Елді ашындырған «әуежай ісіндегі» айыптаулар тым ауыр емес пе?

Елді ашындырған «әуежай ісіндегі»  айыптаулар тым ауыр емес пе?

(Басы өткен санда) 

Тәуелсіздігімізге 30 жылдан асып барады. Көп-көрім уақыт қой. Ширек ғасыр. «Осы 30 жылдан аса мезгіл қазақ халқына не берді?» деген сауал көпшіліктің көкейінде кілкіп тұрғаны анық. Иә, 30 жылда жеткен жетістіктен кеткен кемшілік орасан. «Ойпырмай» деп таңдай қаққан сәттерден көрі «Әттеген-ай» деп «аһ» ұрған мезеттердің қарасы молырақ. Жақсылық пен жамандық итжығыс түсіп жататын заманда, қуаныш пен өкініштің ғасырдың иініне мінгесіп жүретіні түсінікті жайт.

Ел болғасын екіұдай пікір айтылуы да заңдылық. Біреудің көңілі толады, енді біреудің реніші басым. Біреу тоқ, біреу жүдеу. Біреу жайдарлы, біреу ашулы. Бұл әлмисақтан адам адам болып жаратылғалы тайталасып келе жатқан үрдіс. Қалай десек те тәуелсіздік тұғырына қонған күн – қазақ үшін құтты мереке! Бір елдің боданы болып мөлиіп жүргеннен гөрі азат елдің ауасын еркін жұтып жүру бақыт емес пе?! «Ашыққан қарын тойынар, жабыққан көңіл жұбанар» дейді атамыз қазақ мұндайда. Алайда тәуелсіз елдің көршілерімізге тәуелділігі көзге ұрып тұр. Оны кешегі Қаңтар оқиғасында көрдік. Мемлекеті тәуелсіздік алса да, әлі күнге тілі азаттық ала алмаған екі ел болса, біреуі – Қазақстан, жалғыз болса, ол – нағыз Қазақстан. Ащы да болса шындық осы! 

 

Бірді айтып, бірге кете бердім-ау, жақында Қаңтар оқиғалары кезінде «Алматы әуежайын басып алды» деген айыппен 5 адам 4-8 жылға сотталды. Үкімді Алматының Наурызбай аудандық соты шығарды. Сот айыпталушыларды кінәлі деп танып, журналист Әйгерім Тілеужанды 4 жылға бас бостандығынан айырды. Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шілібаев пен Жанайдар Кәрменов 8 жылға сотталды. Тілеужанова мен Нұрпейісов жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды (ҚР ҚК 272-бабының 1-бөлігі) деп айыпталса, Дәлібаев, Шілібаев және Кәрменов әуежайдың стратегиялық объектілері мен «КазАэроНавигация» РМК шабуыл жасау және басып алу кезінде зорлық-зомбылық, өртеу, мүлікті қирату және жоюмен қатар жүрген жаппай тәртіпсіздікке (ҚР ҚК 272-бабының 2-бөлігі) қатысты деген күдікке ілінді. Сот залына жиналған көпшілік айыпталушыларға берілген жазаның әділетсіз екенін айтып жатты. Әлеуметтік желіде де «әуежайды басып алды» деп сотталғандардың жазасы шектен шыққан қаталдық екенін жазып жатқандар көп.

Тарих қайталанады деген рас-ау. Біздің буын, аға буын кешегі Желтоқсан қырғынын көзбен көрдік. Қан жылаған жастардың көз жасымен алаң шылқып жатты.  Әділдік іздеген қыз-жігіттерді Желтоқсанның аязы ғана емес, сұм биліктің аяр саясаты да қарып жатты. Ол заманда да шындық іздеп шарқ ұрған жастарды қаралаған зиялылар жетіп артылды. Олардың көбі әлі күнге даңқ биігінде жүр... Желтоқсан қасіреті әлі күнге толық бағасын алған жоқ. Әлі де күнгейі мен бүркемесі жетеді. Ол кеңестік дәуір еді. Қазақ билігі Мәскеуге  құл еді. Қауқарсыз еді. Шарасыз еді... Желтоқсан оқиғасының шындығын кеңестік кезеңнің құрсауынан шықпағанымызбен жасырып, өзімізді ақтап аламыз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында әйел базаршы болып бала-шағасын қиындықтан алып шыққанда еркек қазаншы болудан әрі аспадық. Ендігімізге не жорық?!  

Қазір тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан асты. Жердің асты мен үстінің байлығына өзіміз би, өзіміз қожамыз. Сөйте тұра халқымыз кедей, билігіміз дөкей. Әлі күнге ескіден қалған жемқорлық пен сыбайлас ұрылардың отанымыз. Неге? Кім кінәлі? Неге еңсеміз көтерілмейді? Халық неге ата-баба қызғыштай қорып бізге жеткізген иен байлықтың қызығын көрмейді?

Кімге өкпелейміз? Бәрін саясатқа жатқызып, «сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» деп жүре беруге де болар еді. Бірақ... Осы бірақ мені қинап тұр.  2022 жылдың қаңтарында  Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газдың қымбаттауынан басталған наразылық лезде бүкіл елге жайылып, Қазақстанның көптеген аймағында жұрт жылдар бойы қордаланған проблемаларды шешуге қауқарсыз билікке қарсы бас көтерді. Жаңаөзендіктер талабын қолдағандар Алматы мен астанада, сонымен бірге Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Екібастұз, Қызылорда, Орал, Өскемен, Семей, Талдықорған, Тараз бен Шымкентте және шалғайдағы кейбір аудан орталықтары, шағын ауылдарда да наразылық акциясы болды. Демонстранттар әлеуметтік-экономикалық мәселелерге қоса саяси талаптар да көтерді. Елді отыз жылға жуық басқарған бұрынғы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлі де билікке ықпал жүргізіп отырғанына наразылығын білдіріп, «Шал, кет!» деп ұрандаған халық қымбатшылық пен жұмыссыздықты ауыздықтауды, сыбайласқан жемқорлықты жоюды, үкімет пен парламентті таратып, еркін де әділ сайлау өткізуді талап етті. Содан бері не өзгерді? Өзің сарапта, өзің ойлан! 

Кемінде 238 адамның өмірі қиылған Қаңтар оқиғасы ешқашан ұмытылмайды. Біз болмасақ та, келер ұрпақ әділ бағасын береріне кәміл сенемін.   «2022 жылы Қазақстанда адам құқығын бұзу жаппай сипат алды» дейді құқық қорғаушылар. Ескертусіз оқ атуға пәрмен берілгенде атылғандардың туыстарынан, полицияда азапталғандардан, тергеу мен сот әділдігіне қол жеткізе алмағандардан  арыз-шағым көп түскенін көзіміз көрді. Үкіметтің берген уәдесіне қарамастан, азаматтар бейбіт жиын өткізу, бірлестікке бірігу бостандығын еркін пайдалана алмай, билікті сынайтындар қудалауға ұшырағаны да рас. Қазақстанда қаңтарда болған жаппай ереуіл кезінде қылмыс жасады деген күдікпен 1 мыңнан астам адам жауапқа тартылды. Бұл білетініміз, білмейтініміз қаншама? Оны тарих өзі аршып алар.  

Сонымен айтайын дегенім,  Әйгерім Тілеужан мен төрт азаматқа шыққан үкім көпшілікті есеңгіретіп тастады. Шартты жаза берер деп күткендер көп еді. Соның бірі мен болатынмын. Үмітіміз көкке ұшты.  Нақты дәлелі жоқ, ақылға қонбайтын айып тағылған іспен 4 және 8 жылға соттау деген... Бұдан өткен қатыгездік болмас дейді ішкі ойым. 

 Судья үкім оқыған соң шарасыз туыстары айқайлап жылап, талықсып, есін жия алмай жатты. Әйгерімнің мамасы сөйлей алмай қалды тіпті. Өзі ер екен. Ерге бергісіз жан екен. Соңғы сөзінде еш қиналмай, қайғырмай, қаймықпай тура айтты.

Кешегі журналистердің мерекесінде аспаннан «шұға жауғанда» ғана небір зиялылар мен кәсіби журналистердің барын білдік. Сайлау өтердің алдында ғана депутаттыққа үміткер небір кандидаттардың барын көрдік. Ал «бесеудің сотына» қатысты сөзді олардан басқа кез келген қазақ азаматы көптеп айтып жатыр. Шырылдап жанайқайын жеткізіп жатыр. Бұл қарапайым халықтың жанына көбірек батты. Неге әлгілер үнсіз? Күні кеше сайланған депутаттар неге жақ ашпайды? Әлде «Қаңтар қырғынын» «ұйымдастырған» бесеу басқа ғаламшар тұрғыны ма?  «Әр қазақ – менің жалғызым» дейтініміз қайда, қаршадай қазақ қызы Әйгерім қазаққа жат  болып па сонда? Мына айыптау тым ауыр және ұят.

 

Әуежайды қарусыз бес адамның басып алуы – абсурд! 

 

Әуежайды басып алды деген бесеуінің қайсысы, билік айтқандай, шетелде арнайы дайындықтан өткен бандитке ұқсайды, айтыңыздаршы?.. Сотталғандардың бірі – журналист, бірі – мұғалім, бірі – кәсіпкер, бірі – қара жұмысшы, тағы бірі – жұмыссыз жүрген адам. Құдайшылығын айту керек, көпке топырақ шашпау керек. Жалғыз мен емес, небір атпал азаматтар пікірлерін әлеуметтік желі арқылы айтып та, жазып та жатыр. Оны тыңдар құлақ бар ма?

Мысалы Серік Абас-шахты оқып көрелік.  «Мәжіліскерлер, сенаторлар! Құрылтай құрғыштар! Кеше ғана марапат сыйлыққа әбден «шомылған» БАҚ қызметкерлері! Жиындарда ата-бабамыздың «батыр болғанына» мақтанудан, сайлау кезінде «жеті саны қасиетті екенін» айтып ақталудан шаршамаған зиялы қауым! (Әсіресе, Жазушылар Одағы). Журналист Әйгерім Тілеужан мен оның қасындағы белсенді азаматтар «Алматы әуежайын басып алғаны үшін» 4 жылға сотталып жатыр. «20 мың терроршының» елді жаулап алғанына сенбеген халық қаршадай қыздың әуежайды басып алғанына да сенбейді. 

Құрметтім, неге үндемейсіз? Жоқ әлде «пәледен машайық қашыпты» деп отырсыз ба? Азаматтық ұстаным қайда? Намыс қайда? Сіз кейінгі ұрпақ алдында қалай ақталмақсыз? Естімей қалыппын дейсіз бе, жоқ әлде елдің жағдайын кең ауқымда ойлағандықтан, елдің аузын жабу немесе белсенділерді торға қамау сияқты мәселелерге ұсақ-түйек деп көңіл бөлмедік деп міңгірлейсіз бе? Ұйқыға жатар кезде не ойлайсыз(дар) осы?». Шындық қой! Болашақты, келешекті ойлаған адам өстер ме еді?

 

Осындай қысылтаяң сәттерде миға да түрлі ойлар келеді:  

1. «Орталық Азияның бір елінен келген террористерді басқарған журналист, мұғалім мен жұмыссыз  кісілер ме? 

2. Қару ұстауды да білмейтін оларға әуежайды тастай салып қарулы күзет кетіп қалған ба?  

3. «Террористер» басып алған әуежайын неге әрі қарай ұстап тұрмай кетіп қалған? Басып алғандағы мақсаты не өзі? Осыған жауап беретін кім бар? Әй, қайтейін, бүкіл әлемнен ұят болды. Демократиясы дамыған, халқы шалқып тасыған Қазақстанның мұнысы жарамады. Жүректі жаралады. 

 

Қаңтар қантөгісіне кінәлілерді тауып, жазалаудың орнына,  әуежайды басып алу түгілі көшедегі бұзақыға есесін жіберіп алатын момақан азаматтарды террорист қылып шығару тек бұрынғы билік тағайындаған соттың қолынан келді! Осындайда амалсыз Сталиннің  репрессия жылдары еске түседі. Бұл жолғы соттың одан несі кем?  Ар, ұят, ынсап деген адами қасиеттер  ұмытылған заман. Бұндай «жаңа Қазақстанның» ертеңіне кім сенбек?

Белгілі журналист Сәкен Сыбанбайдың уытты ойларын жазбай кету арға сын!   «Жаңа Қазақстан» осы ма? «Әділетті Қазақстан»? Ескі Қазақстан марқұм Заманбек Нұрқаділовті «өзін-өзі үш рет атты» деген жойдасыз өтірігімен масқара болып еді. Енді «жаңасы» ұялмай-қызармай «Әуежайды қарапайым бес адам барып басып алыпты» деп сендіргісі келеді. Сонда «20 мың террорист» не бітірген? Өтіріктің шегі болатын шығар деп ойлаушы ем. Әлемде бар шығар, бірақ біздің елде өтіріктің шегі болмайды екен. Ештеңе де өзгерген жоқ. Тек бір өтірікшінің орнына екінші өтірікші келіп отырды... Елдегі ең мықты адвокаттар тізе қосып, апелляция жасап, «Әуежай ісінің» қайта қаралуына қол жеткізуі керек. Жазықсыз жазаланғандар ақталсын!» – деп жазды ол. Күйінген адамның жанайқайы ғой бұл. 

Әсіресе  Жолдас Орысбаев деген азаматтың терең сараптамасы көңілімнен шықты. Керемет талдау. «Бесеудің» сот процесінде тегеурінді жауап осындай-ақ болар.   «Қоғамдық пікірді қалыптастыруға әсер ететін кез келген адам оны бұрмалауға саналы не бейсаналы түрде септігін тигізбеуі керек. Қоғамдық пікірдің бұрмаланбауына әрбір адам жауапкершілік алуға тиіс. Әйтпесе, біліп не білмей пропаганда рычагына айналасыздар. Нарратив реті көбінде бірдей: Сот үкімі шықты; сотталғандар кімдер және қанша жылға кетті; баптар туралы мәлімет; сосын прокурор позициясы мен оның сұраған жылы туралы жазылады; келтірілген залал туралы дерек бар; сосын ӘДІЛ ҚАЗАҚСТАН жеңісі айтылады;

Пропаганда элементтері: Посттардың басым бөлігінде «билікке жағыну, бас ұру» элементі бар. Билікке, оның ішінде сот билігінің үкіміне еш сұрақ артпау соның белгісі. Бұл пропаганда элементі бізде өте жиі кездеседі. «Екінші елбасыға»  мемлекет басшысына тіл тигізбей, пафосты сөздермен өзгелерді аямай сынасаңыз, сізге, жеке басыңызға еш қауіп болмайды. Себебі ол шенеуніктер мемлекет басшысының ашуынан «қорқады». Сосын дәл осы паттернде сыни пікір жазу арқылы автор халық алдында «мемлекетшіл патриот» болып көрінеді. 

Бір постта «Олар еліміздің мемлекеттілігіне, тәуелсіздігіне қатер тигізді» деп жазылады. Бұл пропаганданың «US versus Them», нақтырақ «ақпаратты фреймдеп» беру әдісіне келеді. Себебі автор сотталғандарды «олар» деп бөліп қойып, ал өзін жәбірленуші тарап секілді «біздің еліміздің тәуелсіздігін» деген нарративті қолданып отыр.  Мұнда автор сотталғандар позициясын түсінбейтінін айтып, артынша өзінің ел қауіпсіздігі үшін жасаған әрекетін келтіреді. Бірақ сотта сотталғандардың айтқан аргументтері туралы ешнәрсе айтылмайды. Бұл да эмоцияға негіздей отырып, ақпаратты фреймдеп беру саналады. 

«Екінші Қаңтар оқиғасы болмауы үшін бірінші Қаңтар оқиғасына қатыстылар әділ жазалануы керек» деген пікірде хипократия бар. Бұл пікір қазіргі билікке қаратып айтылса, келісер едім. Бірақ ол Қаңтар оқиғасының толық картинасын ашпай, бұрмалауға тырысып жатқан қазіргі билікке емес,  қаңтаршыларға қарата айтылып отыр. Сосын хипократияға сот әділдігі туралы аргументтерді де кіргізуге болады. «Мемлекет дамуы үшін заң өктемдігі болуы керек» деген пікірлер бар.

 

Президентке айтылған дат халыққа жақ бола ма?

 

Бірақ Қазақстанда заң өктемдігі бәріне бірдей емес екендігіне талай мысал келтіруге болады. Бірақ пост авторлары Үкіметке тиімді сот шешімі шыққан кезде «әділ шешім» деп баға бергені «таза екіжүзділік» саналады.  Бірнеше постта сотталғандар айыбын мойындамағаны айтылады. Ал қалғандарында олардың позициясы туралы еш жазылмайды. Бұл «оқиғаға объективті қарау, екі жақтың позициясын көрсетпей, ақталуға мүмкіндік бермеу» осы пропаганда әдісіне келеді. 

Мысалы, бір постта жоғарыда айтылғандай жалпы деректер беріледі де, соңында «Бейнематериал 2022 жылдың қаңтар айында түсірілген...» деп жазылады, астында сәйкесінше бір видео жүктеледі. Яғни мұнда бейнематериал оқырманды «сендіруші» элемент ретінде қолданылып отыр. Оның сот ісіне қаншалықты қатысы бар екені маңызды емес. Үкім дәл осы хаосты жасағандарға қатысты деп көрсету арқылы қоғамдық пікірді өзгерту амалы болып отыр. 

Логикалық байланыстың болмауы. Мысалы, сотталғандарға «әуежайдың диспетчер қызметіне шабуылдап, жаулап алды» деген айып тағылған еді. Бірақ олар ешкімге күш көрсетпегенін, кейін бейбіт түрде кеткенін айтса да, айыпты деп танылып отыр. Бұл логикалық байланыстың болмауын көрсетеді.  Пропаганда элементтерін пайдаланып, про-үкіметтік позицияда пост жазғандар өздерін орта статистикалық қазақстандық етіп көрсетуге тырысқан. Бұл өзге де орта статистикалық қазақстандыққа әсер етудің әдісі саналады» дейді. Көңіл төріне қонатын сараптама. Ықтиятты зерттелгені көрініп-ақ тұр. 

Қаңтаршыларды соттау «20 мың лаңкес» деген ойдан шығарылған ертегіні жамылған биліктегі кейбір жаны ашымастарды  ақтап, қазаққа жала жабу емес пе? Бұл қазақ ұлтына қарсы шығарылған үкім болып жүрмесін. Менде осындай  қорқыныш бар, ағайын. Әйтпесе «алаңға шыққан 20 000 террористі» тауып, соттайтын уақыт келді ғой. Оларды шетелден келгендер дегені де ел есінде. Елдің қарсылығына қарамай сотталған  бес қазақ өзіміздің қазақтар емес пе? Қайда 20 мың террорист? 

Шындықты шырқыратып айтқандардың бәрін қамай берсе, Жаңа Қазақстан – лаң Қазақстан болып кетпей ме? Думан Мұхаммедкәрім, Марат Жыланбаев, Асқар Сембайды да осылай соттай береді ме мына құзырлы органдар?  Заң қайда? Әділдік қайда? Жанболат Мамай анау,  Арман Шораевтың да артында тыңшы жүр. 

Иә, «бесеудің» үкімі шықты. Бірақ бұл соңы емес қой.  Ауданаралық соттан кейін апелляциялық сот, Конституциялық сот тұр. Бірақ, тәжірибе көрсеткендей, олардың тарапынан 1000/1 істің ғана үкімі өзгертіледі. Президенттен шешімді өзгертіп бер деп талап ету артық шығар. Дегенмен ол республикамыздағы заңдылықтың кепілі. Оның үстіне шешімді өзгертпесе де, сотталғандарға амнистия жариялау әбден қолында тұрған нәрсе деп білемін. Сот әділ болса,  ешкім Президенттен көмек сұрамайтыны анық.  Әрине, өз ісіне адал судьялар да  бар.  Бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпыз.  Біріншіден, сот тәуелсіз болуы тиіс.  Және сот төрелігін жүзеге асыратын адал судьялар көптеп болса,  нұр үстіне нұр болмақ.  Өйткені соңғы нүктені қоятын да,  адам тағдырын шешетін де осы билік.

Жалпы заң деген қатып қалған дүние емес.  Заң  – халыққа қызмет ету үшін жаралған дүние! Отаншылдық көзқараспен қарағанда бесеуі ҰҚШҰ (ОДКБ) контингентінің елге кіруіне қарсы болып, азаматтық көзқарастарын білдіріп,  осындай қадамға ел үшін,  Отан үшін барды деп есептеймін. Одан ҰҚШҰ кірмей қалған жоқ. Кірді. Болары болып,  бояуы сіңді.  Енді соңында мына ағайын жазықты боп жатыр. Адам шығыны болған жоқ, ешкімді өлтіріп жанын алған жоқ.  Осыған орай, Президенттің жыл бұрын айтқан:   «Бізге ел бірлігі ауадай қажет. Ереуілге қатысқандар да, күштік құрылым қызметкерлері де – өз азаматтарымыз. Олар сот әділ өтеді деп қана емес, қоғам кешірімді болады деп үміттеніп отыр. Мемлекет Қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетті. Заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан мен Қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдадым», – деген сөзін алдыға сала отырып, халық кешегі азаматтарға сауға сұрап жатыр! Халықтың наразылығын күшейтпес үшін, халық пен билік арасын жақындастыру үшін қалай да бір жеңіл жаза керек-ақ!

 

«Бесеудің соты» халық толқуының «оты» болмасын! 

 

ТҮЙІН: 

Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаға жүгінейік. Ол «Қаңтар шындығы ашық айтылмаса, билікке сенім болмайды!» деп сұхбат беріпті. Және де «Мәселе Мәсімовпен бітпейді! Көсеушілері ғана емес, көсемдері айыпталуы керек!» деп жанайқайын білдіріпті. Сондай-ақ «мемлекеттік төңкерісті көшедегі «жабайы Армандар» ғана жасамайды… Халық ақиқаттың ашық айтылуын күтіп отыр…» деп тура тартыпты. «Қаңтар қасіреті» толық тексеріліп, ашық айтылуын Парламентте алғаш талап еткен «Ақ жол» фракциясы екенін де мақтана айтыпты. Депутат Қазыбек мырзаның мына сөзіне бей-жай қарау мүмкін емес. «Қаңтар қасіретінде жазықсыз қаза тапқандарды соттағыштар алдымен о дүниеге барып, олардан жауап алып келсін…» дегені, енді... жүрекке ауыр тиер байлам екен.

Кейде отырып ойлайсың, осы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты  аяқтан шалып жатқан, оның ізгі ойларына соққы беріп жатқан өзінің қарамағындағы бассыз шенеуніктер. Әйтпесе ойланар еді ғой.  

Әбдімүтәліп Көбей атты азаматтың мына жазбасы да іштегі көп ойды қозғап жіберді. 

«Иә, Қаңтар оқиғасына қатысушыларға сот үкімі шықты. Қоғамды дүр сілкіндірген қатал жаза кесілді. Кеше ғана, 12 шілдеде Қаңтар оқиғасына қатысқан Түркістан облысының бірнеше жас жігіттерін  Шымкентте қамауға алды.  Президент өткен жылы, ұмытпасам, қыркүйек айында, Қаңтар оқиғасына қатысқандарға, ауыр қылмыс жасамағандарға рақымшылық жариялады. Президенттің бұл қадамын қоғам өте ризашылықпен қабылдады. Еліміз 2022 жылы сайлауда Қасым-Жомарт Кемелұлына үлкен сенім артты! Сот билігі, құқық қорғау орындары дәл бүгін, оқиғаның жарасы жазылып келе жатқанда неге Президенттің рақымшылық жасау туралы саяси шешімін қоғам алдында жоққа шығарғандай қадамға барды?  Осы жағы  маған түсініксіз! Әлде осы Қаңтар оқиғасын, халықтың  жазылмаған жарасын біреулердің нұсқауымен әдейілеп ел есіне осылай салғысы келді ме? Олардың мақсаты не? Президенттің емеурінін, саясатын  түсінбейтіндей дөрекі шешімдерді кімдер, не үшін қабылдауда? Көрші Ресейге қарамайсыздар ма? Қандай кешірімдер жасап жатыр?!  Рақымшылық жасау туралы Заңда жазалауды жеңілдету туралы бап бар емес пе?

Жап-жас журналист қыз бен төрт жас жігіт бүкіл әуежайды басып алуға ұйытқы болды дегенге кім сенеді? Бір жарым жыл өткеннен кейін,  ауылда тыныш қана еңбек етіп жүрген жас жігіттерді ұстап қамауға алуды қоғам қалай қабылдайды?! Айналайындар-ау, бұл қадамдар бүкіл ел алдында Президенттің беделін түсіру емес пе?!  Жараны тырмалау кімге керек болды? Президент Әкімшілігі бұл мәселеге терең үңіліп, саяси баға беруі керек, қоғамды дүрліктірген  шешімдер қайта қаралуы тиіс деп есептеймін!» – депті ол. 

Қалай айтсаң да, қалай болжасаң да, нәзік жанды әйел адамның «Қаңтар қырғынын» ұйымдастыруы миға сыймайтын іс қой. Толық ақпарат беру үшін жанталасқан журналистерді бұлай қамай берсе, әділетті Қазақстан қайда сонда? Нағыз әділетсіз қоғам осындай кезде орнайды. Анасы ол еңіреп жылап қалды. Сот әуежайдағы бейнекамералардан алынған видеоларды алға тартып отыр ғой. Ол жаққа журналист не үшін барады? Әрине, шынайы ақпарат тарату үшін де, сол үшін алдыңғы шепте жүреді емес пе?..

Анау төрт азаматтың тағдыры тіпті қиын.  Обал болды ғой.

Қазақ ұлты ешқашан ешкімге құл болып, бағынбаған еркін халық! Біздің таңдауымыз – демократия. Қазақ әрдайым шындықты тура бетке айтатын халық еді. Кім болып барамыз? Билігіміз қайда қарап отыр? Неге үндемейді? Халықты неге сабырға шақырып, салиқалы пікірлерін айтпайды? Кім екенімізді еске түсіретін кез келді, ағайын. 

Герман империясының канцлері Отто фон БИСМАРК (1815-1898 жж.) былай деген екен:  «Заң нашар болып, шенеуніктер жақсы болса, елді басқаруға болады. Егер шенеуніктер жаман болса, ең жақсы заңның өзі көмектеспейді».

Сот – тәуелсіз, әділ, заң болуы керек бізде. Жалтақ, жемқор, қиянатшыл емес. Әділетті Қазақстан дегенді сот жүйесінен бастау керек. Судья анау шіріген бай Ниді бостандыққа жібере салған сот болса, не айта аласың?..

Әрине, «бесеуге» шыққан сот үкімі ауыр. Бірақ бұл төменгі сот қой. Азаматтардың жазасын жеңілдетуге мүмкіндігі бар куәлар, заңгерлер ары қарай да қуынуы керек. Жоғарғы сотқа дейін барсын. Халықтың сот үкіміне келіспеушілігін олар да көріп отыр. Бір жеңілдігі болар. 

Белгілі журналист Алмас Алтай өзгеше толғаныпты. Әріден қозғап, тереңірек бойлапты. «Халық пен Билік арасы әбден ашылып, енді ешқашан қосылмасқа кеткен секілді... Бұл ымырасыздықтың соңы ырғасу, ырғасу соңы ырылдасуға апарады.  Алматыдағы «әуежай ісі» бойынша шыққан сот үкіміне халық наразы болды.  Әлеуметтік желі шулады, билікті қарғау белең алды, Президенттен араша сұралып жатыр... Әлеуметтік желі өзіміздікі; Билікті қарғаудың басы емес қой, соңы да болмас, сірә; Ал, Президенттен «соттың үкіміне әсер ет, шешімді жұмсарт» деу әнтек сияқты. Сот билігінің тәуелсіз, ашық, әділ, тек заң шеңберінде шешім шығарғанын қалаймыз. Жан-тәнімізбен беріліп тұрып соны талап етеміз!!! Біраааақ, бірақ... Кейде өзімізге ұнамайтын шешім шықса, оны Президентке айтып өзгертіп ала салғымыз кеп тұрады. Яғни, Президент сотқа әсер етіп, «заңды сәл бұрмалап, халыққа ұнайтын шешім шығарып берші» деп жіберуі керек та. Соттың пікіріне Биліктің әсер еткенін жек көреміз. Ал, Халықтың сот билігіне араласуы, үкімді өзгертуге тырысуы әділет сияқты көрінеді. Негізі, менің ойымша, Сот ешкімді де тыңдамауы керек, оның сүйенері Заң ғана болуы керек қой. Заң толық үстемдік құрған мемлекетте өмір сүргіміз келсе, соттың келесі деңгейлерінде мына үкімнің жеңілдетілуіне жұмыстануымыз керек қой. Жоғары сот деген бар, Конституциялық сот деген бар, соларға ресми түрде арыз, шағым, келіспеушілік, наразылық акцияларымызды өркениетті түрде білдіруіміз керек қой!   Қазақ ішінде заңды шемішкіше шағатын, бұндай процедуралардың қалай жүзеге асатынын білетін жігіттер, қыздар бар ғой, солар елдің алдына шығып, осы жұмыстарды жүйелеп жүзеге асырса, қані?!  Рас. Кешегі шешім қатал, жаза ауыр, мен бірден айттым бұл пікірімді.  Қазір де «жаза жеңілдесе екен» деп отырмын, алда әлі соттың келесі деңгейлері бар, үкімді оқыған сот та «он бес күн ішінде арыздануға мүмкіндіктеріңіз бар» деді, демек, соңғы сөз айтылды деуге ерте ғой! «Үмітсіз шайтан» дегендей, сол келесі деңгейдегі соттан соң мынау шыққан үкім жеңілдеп, тілектес көптің қалауы орындалғай деп тілеп отырмын», –  деп ағынан жарылғаны ұнады маған.

Әу баста Қасым-Жомарт Тоқаевтың 20 мың террорист туралы айтқанмен, артынша, «Президентке дұрыс ақпарат жетпеген» деген сөз шықты да, бұл тараптағы әңгіме тынышталып қалды. Неге? Әр нәрсенің сұрауы болмайтын ба еді? Кім жалған ақпарат берген? Оның аты неге аталмайды? Бұл біле-білгенге үлкен қылмыс! Жалған ақпарат қаншама мың адамның тағдырына әсер етті...

«Әуежай ісі» бойынша тергеу төрт ай бұрын басталған. Алғашында Қаңтар оқиғасын ұмытпаса да, ести- ести, құлағы үйрене бастаған жұрт бұл іске онша назар аудара қойған жоқ деуге болады. Жұрттың жаппай назар аудара бастауы – куәгерлердің сөзінен тануы, яғни бұған дейін берген көрсетінділерінен бас тартуынан кейін басталды. Бұл ретте Қаңтар оқиғасынан кейін етек алған қинау, бопсалау, мәжбүрлеу ісінің шеті қылтияды.

Мақаламды заң шығарушы органның екі депутатының пікірімен аяқтағым келіп отыр.  Әлеуметтік желідегі халық «кеше сайланарда бәрін қарық қыламыз деген депутаттар қайда?» деп шулап жатыр. Олай болса қос бірдей халық қалаулысы «әуежай ісін» қалай бағалап отыр екен, көрейік.

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым саясаттанушы Марат Шибұтов жүргізетін «Диванные эксперты» бағдарламасында «Әуежайды басып алу ісіне» қатысты пікір білдіріпті. «Қаңтар оқиғасын» айтпағанда, әуежай мен «Қазаэронавигацияны» басып алудың өзі – терроризм. Екіншіден, бұл – қала тұрғындарына төндірілген қауіп. Егер транзит арқылы бір ұшақ сол сәтте құлағанда, адам шығыны тіптен көп болушы еді. Бұқаралық ақпарат құралдарында шығып жатқан материалдардан, видеолардан барлығын айқын көре аламыз. Өкінішке қарай, ақпараттық алаңда «мүлдем қаһармандыққа сай емес адамдарды батыр етіп жатырмыз». Манипуляция көп», – дейді Айдос Сарым.

Ермұрат Бапи, Мәжіліс депутаты: «Иә, жалғыз қыз әуежайды басып алуды ұйымдастырды деген естіген құлақтан ұят. Бірақ Қаңтар жазалаушылары телеграф бағанын қылмыскер қылып шығарса, аң-таң бола алмайтын күлкілі жағдайға жеттік.

Мен Әйгерім қарындасымды біраздан бері білемін, таза азаматтық ұстанымның адамы! Тұла бойында бөтен ой жоқ, елдің өзгеруіне тәнті жастардың бірі.

Әйгерім абақтыда отырғанда да, үйқамақта да хабарласып тұрдым. Ал енді сотты боп, қамалып кетер болса, әрине, депутаттық пәрменмен араша түсеміз. Өкінішке қарай, каникулға шыққан күннен бері мертігіп қалып, үйден шыға алмай отырмын. Қолдау көрсетудің қамымен сотқа қатысу керек еді... Амал жоқ!».

«Бесеудің соты» жайлы айтқым келгені осы еді. Аққа құдай жақ! Жазықсыз жандар отбасына оралса екен. Билігіміз турашыл, сотымыз  әділ, халқымыз  рухты болса деймін. Сонда көңіліміз  жай болар еді-ау. 

Алда апелляция. Бәлкім, Президент өзі араласып, «бұл не қылған бассыздық, мен сендерге еркін болыңдар, ашық, әділ болыңдар деген жоқпын ба?» деп судьяларды бір сілкіп алса… Бесеуі ғана бір әуежайды басып ала салған белсенділер туралы ертегіге нүкте қойылып қалуы да ғажап емес. Барлығы уақыт еншісінде!

 

Аллаға сансыз шүкір деймін.  Бесеудің сотына  қазақ қаламгерлері сот шешімімен келіспей, Президент атына  Үндеу жариялады.  Онда былай жазылған:  Дат!

 

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа Ашық хат

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

 

Қасіретті Қаңтар оқиғасына жыл толды. Осы уақыт ішінде қанды оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп, түрлі комиссиялар, жұмыс топтары мен азаматтық қоғам өкілдері зерттеулер жүргізді. Бірақ әлі күнге дейін оқиғаның мән-жайы ашық айтылып, оның әділ бағасы берілген жоқ. Қанды оқиғаға қатысты түрлі деңгейдегі сот орындарында өткен процестерде өрескел заңсыздық орын алуда.

Сіз: «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауыңызда: «Қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажет», – деген едіңіз. Алайда біз, қазақ қаламгерлері мен зиялы қауым өкілдері, 2023 жылдың шілде айының 11-і күні Қаңтар оқиғасы кезінде «әуежайды басып алу ісі» бойынша сотталған журналист Әйгерім Тілеужанға, белсенді Қалас Нұрпейісовке, Нұрлан Дәлібаевқа, Ермұхамет Шилібаевқа және Жанайдар Кәрменовке шығарылған үкімге қатысты қатал және түбегейлі келіспеушілігімізді білдіреміз. «Әуежай ісінің» үкімі халық қарсылығын күшейтіп, қоғамда резонанс туғызды. Бұл жағдайды егжей-тегжейлі зерттеп, осы іске ерекше назар аударуыңызды сұраймыз. Және де Ата Заңымызда белгіленген «халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының нышаны және кепілі» ретінде Сізден жоғарыда аталған азаматтарға араша түсуіңізді сұраймыз.

 

 

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

 

Жаңа Қазақстаннан үмітті Қазақстан Республикасының барлық Халқы жаңа өзгерістерді күткен еді. Алайда қоғамда әбден қалыптасып қалған ЕСКІ ЖҮЙЕНІҢ салқынын әлі де сезінудеміз. Әділетті Қазақстанның берік орнығуы үшін «Қасіретті қаңтар» оқиғасы бойынша жүргізіліп жатқан сот процестері әділ өтуі тиіс деп санаймыз. Сондай-ақ, Әділетті Қазақстан құру идеясына қарсы әрекет етіп отырған сот орындарындағы тұлғаларды әділ анықтап, оларға қолданыстағы заң аясында қатаң жаза қолданылуын сұраймыз».

 

СӘУЛЕ МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, публицист
03.08.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 70
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 592
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 708
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 621
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 631

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8767
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8166
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11395
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9149
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10380