Ел ардақтысы – Еркінге ескерткіш орнатылды

Ел ардақтысы –  Еркінге ескерткіш орнатылды

Мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек ері Еркін Нұржанұлы Әуелбековке Ақмола облысының орталығы   Көкшетауда еңселі  ескерткіш ашылды. Ескерткіштің ашылуынан соң  облыс әкімдігінде біртуар азаматтың  туғанына 90 жыл толуына орай  ғылыми-практикалық конференция  болды. Осы игі шараларға  Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев бастаған Көкшетау  қаласының тұрғындары, облыстың еңбек ардагерлері, танымал  азаматпен үзеңгілес қызмет атқарған,  көзін көрген, зиялы қауым өкілдері, ет жақын туыстары әр өңірден келіп қатысты.  Атап айтсақ, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен әр жылдары Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, бұрынғы Торғай  облыстарында  бірінші хатшы болып жемісті қызмет атқарып, өңір мәртебесін көтергенде белгілі азаматпен бірге қызметтес болған серіктестері қатысып,  Еркін Нұржанұлының  қызметі, өмірі жайлы естеліктер айтты. Ескерткіштің ашылу салтанатында облыс әкім  Ермек Маржықпаев құттықтау сөз сөйледі: 

– Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Әуелбековке арнап ескерткіш орнату – барша көкшетаулықтардың ізгі қалауы болды.  Бұл салтанатты шараның ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында  іске асырылып отырғанына қуаныштымын. Себебі  Еркін Нұржанұлы Әуелбеков егемен еліміздің негізін қалаушы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметтес серігі. Тәуелсіз еліміздің қалыптасуына өз үлесін қосқан қазақ елінің көрнекті қайраткері. Кербез Көкше жерінде туып, сүйікті Көкшетауының, еліміздің басқа да аймақтарының дамып, көркеюі үшін ерен еңбек еткен Еркін ағамыздың жарқын бейнесі жерлестерінің жүрегінде  өшпестей қалды. Бүгін облыс орталығынан осы еңселі ескерткіштің бой көтеруіне  орайлы сәт туып тұр. Бұл қуаныш Еркін ағаның кешегі серіктестерінің, басқа да аға ұрпақ өкілдері, бүкіл жұртшылықтың ой-аңсары сәтімен жүзеге асты деп білеміз. 1999 жылы Көкшетау қаласының орталық көшелерінің біріне Еркін Әуелбековтің есімі берілді. Ескерткіш қойылған осы көрікті аллеяға  Еркін Әуелбековтің есімін беруді ұсынамын. Аллеяда  Е.Әуелбеков көшесінің бойында.  Былтыр мемлекет қайраткерінің 90 жылдығы атап өтіліп, ауқымды іс-шаралар жоспарланған болатын. Алайда  еліміздегі карантиндік шектеулерге байланысты олардың бірқатары онлайн және офлайн форматтарда өткізілді. Соған қарамастан қос тілде Еркін ағаның өмірі мен қызметіне арналған «Көкшенің асыл перзенті», «Өңір даңқын асырған» атты кітаптар жарық көрді. Елдің азаматы Еркіндей елеулі тұлғаны ардақтау жалғаса береді. Бүгінгі жастар, өскелең ұрпақ  өз елі мен жерін шексіз сүйген, білімді де білікті, елі  үшін аянбай қызмет еткен аяулы жерлесіміздің игі іс, тағылымды өмір жолынан әрдайым үлгі алып, осындай асқақ тұлғаларымызды мақтан тұтса екен деймін.  

Әкімнен соң  Көкшетау қаласының құрметті азаматы, денсаулық сақтау саласының ардагері Болат Жанәділов сөз сөйлеп, Еркін Әуелбековтің бар саналы ғұмырын, ұлтының болашағына бағыштаған, халқым деп еміреніп өткен біртуар тұлға болғанын  жиналған көпшілікке қысқаша әңгімеледі. Бұдан соң ескерткішке қаржы жинау ісіне белсене ат салысқан «Еркін Әуелбеков қорының» басшысы Оразкен Нұртазин ізгі тілек айтып, игі істің бас қолдаушысы  Ермек Боранбайұлына  аталмыш қордың естелік  медалін тапсырды. Құттықтаулардан соң ескерткішті облыс әкімі Ермек Маржықпаев пен Еркін ағаның туған інісі Болат Әуелбеков салтанатпен ашты.  Бар саналы ғұмырын халық мүддесіне арнаған асыл тұлғаға орнатылған ескерткіш қола мен граниттен жасалған.  Биіктігі – 4,5 метр. Авторы   Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Тоқсан Ермеков. Ескерткіштің ашылу салтанатынан соң  Көкшетау қаласында белгілі тұлғаның туғанына 90 жыл толуы,  ескерткішінің ашылу құрметіне орай ғылыми-практикалық конференция  болды.  Жоғарыда біз айтып өткен меймандар мен ақмолалық және көкшетаулық азаматтар қатысқан бұл конференцияны Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы  Ғосман Төлеғұл сөз сөйлеп, жүргізді. Конференция барысында аталмыш шараға Қызылордадан арнайы келген мемлекет және қоғам қайраткері Аңсат Сәдуақас Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықованың Ермек Маржықпаевқа жолдаған құттықтау хатын облыс әкімінің орынбасары Мәлгаждар Тәткеевке салтанатты түрде табыс етті. Құттықтау хаттан соң  өңіріміздің талантты ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қуаныш Оспан ел ағасына арнаған  лебізін жырмен өрнектеді. Бұдан кейін Еркін ағаның көзін көрген, қызметтес, сыйлас, сырлас болған жандар бірінен-соң бірі мінбеге шығып, өз естеліктерімен бөлісті. Көкшетауға Еркін Әуелбековтің рухын асқақтатып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген сыйлы меймандарға:

– Біз, бүгін, облыс орталығы Көкшетау қаласында қазақ халқының ұлы перзенті Еркін Нұржанұлына арналған ескерткіштің ашылғанына куә болдық. Еркін Нұржанұлы Көкшетау, Қызылорда, Торғай өңірлерін басқарды, екі министрлікке жетекшілік етті, ел дамуына қосқан қомақты үлесін саясаткерлер, ғалымдар, ақындар мен жазушылар, өлке жұртшылығы жоғары бағалады. Көкшетау облысын 38 жасында басқарып, жас іскер басшы атанды.  Осы  жылдары облысымыздың  қырыққа жуық қазақ ауылдарын  ірілендіріліп, үлкен  шаруашылықтарға айналдырды. Облыстың рухани әлеуметтік өмірінеде үлкен серпіліс әкелді.Біз ақмолалықтар, ел ардағы Еркін Әуелбековтің өнегелі өмірін ғибрат етіп, еске сақтайтын боламыз, – деп құрмет білдірді әкім орынбасары М.Тәтжеев. Ғылыми-практикалық конференцияда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты, Қазақстан халықтық партиясы орталық комитетінің құрметті хатшысы Владислав Косарев сөз сөйлеп, Еркін Әуелбековтің азаматтық ажары, кісілік келбеті, адалдықты ту еткен адами абзал қасиеті туралы тарқатты. Шарада Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарынан келген өкілдер  өз естеліктерін ортаға салды. Солардың бірі Мемлекет және қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкірдің жүрек жарды сөзін қысқаша тоқталсақ. Әбдіжәлел Бәкірд сөзінде: 

– Еркін Нұржанұлы Әуелбеков 1985-1989 жылдары Қызылорда облыстық партия комитетін басқарып, артында  өшпес бедерлі із қалдырды. Кешегі кеңестік жүйенің ірі тұлғаларының бірі, Социалистік Еңбек Ері, КСРО Коммунистік партиясы және Қазақ ССР Компартиясы Орталық Комитеттерінің мүшесі Ерекең ерен еңбегімен, маңдай терімен, қажырлы қайратымен, парасат-пайымымен, сергек ақыл-ойымен ерекшеленетін шынайы саяси қайраткер еді.  Өзіне тән іскерлікпен, қажырлылықпен, ерекше дарындылықпен Ерекең біздің облыста жаңа жұмысына құлшына кірісті. Содан Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық жағдайына терең талдау жасай отырып, оны тығырықтардан шығарудың сан-салалы, тиімді жолдарын жалықпай іздеді. Тапты да. Ол ең алдымен, өңірдің өзіндік мүмкіндіктерін шебер пайдаланып, өз ырысын өзіне бұйыртты. Еркін қайда қызмет атқарса да ел үшін сол басқарған өңірінің игілігі үшін аянбай еңбектенді , сол өңірдің құрметіне бөленді, елдің  азаматы атанды. Сондықтан  Еркін  Көкшенің ғана  емес, елдің азамты. Ел ардақтысы, – деп лайықты баға берді.  Жиын соңында конференцияға қатысушыларға көрнекті тұлғаның 90 жылдығына орай шығарылған естелік кітаптар мен медальдар табыс етілді. Осылайша ел мақтанышы, ел ардағы, атақты жерлесіміз Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің өнегелі тағылымды игі істерінің куәсі ретінде, ел ардақтысының  жарқын бейнесі тасқа таңбаланып, еңселі ескерткіш болып,  көкшеліктер жүрегінде ардақтаған азаматы болып қала бермек. Абылайдай ұлы ханның ізі қалған, дін ғұламасы Науаннан тағылым  алған, Айғанымдай ананың тәлім-тәрбиесін үлгі еткен, дүлділ Құлагердің шабысына қиқу қосқан Көкше жұрты, өңірінің төл перзентіне ескерткіш қойып,  қуанышқа бөленіп, мәз-мәйрам болды.   

 

Дахан ШӨКШИР
18.11.2021

Ұқсас жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АЛУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ БҰЗЫЛМАУЫ ТИІС
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 26.11.2024 94
Таласқа ешкімнің таласы жоқ
Serik Salemov, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары - 26.11.2024 104
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 199
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 199
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 336
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 339
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 566
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 513

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9216
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8611
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11837
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9607
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10820