Әлем жаңаруда дейміз. Әлем жаңарумен қоса өзінің жүрісінен жаңылуда. Ұлттық құндылық пен салт-дәстүр кейбір мемлекеттерде адыра қалуда. Адамдар тойынған сайын нәпсінің құлына айналып, хайуаннан бетер азғындық жолға түсуде. Еркек пен еркек, әйел мен әйелдің үйленуіне жол ашып қойған елдер бар. Сүйенетіні – адам құқығына балта шаппау. Адам қалауына қарсы шықпау. Әйелдің еркекке айналуына да, еркектің әйелге ұқсауына да «толеранттылық» деп қарап жатқандарға не дерсің! «Естімеген елде көп» дейді қазақ мұндайда.
Ғаламды кезген арсыздық кімді аясын? Етек-жеңі ашық-шашық Қазақстанға да ауыз салыпты. Елігіп жүрген, ерігіп жүрген кейбір жастардың санасына өз торын тастапты. Осылайша бірнеше жылда елімізде ЛГБТ деген ұйымдар құрылыпты. Шетелден қаржыланатын болса керек, ақшаға бөгіп, құнығыпты. Кейде шеруге шығып «шынығыпты». Сөйтіп елдің ішіне іріткі салып, қазақ баласы өмірі естімеген азғындықты заңдастыруды көксеп жүрсе керек.
Еуропа елдерінде гомосексуализм қылмыс ретінде жойылғанын біле жүруіміз керек. Ұлыбританияда мұндай заң 1967 жылы жойылса, 1990 жылы Дүниежүзілік психиатрлар ассоциациясы психикалық аурулар қатарынан гомосексуалдықты алып тастаған.
Дамудың шыңына бет алған Еуропада бір жынысты некеге рұқсат етілгелі де ширек ғасыр. 2001 жылы бірінші болып бұл заңды Нидерланды қабылдапты.
Ал елімізде 2024 жылдың 9 қазанында «Феминита» ұйымы «Лесбиан құрылтайы» атты жабық іс-шара өткізген.
2024 жылдың қазанында өткен мәжілістің жалпы отырысында депутат Ринат Зайытов Үкімет басшысы Олжас Бектенов пен Бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған сауалында «Феминита» ұйымын «экстремистік» деп тану туралы мәселе көтерді. Депутат экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы заңға сілтей отырып, «Феминита» қауымдастығына Қазақстан аумағында шектеу қоюды және ЛГБТ-ны насихаттауға толықтай тыйым салуларыңызды талап етеміз» деп мәлімдеген.
Экстремизм – қоғамның қалыпты ұстанымына қарсы келетін, радикалды және зорлық-зомбылыққа негізделген көзқарастар мен іс-әрекеттер жиынтығы. Экстремистік идеялар мен қозғалыстар негізгі заңдар мен моральдық нормалардан шығуға бағытталып, қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне әсер етеді.

«Өз кезегінде ЛГБТ қозғалысын экстремистік деп тануды халықаралық құқық қорғау ұйымдары азаматтардың сенім білдіру және қоғамдық бірлестіктерге қатысу бостандығына құқықтарын бұзу ретінде қарастыруы мүмкін. Бірқатар елдердің заңнамасы ЛГБТ-ны кәмелетке толмағандар арасында «насихаттауды» шектейтінін атап өткен жөн, алайда бұл шаралар тек бұқаралық тұрғыдан қарастырылады және мұндай қозғалыстарды экстремистік деп жіктеуге қатысы жоқ», – деп жауап берді премьер-министр Олжас Бектенов.
Бұл мәселе бұған дейін де көтерілді. 2024 жылдың сәуір айында мәжіліс депутаттары Жанарбек Әшімжан мен Асхат Аймағамбетов «Масс-медиа» туралы заңның 22-бабына түзету енгізіп, «ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салуға» ұсыныс жасаған. Алайда мәжіліс қабылдаған заң жобасында бұл енгізілген түзету алынып тасталды. Десе де, Үкімет заңның 23-бабына сілтеп, ұлттық және отбасы құндылықтарына қайшы контент жариялаған медианы тоқтата тұра алады. Медиа заңгерлердің ойынша, ЛГБТ тақырыбында жазылған журналистік өнімдерге қарсы дәл осы бап қолданылуы мүмкін.
Еске сала кетейік, қазір әлемнің 60-тан аса елінде «гомосексуал қатынас» «қылмыс» саналады. 11 елде бұл үшін өлім жазасын береді. Ол елдердің көбі Таяу Шығыста – Иран, Сауд Арабиясы, Йемен, БАӘ, Катар. Африкадағы Нигерияның кей аймақтары, Уганда, Мавританияда өлім жазасы бар.
12 қараша күні Мәжіліс депутаттары елімізде ЛГБТ насихатына тыйым салуды көздейтін түзетуді мақұлдады. Депутаттар екінші оқылымда бірден тоғыз заңға өзгерістер енгізуді көздейтін түзетулерді қолдады. Құжатта енді бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет кеңістігінде гомосексуализмге қатысты кез келген ақпаратты таратуға тыйым салынатыны айтылған. Бұл түзету «Мұрағат ісі мәселелері жөніндегі» заң жобасына енгізілген.
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, заң жобасы қоғамда балалар мен жасөспірімдерді цифрлық кеңістіктегі теріс әсерлі контенттен қорғау мәселесіне байланысты қабылданған.
«Қоғамда балалар мен жасөспірімдерді интернеттегі жағымсыз контенттен қорғауға қатысты алаңдаушылық күшейіп келеді. Осыған байланысты заң жобасына қоғамдық орындарда педофилия мен дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттауға тыйым салатын түзетулер енгізілді», – деді депутат. Бейсенбаевтың сөзінше, қазіргі таңда өскелең ұрпақ желіде отбасы, имандылық және болашақ туралы түсінігіне кері әсер ететін ақпараттарға жиі тап болады.
«Біз балаларды мұндай заңсыз контенттен қорғау арқылы олардың қауіпсіздігі мен психикалық саулығын сақтауды мақсат етеміз», – деп қосты ол.
Депутат Еділ Жаңбыршинның сөзінше, ЛГБТ елдігімізден айыру үшін әрекет етіп жатыр. Оны қаржыландырып жатқан ұйымдар да бар дейді ол.
«Құрметті Төраға!
ЛГБТ-ны насихаттауды тыйым салу бойынша норманың авторы ретінде, процедура бойынша сөз сұраймын!
Қадірлі әріптестер!
Бұл мәселенің қызу талқыланып жатқанына бес жылдың жүзі болды. Дәл осы мінберден өзім де, әріптестерім де бірнеше рет депутаттық сауал жолдап, мәселені бүге-шігесіне дейін талқыладық.
Бұл қасиетсіз топ қасиетті киіз үйімізде тайраңдап, ұлттық құндылықтарымызды аяққа таптады. Ұлттық фольклорымызда гомосексуализм бар деп, тұтас халыққа жала жапты. Бұл – бір.
Екінші. Тіпті мектептерге барып, ашық әрі заңсыз пропаганда жүргізді.
Үшінші. Одан қалса, Еділ Жаңбыршин, Асхат Аймағамбетов, Жанарбек Әшімжан, Ардақ Назаров, Елнұр Бейсенбаев пен Самат Мұсабаевқа ақпараттық шабуыл жасады. Біздің жеке басымызға өтіп, келемеждеді.
Сол үшін арнайы контент әзірленіп, таратылды. Бұл барып тұрған бассыздық, заң шығарушы орган өкілдеріне қысым жасау, адам құқығын таптау.
Төртінші. Ең сорақысы – олар әлеуметтік желілер арқылы жыныс мүшелерін, сексуалдық қарым-қатынастарын ашық жариялап қана қоймай, қоғамды азғындыққа үндеп, кең ауқымда насихаттау жұмысын жүргізіп жатыр.
Бесінші. Бүгінге дейін ұлттық құндылықтарды жоюға бағытталған әсіре-феминистік, ЛГБТ қауымдастығы арнайы, жоспарлы түрде шетелден миллиондаған доллармен қаржыландырылуда.
Бұл мен келтірген бірнеше ғана мысал.
Әрине, бұған қарсы қоғам үнсіз қалған жоқ. Былтыр қоғам белсенділері E-petition.kz мемлекеттік платформасында ЛГБТ насихатына қарсы петиция жариялап, ол аз уақыт ішінде заңды түрде 50 мың қол жиналды.
Бұл – ЛГБТ-нің елімізге қажетсіз әрі жат құбылыс екендігінің, оған халықтың ашық қарсылығының анық көрінісі. Осы бойынша арнайы зерттеу ұйымдастырылып, оның нәтижесінде ЛГБТ пропагандасы жас өрендеріміздің психикасына тікелей теріс әсер ететіні, олардың танымын сындыратын қауіпті үрдіс екені анықталды.
Бұған қоса, халықаралық балалар құқығына қатысты стандарттар да осыған ұқсас талаптарды қамтиды. БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясында мемлекеттерге баланың рухани, психикалық және физикалық жағдайына зиян келтіретін ақпарат пен материалдардан қорғау жөнінде нақты шаралар қабылдау міндеті жүктелген.
Сондай-ақ, 2022 жылы Қазақстан Женева декларациясына қосылып, онда әрбір дербес мемлекет өздерінің негізгі құндылықтарын, дәстүрлі отбасы институтын сақтау бойынша ұлттық саясатын жүргізуге құқылы екені айтылған. Бұл декларацияны АҚШ-тың өзі қабылдаған. Ең бастысы, Трамп осы декларацияны арқау етіп, бір жынысты некелерге шектеу қойып, енді Америкада тек әйел және ер жынысы болатынын мәлімдеді. Арнайы жарлық шығарды. Осыған байланысты бірнеше халықаралық ұйым Американың Жоғарғы сотына шағымданды.
Дегенмен, олардың ұсыныстары қабылданбай, Жоғарғы сот Трамптың шешімін дұрыс деп есептеді. Осылайша, біз түгілі Американың өзі ЛГБТ, трансгендер, бір жынысты неке сияқты теріс бағыттарды қоғамға жат деп таныды.
Менің қолымда осы құжаттар бар. Сондықтан біздің ЛГБТ-ны насихаттауды заңмен шектеу бойынша қабылдап жатқан нормаларымыз кейбір халықаралық ұйымдар мен белсенділер айтып жүргендей ешқандай адам құқығын шектеуге бағытталмаған. Керісінше, бұл нормалар дәстүрлі отбасылық институтты бұзудан және балалар мен жасөспірімдерді деструктивті идеологиялардан қорғап, ұлттық қауіпсіздігімізді сақтауға, халқымыздың рухани иммунитетін нығайтуға септігін тигізеді.
Дербес мемлекеттің ішкі ісіне араласуға, ең бастысы – оның ұлттық заңдарына қысым көрсетуге ешқандай ұйымның құқығы жоқ. Ең бастысы, бұл нормалар ұлттың мүддесін қорғауға бағытталған», – деді депутат Жаңбыршин.
ФБ әлеуметтік желісінде Сұлтан Сүлеев деген азамат былай деп жазды:
«...ЛГБТ-шниктердің тапқанын қарашы. ЛГБТ Ресейде тыйым салынған, қазақтар соны әдетінше көшіріп ала салды деп отыр. Әжептәуір, қазақтың екі қатыны. ЛГБТ жарнамалауға тыйым салу арқылы біздің ел артқа, диктатураға кетіп барады екенбіз. Демократиядан алыстап кетеміз.
Еркек пен еркек бір-бірін нетсе, ол демократия екен де. Сол екі қатынның өз ұлдары сондай ма екен? Әлде шетелден грант алу үшін көтенін жыртып жүргендер ме деп отырмын. Біздің Парламентке қазір ризамын. Батыс-шатысыңа қарамай осындай заңды қабылдау – ойы мен бойы өскен елдің әрекеті деп ойлаймын.
Бұрын осындай әңгіме көтерілсе, «ойбай, батыстық өркениеттің принципіне қайшы, колхоз, мәмбет екенімізді көрсетпейік» деп шалбарын теріс қарап шешіп ыңғайлана бастайтын.
Енді осы қарқынмен батысқа ұнамайтын өлім жазасын да қайта енгізсе, ешкім ренжімес. Демократияның эталоны болатын АҚШ-та бар. Нарықты экономиканың лидері Қытайда бар.
Және, Президентіміз анау жақтырмайды, мынау жақтырмайды деп сызылып отырмайтын адам».
Айтпақшы, мұның алдында 29 қарашада Парламент Мәжілісінде ЛГБТ насихатына тыйым салуға қатысты жұмыс тобының отырысы өткені белгілі. Онда депутаттар шектеу нормаларын бір ауыздан мақұлдаған. Олар бұл ЛГБТ өкілдерін емес, оның насихатына қарсылық деп түсіндірген.
Сол-ақ екен, Алматыда бір топ феминистік белсенді депутаттардың ЛГБТ насихатына тыйым салу бастамасына қарсы баспасөз мәслихатын өткізген. Олар бұндай тыйым – адам құқығы мен сөз бостандығын шектеу деп есептейтінін ашық айтқан.
Белсенділердің сөзінше, депутаттар көтеріп отырған шектеу нормалары ЛГБТ-ға тыйым салған Ресейдегі заңның көшірмесі. Олар мұның арты қудалау мен қысымға алып келуі мүмкін деп қауіптенеді.
«Жалған ЛГБТ насихаты туралы заң жобасын дереу тоқтату қажет. Қазақстан Конституциясын ескеру керек. Атап айтқанда, 12 және 14-бап. Заңдардың мәні мен мазмұнын, билік органдарының қызметін айқындайды. Ешкім шығу тегіне, жынысына, ұлтына, тіліне, дініне, нанымына немесе кез келген өзгеше жағдайына байланысты кемсітілмеуі тиіс», – депті белсенді Дарима Руслан.
PS: Соңғы он жылдықта Қазақстанның ішкі саясатына ықпал ету үшін USAID-тен 150 млн доллардан астам қаражат бөлініпті. Бұл нақты мәлімет. Бұл – біздің білетініміз ғана. Оның қаншасы азғындық істерді насихаттау үшін бөлінгенін бір Алла ғана біледі.
Әсіре феминистік, ЛГБТ, эмо және басқа да субъмәдениеттік қозғалыстар ұлтараздық пен діни алауыздықты, сепаратизм мен трайбализмді біздің саяси күн тәртібімізге енгізуге күш салып жатқаны айдай шындық!
«Осындай ұйымдар демократиялық қағидаттарды желеу етіп, жалаң ұранмен «жұмсақ күш» арқылы өзінің жымысқы саясатын іске асырады. Оларға Қазақстанның жақсарғаны емес, шайқалғаны пайдалы», – дейді депутат Жаңбыршин.














