«Заң және тәртіп» бар жерде тыныштық бар. Атақты батыр Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп бекер айтпаған. Заң мен тәртіп – мемлекеттің тұтастығына кепіл. Ел бірлігіне темірқазық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Астана қаласында өткен құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде «заң және тәртіп» мәселесі талқыланды. Көп нәрсе айтылды. Соның ішінде ең өзектісі төменде тұр.
«Бүгін біз алғаш рет осындай құраммен жиналып отырмыз. Құқық қорғау жүйесіндегі барлық жауапты құрылымдар жұмыла жұмыс істеуі қажет. Елімізде «Заң мен тәртіптің» қатаң сақталуына қоғам өкілдерінің қосар үлесі де орасан зор. Қазір осы жиынға орталық және жергілікті атқарушы орган басшылары, депутаттар, сарапшылар және белсенді азаматтар қатысып отыр. Күштік құрылымдарды жаңғырту ісінде жаңа буынның атқаратын рөлі ерекше. Сол себепті, бүгінгі басқосуға академиялардың курсанттары да арнайы шақырылды. Трансұлттық қылмыстық топтармен күресу үшін халықаралық ынтымақтастықты дамыту өте маңызды. Осы жерде бүгін шетелдік полиция атташелері отыр. Құқық қорғау органдарымен жүргізіп жатқан халықаралық ынтымақтастық жұмысы үшін Сіздерге ерекше ризашылығымды білдіремін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы ретте Астана қаласындағы №119 мектепте «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жоғары сынып оқушыларымен профилактикалық кездесу өткенін айта кеткен жөн. Мектеп оқушыларына заң мен тәртіп қағидаты айтылды. «Заң және шабыт: тағдырды айқындайтын таңдау» тақырыбындағы шараның маңызы зор болды. Астана қалалық Білім басқармасының қолдауымен елордадағы Психологиялық қолдау орталығы мен Байқоңыр ауданының прокуратурасы бірлесіп ұйымдастырды бұл шараны.
«Кездесудің мақсаты – әрбір оқушының іс-әрекеті болашақта өз тағдырына әсер ететінін көрсету, заңды түсіндіру. Заң бойынша қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. Қылмыстық кодексте аса ауыр қылмыс жасағаны үшін (оның ішінде адам өлтіру бойынша) 14 жастан бастап жауапкершілікке тартылады. Мәселен, ұрлық жасағаны үшін 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру болмаса, шектеу жазасы, алаяқтық бабымен 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы көзделген. Бір қылмыс жасағаны үшін 5 жылдан 8 жылға дейін темір торда отыру оңай емес. Сол үшін әр әрекетті жасамас бұрын алдымен сан рет ойланған жөн. Бастысы, күмәнді әрекеттен аулақ болыңыздар. Біз өз тарапымыздан қылмыс жасамауға, заңға бағынуға шақырамыз», – деді Байқоңыр ауданы прокуратурасы Қылмыстық қудалау бөлімінің басшысы Мұхтар Өсерхан.
Былтыр «Байқоңыр» ауданында кәмелетке толмағандар арасында 36 қылмыстық іс қозғалған. Олардың ішінде 11 іс – ұрлық, 14 іс – алаяқтық, қалғаны ұсақ қылмыс.
«Бүгінгі іс-шара жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруды, ерте кәсіптік бағдар беру, мамандық таңдау, өз болашағына қатысты өмірлік маңызды шешімдерді қабылдауда жауапты әрі саналы көзқарас қалыптастыруға үндейді. Әсіресе, ерекше назар жеке мотивацияға және өз болашағы үшін жауапкершілікке аударылды. Кездесу барысында астаналық оқушыларға «Әнші» фильмі көрсетілді. Оның идеясы – позитивті бағдар қалыптастыруға, өзін-өзі көрсетуге, өмірлік жолды саналы түрде дұрыс таңдауға бағдар береді», – деді Астана қаласы Білім басқармасы Қосымша білім беру және тәрбие бөлімінің басшысы Сұлтан Иманжан.
Жиында сөз сөйлеген спикерлер оқушыларға оңай жолмен ақша табудың салдарын түсіндіріп, ақыл-кеңесін берді. Психолог Гүлмира Қапанова мектеп оқушыларына албырттықпен, еркелікпен, ағаттықпен жасаған оғаш әрекеттің ақыры өмір бойы опынуға әкелетінін түсіндірді. №119 мектептің директоры Гүлжан Жиениқызы заң мен тәртіп қағидатын жан-жақты саралап, ұғындырған қонақтарға алғысын жеткізіп, мұндай ілкімді кездесудің маңызы жоғары екенін айтты.
Кездесу аясында мектеп оқушылары «Q-Arts Production» продюсерлік орталығының демеуімен жасөспірімдердің өздері түсірген «Әнші» фильмін тамашалады. Фильмнің идеясы позитивті бағдар қалыптастырып, дұрыс жолды таңдап, ішкі қалауының орындалуы әркімнің өз қолында екендігін ұғындырады.
Мемлекет басшысының айтуынша, кейінгі жылдары елімізде барлық салада ауқымды реформалар жасалып жатыр. Мемлекеттің саяси жүйесі мен экономикалық құрылымы түбегейлі жаңғыруда. Ел ішінде жоғары құқықтық мәдениет қалыптасып келеді. Азаматтық жауапкершілік идеологиясы берік орныға бастады. Бұл – біздің стратегиялық бағдарымызға тән аса маңызды басымдық. Мемлекет құқық қорғау жүйесін жетілдіруге және барлық салада заң мен тәртіп орнатуға баса мән береді. Осы бағытта нақты нәтижеге қол жеткіздік. 2019 жылдан бері қылмыстық құқықбұзушылық саны шамамен екі есе азайды. Соның ішінде қарақшылық, тонау, ұрлық пен бұзақылық деңгейі 4 есе төмендеді, ал кісі өлтіруге қатысты қылмыстар 30 пайызға кеміді. Қоғамдық орындардағы қылмыс саны 80 пайызға азайды. Бұл – азаматтарымыз көшеде ештеңеден қауіптенбей, алаңсыз жүре алады деген сөз.
Президент атап көрсеткен маңызды міндеттің бірі – отбасылық зорлық-зомбылықпен күрес және әйелдер мен балаларды қорғау. Астана қаласында осы бағытта заңнамалық, институционалдық тұрғыдан батыл қадамдар жасалып жатыр. Отбасылық зорлық-зомбылық жасағаны үшін берілетін жаза едәуір күшейтілді. Бір жыл бұрын тиісті заң қабылданды. Заңға енгізілген түзетулер мен басқа да шаралар нақты нәтиже бере бастады. Орташа және ауыр деңгейдегі отбасылық-тұрмыстық қылмыс саны жыл басынан бері 30 пайызға төмендеді. Жалпы, кейінгі 5 жылда әйелдерге қатысты құқық бұзушылықтар екі есе азайды. Ең бастысы, қазір қоғамдық сана түбегейлі өзгеріп жатыр. Азаматтарымыздың бойында отбасындағы қатыгездік пен озбырлыққа мүлдем төзбеушілік қасиеті қалыптасуда.















