– Газет еліміздің аса қиын кезеңінде дүниеге келіп, қоғамның жүрек дүрсілін, демі мен алғашқы қадамдарын дөп басып көрсетуде ерекше қызмет атқарып келеді деп білемін. Мен «Қазақстан – ZAMAN» газетінің тек қана ақпараттық құрал рөлін орындап қоймай, қазақтың саяси сауатын ашу, азаматтық көзқарасын қалыптастырудағы еңбегін ерекше атап өткім келеді. Қилы кезеңде, жарнама қуып, тіршіліктің мүддесін ойлап кетпей, қазақтың жоғалып бара жатқан ұлттық құндылықтарының жоқшысы болғаны қуантады. Мойындауымыз керек, газеттердің өтініштері бойынша мақала жазып, сараптама жасағанда, біздің басымыздың бір қуысында «мына ойымды баспауы мүмкін» не «мына мәселенің тігісін жатқызып айтайын» деген бір «редактордың» тұратыны анық. Өз басым, сіздердің газеттеріңізге мақалалар жазғанда ондай аурудан арылып кетемін. Осы жолдарыңыздан ешқашан танбай, шындықты ашып айтатын, мәдениетті де, қызықты басылым болуларыңызды тілеймін!