Діни мәселеде әлеуметтік желіде дауласу керек пе?

Діни мәселеде әлеуметтік  желіде дауласу керек пе?

Қазіргі таңда әлеуметтік желіде азаматтар өздерінің діни ұстанымдарына байланысты жиі дауласып жататыны бар. Зайырлы елде мұндай талқы жүргізуге заңмен тыйым салынбаған. Алайда кейбір азаматтар өз ұстанымдарын өзгелерден биік қойып, тіпті жеке бастың мүдделеріне қайшы келетін сөздерін айтып қалатыны бар. Бұл туралы мамандар не дейді? Жақында дінтанушы Асқар Сабдин мырза бұл туралы өз пікірін білдірді.

– Әлеуметтік желіде діни тақырыптағы жазбаның астына пікір қалдырып, қызу дауға түсіп көрдіңіз бе? Бірі аят келтіреді, екіншісі хадис жазады. Үшіншісі қарсыласын «адасқан» деп айыптайды. Ақырында пікірталас өзара қорлау мен өшпенділікке ұласады. Бірақ мұндай дауда кім жеңеді? Ақиқат па, әлде ашу ма? Ислам пікір алмасуға тыйым салмайды. Керісінше, Құранда: «Олармен ең көркем түрде пікірталас жүргіз», – делінген. Демек, мәселе пікірталастың өзінде емес, оның мақсаты мен әдебінде. Ғылыми пікірталастың мақсаты – ақиқатты анықтау. Ал орынсыз даудың мақсаты – қарсыласты жеңу. 

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Өзі дұрыс болса да, орынсыз дауды тоқтатқан адамға жәннаттан үй берілетініне кепіл болмын!» – деген. 

Интернетте кейбір адамдар ақиқатты іздеу үшін емес, өзгелерді ашуландыру, арандату немесе өз көзқарасын күштеп таңу үшін дауласады. Мұндай жағдайда әрбір айыптаушыға жауап беріп, әрбір арандатушыға ілесу міндет емес. Құранда ізгі адамдар туралы: «Надандар оларға тіл тигізсе, олар «сәлем», яғни амандық болсын дейді», – делінген.

 Сондықтан пікір жазбас бұрын өзіңізге екі сұрақ қойыңыз. Мен ақиқатты іздеп отырмын ба, әлде жеңіске жеткім келе ме? Және екінші сұрақ – бұл пікірталастан біреу пайдалы білім ала ма? Егер мақсатыңыз білім болса, дәлелмен, әдеппен сөйлесіңіз. Ал егер әңгіме арандатуға айналса, оны тоқтата біліңіз. Есіңізде болсын! Әрбір пікірге жауап беру міндет емес. Кейде даудан бас тарту – жеңілу емес, парасаттылықтың белгісі. Діннің мақсаты адамдарды бір-біріне қарсы қою емес, ақиқат пен ізгілікке жетелеу, – дейді дінтанушы.

Осы тұста бұл мәселе туралы қысқаша тоқтала кеткен жөн. Еліміздің қолданыстағы заңдарында әлеуметтік желіде діни мәселелер бойынша пікірталас жүргізу құқықтық тұрғыдан қарастырылады. 

Басын ашып алатын бір жайт – діни мәселе жөнінде дауласудың өзі заң бұзушылық болып саналмайды. Заңға қайшы келетін нәрсе – сол пікірталас барысында адамның қандай сөз айтқаны, қандай әрекетке барғаны және оның мазмұнына қатысты болмақ. Бұл жөнінде дінтанушы мамандар негізгі бағыттарды айқындап берген.

Мысалы, исламдағы мәзһабтар, діни дәстүрлер, сәләфилік, сопылық, ханафи бағыты немесе діни қайраткерлердің көзқарастары туралы пікір таластыруға болады. Алайда пікірталас қорлау, араздық қоздыру, діни өшпенділік тарату немесе заңсыз діни үгітке ұласса, жауапкершілік туындауы мүмкін.

ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы – діни алауыздықты қоздыру екендігін ескерген жөн. Бұл – діни мәселеге байланысты әлеуметтік желідегі пікірталастарда ең маңызды баптардың бірі. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енген редакциясында баптың атауы мен мазмұны нақтыланған. 

Онда:

• Діни алауыздықты қоздыруға бағытталған қасақана әрекеттер;

• Азаматтардың діни сезімдерін қорлауға бағытталған әрекеттер;

• Белгілі бір дін өкілдерін өзгелерден артық немесе төмен етіп көрсету;

• Осындай мазмұнды әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалар арқылы жариялау немесе тарату қамтылған.

Оған қарастырылған жаза түрлері де бар: 2 000-7 000 АЕК көлемінде айыппұл салу немесе 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру. Ауырлататын мән-жайлар болса, жаза 5-10 жылға, ал аса ауыр жағдайларда 12-20 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қамтуы мүмкін.

Бұдан бөлек, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 490-бабы – діни қызмет туралы заңнаманы бұзу болып табылады.

Бұл бап діни қызметті ұйымдастыруға және діни материалдарды таратуға қатысты талаптарды реттейді. Мысалы:

• Діни әдебиеттерді заңда белгіленген талаптарды бұза отырып тарату;

• Тіркеусіз миссионерлік қызмет жүргізу;

• Тиісті сараптамадан өтпеген діни материалдарды миссионерлік қызметте пайдалану;

• Діни қызмет туралы заң талаптарын бұзу.

Әкімшілік кодекстің 456-2-бабы – онлайн-платформалардағы заңсыз контент мәселесіне бағытталған.

Қылмыстық кодекстің 256-бабы – терроризмді насихаттау. Егер діни пікірталас террорлық ұйымдарды ақтауға, терроризмді насихаттауға немесе террорлық әрекет жасауға жария түрде шақыруға ұласса, бұл бап қолданылуы мүмкін. Мысалы, әлеуметтік желіде террорлық ұйымның әрекетін қолдап, адамдарды соған қосылуға немесе террористік акт жасауға шақыру. Мұндай әрекеттер үшін 5-9 жыл, ал заңда көрсетілген ауырлататын жағдайларда 7-12 жыл бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Дегенмен діни көзқарасқа қатысты пікірталас барысында адамдарды дініне қарай кемсіту, қорлау немесе араздыққа шақыру болмаса, ол жауапкершілікке тартылмайды, – дейді мамандар.

Дайындаған –

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ

 

20.11.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 29777
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 29333
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 46559
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 42134
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 46909