абдубаитов Бауыржан Тойшыбекұлы - 25.04.2024 18
ТҮРКІСТАН: ОТЫРАРДА ШІРКЕЙГЕ ҚАРСЫ ДӘРІЛЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 25.04.2024 28
КЕНТАУДА ҚОҚЫС ЖИНАУ БОЙЫНША  «ПЛОГГИНГ» МАРАФОНЫ ӨТТІ
Түркістан облысының әкімінің баспасөз қызметі - 25.04.2024 39

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1014
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7063
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10911
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7131
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7274