«ЕЛ АМАНАТЫ: АУЫЛ – ЕЛ БЕСІГІ» ЭКСПЕДИЦИЯСЫ ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНДА Ұлт ұясы Ұлытауда – қайнаған еңбек

«ЕЛ АМАНАТЫ: АУЫЛ – ЕЛ БЕСІГІ» ЭКСПЕДИЦИЯСЫ ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНДА Ұлт ұясы Ұлытауда – қайнаған еңбек

«Qazaqstan dauiri» газетінің Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігімен және «АMANAT» партиясы, «ЕлАна» сайтымен бірлескен «Ел аманаты: Ауыл – ел бесігі» атты дәстүрлі экспедициясы бар екенін оқырмандарымыз біледі. Аталмыш экспедиция аясында жыл сайын бүкіл республиканы аралап, ауыл тұрғындарымен кездесіп, нәтижелі жұмыс істеп келеміз. Жақында экспедиция ұлт ұясы – Ұлытау облысында болды.

ӨҢІР АЙНАСЫ

«Қазақстан Республикасының әкімшілікаумақтық құрылысы туралы» ҚР Заңының 9-бабына сәйкес 2022 жылдың 8 маусым айынан бастап ресми түрде құрылған жаңа облыстың аумағы шамамен 189 мың шаршы шақырымды, халық саны 2022 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша 227 мың адамды құрайды. Яғни облыс тұрғындар саны бойынша еліміздегі ең кішкентай өңір болып саналады. Басқа облыстардан айырмашылығы – халқының басым бөлігі 3 қалаға шоғырланған, урбандалу деңгейі ең жоғары, яғни 77,1% құрайды

Экономикалық тұрғыдан алғанда, өңірдің даму перспективалары айтарлықтай жоғары. Облыс аумағында мыс, марганец, қорғасын, темір кен орындары бар. Бұл – минералдық база мен кадрлық әлеуетті пайдалана отырып, жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға болады деген сөз. Екіншіден, облыста ауылшаруашылық әлеует бар. Туризм жағынан қарасақ та, артықшылығы, ерекшелігі бар өлке.

«Қазақмыс» және «Казцинк» сынды металлургия алпауыттары облыс экономикасының негізін құрайды.

ПРОБЛЕМАЛАР ШАШ ЕТЕКТЕН, ЖОСПАР АУҚЫМДЫ

Облыстың аудандары негізінен ауылшаруашылығымен айналысады. Облыста бұл саланы кеңінен дамытуға мүмкіндік зор. Бұрынғы Қарағанды облысының статистикалық көрсеткіштерімен есептейтін болсақ, ірі қара санының 25,5%, қой мен ешкінің 30%, жылқы басының 35%, жайылымдардың 42%-ы Ұлытау облысына тиесілі екен. Яғни облыста ауылшаруашылық саласын дамытуға орасан зор әлеуеті бар деген сөз. Бірақ толығымен іске асыра алмай отыр. Статистикалық көрсеткіштерге сүйенсек, 2021 жылдың қорытындысы бойынша облыста 84,3 млрд теңгеге ғана ауылшаруашылық өнім өндірілген екен. Бұл – Қазақстан өңірлері арасындағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі.

Жаңа облыс болып құрылған Ұлытауда өзекті проблемалар шаш етектен. 3 моноқаланың әлеуметтік инфрақұрылымының жағдайы мәз емес. Кәріз, жылу, су жүйелерінің тозығы жеткен. Тау-кен өнеркәсібінің жұмысы экологиялық ахуалға зардабын тигізген. Басқа өңір орталықтарымен байланыстыратын жолдар дамымаған. Бір сөзбен айтсақ, Ұлытау өңірінде экономиканы дамыту бағытында көп жұмыс атқарылуы қажет. «Qazaqstan dauiri» қоғамдық-саяси газетінің бас директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлымен кездесіп, биыл дәстүрлі экспедицияның Ұлт ұясы – Ұлытаудан басталғанын айтып өтіп, ел ахуалы жайлы келелі сұхбат жүргізді. Ел анасы Берік баласын жаңа облыстың әкімі болуымен құттықтап, аналық ақ батасын берді.

Жақында Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданды. Бұл маңызды құжат киелі Ұлытаудың қайта түлеуіне негіз болатынына сенеміз. Мұнай өңдеу зауытын іске қосылып, сүт өңдеу, ет өңдеу зауыттары салынбақ, құс еті мен жұмыртқа өндіру кешені салынып, ұн тарту кешені жаңғыртылады. Облыс орталығында 3 жаңа шағын аудан салынады, жеке тұрғын үй үшін 1000 учаске бөлінеді. 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мемлекеттік халықаралық техникалық университет ашылады. Туризм саласын дамытуға 1,5 млрд теңге қаржы бөлу жоспарланып отыр.

Кешенді жоспарды іске асыру барысында 9,5 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Ұлытау облысының газ инфрақұрылымын дамытуға 34 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалмақ. Өнеркәсіптік реагент шығаратын химиялық зауыт салынады. 227 км облыстық автожолдар және 118 км қалаішілік, кентішілік жолдар салынып, жөнделеді.

«Отбасы Банк» АҚ арқылы баспана сатып алу үшін Ұлытау облысының жас мамандарына 500 млн теңгеден берілетін болады. Жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін жас кәсіпкерлерге 100 млн теңге сомасына мемлекеттік гранттар бөлінеді.

Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы облыстағы өндіріс алпауыттары – «Kazakhmys Holding (Қазақмыс Холдинг)» ЖШС Директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай Ұлытау облысының әкімдігі мен «Қазақмыс» Тобыл арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Қол қойылған маңызды құжаттарға сәйкес, «Kazakhmys Holding (Қазақмыс Холдинг)» ЖШС қызметі Жезқазған, Сәтбаев қалалары және Ұлытау ауданында жалпы сомасы 35 млрд теңгеге 22 жобаны іске асыру жолымен әлеуметтік тұрақтылықты күшейтуге бағытталатын болады.

Меморандум аясында Жезқазған қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, музыкалық драма театры мен балабақша сынды әлеуметтік-мәдени тұрмыстық нысандар салып, Жезқазған қаласында 320 орындық балабақшаның құрылысын аяқтамақ. Сәтбаев қаласында да бірқатар нысандарды қайта құру және абаттандыру бойынша эскиздік жобалар дайындайды.

Тұрғын үй саласы да назардан тыс қалмай, компания Жезқазған қаласындағы ұзаққа созылған құрылыс нысандарын аяқтаймыз деп отыр. «Қазақмыс» мемлекеттік техникалық университеттің ашылуына және Ұлытау ауданында Мемлекеттік рәміздер алаңының құрылысына қатысады. Компания есебінен ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған екі ғимарат (күндіз қабылдау орталықтары үшін) сатып алынады.

Сондай-ақ, шаруашылық суының көтергіш сорғы станциясына жөндеу жүргізу жоспарлануда. «Қазақмыстың» қолдауымен Жезқазғандағы Кеңгір су қоймасы жағалауын абаттандыруға арналған эскиздік жоба әзірленеді, Тасбұлақ, Күмісбұлақ және Әулиетау тауларының бұлақтарын абаттандыруға арналған эскиздік жоба дайындалып, абаттандырылады.

Әрине, бұл меморандумға қол қою өңір халқының әл-ауқатының деңгейін көтеруге мүмкіндік береді, дегенмен Қазақстандағы ең алып мыс өндіруші, табиғи ресурстарды өндіру және өңдеу бойынша жетекші халықаралық компания «Қазақмыстай» ірі алпауыт бұдан да артық қаражат берсе, артық болмас еді деп ойлаймыз.

ТАЛАП АУЫЛЫНДАҒЫ СҰХБАТ 

Облыс орталығынан басталған сапарымыз облыстық мәслихат депутаты Светлана Жумкинаның мұрындық болуымен қала іргесіндегі Талап ауылында жалғасты.

Әлем жаһандануға бет бұрып, елімізге жақсы да, жаман да ағылып келіп жатыр. Мұндай кезде кез келген ұлт өз ерекшелігі мен өз болмысын сақтап қалғаны маңызды. Мұны уақыт көрсетіп отыр. Ес жиып, жоғымызды түгендеп, құндылықтарымызды түгелдеп, ұлт тамырына оралуымыз заман талабынан туындап отыр.

Ал ауыл – руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы екені сөзсіз. Ауылды көтеру ел мен жерді сақтаудың ата-бабаларымыз көрсеткен дана жолы екенін ұмытпауымыз керек.

Талап ауылының әкімі Қайрат Бапановтың ұйымдастыруымен, экспедиция мүшелері дастарқан басында ауыл проблемасын тыңдап, рухани сұхбат құрды.

«Ауыл – ел бесігі» аясында ауылдық жерде бірталай жұмыстар жасалып жатыр. Биыл да ауылға бірқатар қаражат бөлініп отыр. Ана ретінде ел амандығын, ел бірлігін тілеймін. Әлеуметтік желінің жақсы жағы да, жаман жағы да бар. Жақсы жағына келетін болсақ, біздің қарым-қатынас құруымыз үшін шексіз мүмкіндік берілуде.Жаман жері – жас талғамайды. Кез келген жастағы адамның барлығына қолжетімді. Тіпті бір отбасын басқара алмай жүрген адамдар жазып жатады. Шынайы ақпарат жазбай, ұлт араздығын, халықтың ашу-ызасын тудыратын жалған ақпараттар, ұлтты аздыратын, «өсек-төсек» тақырыбын қозғайтындарды оқуды қойып, саралап, сараптайтын, нақты, шынайы ақпаратты беретін БАҚ екенін ұмытпауымыз керек. Тек жақсы, талданған ақпаратты ғана қабылдағанымыз жөн. Сонда ғана дамыған елдің қатарына кіре отырып, өзімізді рухани және мәдени түрде дамыта аламыз, – деді Сәуле Мешітбайқызы.

«Халықтың ақылы – мыңның ақылы» демекші, ауыл ақсақалдары газет басшысына ауыл халқының мұң-мұқтажын жеткізді. Алда келе жатқан Президенттік сайлауға қатысты өз ойларын айтты, ұрпақ тәрбиесі жайлы сөз қозғады. Газетке жазылу мәселесін көтерді. Көбіне облыстан разнарядка келіп, «осындай газеттерге жазыласыңдар» деп жаппай жаздыртады. Бірақ сол газетке шыққан ақпарат телеарналардан да беріледі. Содан аудандық, облыстық газетте түк қызық болмай қалды. Тәрбие беретін, өнегелі сөз айтатын, мәселені көтеретін газеттерді ұсынбайды. Мектептерде министрдің «Мұғалімдерді газет-журналға жаздыруға болмайды»деген бұйрығын желеу етіп, жазылмайды. Бұл өзі отырған ағаштың тамырын кесу емес пе? – деді ауыл ақсақалдары кеңесінің төрағасы Жақыпбек Асанғазыұлы.

ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – ЕҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ  

Экспедиция мүшелері «Жезқазған бизнес және көлік колледжі» директоры, облыстық мәслихат депутаты Светлана Жумкинаның мұрындық болуымен колледж студенттерімен және оқытушыларымен кездесіп, бүгінгі ұрпақ тәрбиесі, ел ертеңі жайлы ойымен бөлісіп, аналық ақылын айтып, жастарға әжелік батасын берді. Қай заман да ұрпақ тәрбиесі – ең өзекті мәселе. Ұстаздар да өздерін толғандырған мәселені көтеріп, ойларымен бөлісті.

Бұдан кейін «Жошы хан» кесенесіне бардық. «Жошы хан» орталығының директоры Манат Такешұлы сапар орталығын таныстырып, жәдігерлер жайлы мағлұмат берді. «AMANAT» партиясы Жаңарқа аудандық филиалының атқарушы хатшысы Түсіпов Амангелді Бақышұлының басшылығымен сапарымыз әрі қарай жалғасын тапты. Экспедиция мүшелері Жаңарқа ауданындағы Қазақстанның «30 үздік ауылы» жобасына енген, атақты шаруашылық «Ералиев» ауылына аттың басын бұрды. Ауыл әкімі Жанбол Көпбосынов күтіп алып, шаруа қожалықтарының басшыларымен кездестірді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Жаңаарқа ауданының 90 жылдығы құрметіне орай, осы өңірдің халқы бір күнде 10 мың тонна қымыз пісіп, рекордтар кітабына енгені де, елімізде індет тараған уақытта тұрғындары «Біз біргеміз» акциясы аясында мың литр қымызбен 200 келі құрт әкеліп, Қарағанды қаласындағы 4 ауруханадағы адамдарға таратқан, ауыл тұрғындарының игі ісі есімізде. Бұл шынында да ерен іс еді.

«Жылқы шаруашылығын дамытқымыз келеді. Бар гәп, субсидияға келіп тіреліп тұр. Нақтылап айтсақ, жылқының сүтін, яғни қымыз өндіруге берілетін субсидия жоқ. Оған қаржы бөлінбеген. Ұлттық өнімімізге қолдау жоқ. Сиыр шаруашылығында да осындай жағдай. Бұрын асылтұқымды бұқалар селекциясы (асылдандыру) жасалатын. Бүгінде барлығын алып тастаған. Субсидия қысқартылды. Ел экономикасының негізгі күші болып отырған ауылшаруашылығына нақты қолдау керек. Мұнсыз шаруа қожалықтары көтеріле алмайды. Біздің мұңымыз осы. Осыны үкіметке жетсеңіздер, – дейді «Дүзен» шаруа қожалығының басшысы Берден Жұмабаев.

ЕР ҚУАТЫН ЕСЕЛЕЙТІН РУХАНИ ҚАЗЫНА

Экспедициямыз Сәкен Сейфуллин атындағы аудандық кітапханадағы мұғалімдермен, кітапханашылармен өткен кездесумен аяқталды.

«Газет оқу – зиялылықтың белгісі. Өркениетті елдерде газет-журналдар миллиондаған тиражбен шығады. Бүгінде ақпараттық технологиялардың дамуымен қатар дәстүрлі басылымдардың рөліне де ерекше мән берілуі керек. Заман талабын ескерген дұрыс шығар, бірақ тасқа басылған дүниелердің салмағы қашанда жоғары деп ойлаймын. Газет бұл – қаншама адамның үздіксіз ізденісі, табанды еңбегі. Қоғамдағы өзекті мәселелердің сараланған шындығын айтатын журналистердің мірдің оғындай өткір сөздері газет бетінен ғана табылады. Ғаламтормен жұмыс істеу тиімді әрі жедел болғанымен, ондағы ақпараттың дәлдігі мен шынайылығына ешкім кепілдік бере алмайды. Ал баспасөз беттерінде нақты мәліметтер ғана жарияланады. «Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» демекші, қажет ақпаратты экраннан оқығаннан гөрі газетті қолмен ұстап, сезініп оқыған көңілге де қонымды, жүрекке жақын. Ғаламтормен санасы шырмалған бүгінгі буын ертеңгіге қандай өнеге бермек?! Жастарымыз рухани жұтаңдыққа ұшырамауы үшін газет-журнал оқиық, – деді Еланасы Сәуле Мешітбайқызы.

Біз Сәуле ападай рухани құндылықты насихаттап жүрген мықты жанмен танысқанымызға қуаныштымыз. Апаға зор денсаулық тілейміз. Рухани қазына – кітапты, газет-журналды дәріптеу жолында ата-ана – оқушы – ұстаз болып «үштік одақ» құрып жұмыс істеуіміз керек. «Мөлдір бұлақ»журналына балалардың ертегілерін жіберсек, – деген өз ойларын білдірді ұстаздар. Кітапханашы қауым да ұлт руханиятын көтеру жолында атқарып жатқан жұмыстары, оқырмандармен қалай жұмыс істейтіндері жайлы айтты. Сәуле Мешітбайқызы осы кітапханада Ұлытау облысының балаларына арнап «Мөлдір бұлақ» журналының сайысын өткізуді ұсынды. Кездесу соңында Сәуле Мешітбайқызы «Намыс қайрағы», «Ұлт шырағы» кітаптарын аудан кітапханасына тарту етті. 

Тұрар ШӘКЕН
10.11.2022

Ұқсас жаңалықтар

Тараздың төл мерекесі тұңғыш рет қалай тойланды?
Москау НОҚРАБЕКОВ, қоғам қайраткері, z-taraz.kz - 11.10.2024 104
ЖЕДЕЛ КЕРІ БАЙЛАНЫС ТЕТІГІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті - 11.10.2024 101
АҚТӨБЕДЕ ТРАВМАТОЛОГИЯЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ ҮШІН ТАҒЫ БІР МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН АШЫЛДЫ
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі - 11.10.2024 95
СӘБИДІҢ ОБАЛЫ КІМГЕ?
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 11.10.2024 84
Алаш жұрты  Ғарифолласынан айырылды
«Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұжымы - 25.09.2024 981
13 жасар оқушы  бес түрлі қамшы өреді
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 1020
Ұстаздар 8 перзент  тәрбиелеп отыр
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 995

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 5985
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 5428
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 8612
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 6419
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 7627