Оралдықтар жиі қозғайтын өзекті мәселелердің бірі – қаланың Шолохов көшесіндегі жолдың жай-күйі. Ағымдағы жылы сол жолды күрделі жөндеу жұмыстары басталып кетті.
Шолохов – облыс орталығындағы басты көлік торабы әрі негізгі айналма жол. Бұл жолдың жөндеу жұмыстары туралы Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Азамат Халелов журналистерге сұхбат берді.
– Жоба бойынша аталған көшенің С.Датов көшесінің қиылысынан бастап, С.Тюленин көшесіне дейінгі алғашқы бөлігіндегі жөндеу жұмыстары 14 мамырда басталды. Осыған орай бұл бөліктегі жол қозғалысы уақытша тоқтатылды. Белгіленген бөліктің жалпы ұзындығы 1,3 шақырымды құрайды. Мұндағы жөндеу жұмыстары бір айдан астам уақытқа созылады деп жоспарланған. Яғни алдағы маусым айының соңына дейін. Осы уақыт аралығында жүк көліктері бұрынғыдай С.Тюленин көшесімен қатынай береді. Ал қалаішілік көліктер Әбілқайыр хан даңғылымен, С.Датов көшесімен жүретін болады, – деді Азамат Ерғалиұлы.
Тағы бір айта кетерлігі, бұл жолдың бөлігінде әртүрлі 35 бизнес нысаны орналасқан екен. Олардың бірқатары жол жөндеу жұмыстары кезінде қашықтықтан жұмыс жасау режиміне көшеді. Мұндай жұмыс режиміне көшуге мүмкіндігі жоқ бизнес нысандары уақытша жабылады. Бөлім басшысы атап өткендей, Шолохов көшесінің жолын күрделі жөндеу жұмыстары әлеуметтік-инвестициялық жобалар аясында «ҚПО.б.в» компаниясының қаражаты есебінен жүргізілуде.
Жалпы жобаға сәйкес, 6,1 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Оның бірі – 4,6 шақырымдық Шолохов көшесі, екіншісі – 1,5 шақырымдық Северный көшесі. Кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын жобаға бөлінген қаражат 4,2 миллиард теңгені құрайды. Жоба шеңберінде жолды ұлғайту, жарықтандыру және жаяу жүргіншілер жолдарын салу шаралары қарастырылған. Шолохов көшесінің аталған бөлігі жөнделіп болғаннан кейін жұмыстар одан әрі жобаға сәйкес С.Тюленин – Ғ.Құрманғалиев көшелерінің аралығында, Ғ.Құрманғалиев көшесінен әрі қарай жалғасатын болады. Жол жұмыстарын мердігер мекеме «Адал арна» компаниясы атқаратын болады. Негізінен екі жылға жоспарланған жоба болғанымен, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігінің қолайлылығы үшін жолды жөндеу жұмыстарын биыл жыл соңына дейін аяқтап, келесі жылға жарықтандыру және басқа да жұмыстарды жүргізу жоспарланған. Егер мүмкіндік болса, барлық жұмыстарды биыл аяқтау да ойда бар.
Мердігер мекеме өкілі Жандәулет Нұрлыбаевтың айтуынша, Шолохов көшесіндегі жол жұмыстарына 80-ге жуық жұмысшы мен 30-ға тарта техника жұмылдырылған. Бұл жұмыстарға қажетті құрылыс материалдары толықтай дайындалған.