Түркістан қаласында салтдәстүр мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған «Ене мен келін» сайысы өтті. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ұйымдастырған іс-шараға Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Созақ ауданынан 6 отбасы қатысты.
Сайыстың мақсаты шаңырақтың шаттығын сақтап, ене мен келін арасындағы сыйластықты арттырған жандарды көпке үлгі ету, олардың отбасының ұйытқысы мен берекесі екендігін ұғындыру болды. Үміткерлер ұмыт болып бара жатқан ата-бабамыздан келе жатқан «Құрсақ шашу», «Қазанжарыс», «Тымаққа салу», «Қырқынан шығару», «Тұмар» секілді салт-дәстүрлерімізден көрініс көрсетіп, мақал-мәтел айтудан жарысқа түсті. Сонымен қатар, өз қолдарымен жасаған қолөнер бұйымдарын қазылар алқасы мен көрермендердің назарына ұсынды. Жиында облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлмайымбетов сайыстың мәні мен маңызына тоқталып, отбасының бірлігі Отанның беріктігі екенін жеткізді. Қазыналы қариялар ел боламыз десек, бесігімізді түзеп, жас ұрпаққа дұрыс тәлім-тәрбие беру қажеттігін де айтып, әрбір шаңыраққа бақыт пен береке тіледі. Сайыс қорытындысы бойынша жоғары ұпай алған қатысушылар арнайы марапатталып, сый-сияпатқа ие болды.