Үстіміздегі жылдың наурыз-қазан айлары аралығында аудандық электр жүйесі мекемесі жылдық кестеге сәйкес, ауданда 689,67 шақырым 35/10/6/0,4 кВ әуе желісіне, 9 дана 35 кВ жоғарғы кернеудегі қосалқы станцияға, 150 дана 10/6/0,4 кВ трансформаторлық қосалқы станцияларға және 27,56 шақырым 6/0,4 кВ кабель желілеріне ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді.
Осы жұмыстар барысында Досбол ауылындағы тозығы жеткен электр бағаналары толық жаңартылып, электр желілері және трансформаторлық қосалқы станциясы толық ауыстырылды.
Сарысу аудандық электр жүйесінің 20 шақты қызметкерлері және 8 автотехника, 2 автокран, 2 экскаватор, 2 УАЗ автокөлігі, 2 КАМАЗ жұмыс жасады.
«Ауылдағы бұрынғы ескі электр бағаналарының тозығы жеткен. Электр бағаналарының ескіруі салдарынан желді, боранды күндері бағаналардың құлап, жарықтың жиі сөнуі, электр желісінің адам өміріне қауіп төндіруі сияқты жағдайлар орын алатын. Аудандық электр жүйесі мекемесінің қызметкерлері жаңа бағаналар орнатып, электр желілері мен трансформаторды түгел ауыстырды.
Енді ауылда жарық мәселесі туындамайды деген ойдамыз. Елдің игілігі үшін атқарылған осынау ауқымды жұмысқа жұмыла кіріскен аудандық электр жүйесі мекемесінің басшылығына, барлық ат салысқан азаматтарға ризашылығымыз шексіз дейді», - ауылдықтар.
Қазіргі таңда Үшбас, Арыстанды, Ә. Бүркітбаев ауылдарын электр энергиясымен жабдықтайтын 6 кВ әуе желісінің 4,2 бөлігі толығымен жаңартылуда.