1 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстанның халықаралық резервтері 89,7 млрд долларға жетті. Ұлттық банктің басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов Үкіметтің кеңейтілген отырысында: «Осы жылдың 1 желтоқсанында жалпы халықаралық резервтер 89,7 млрд доллар болды. 2022 жылы алтын бағасының төмендеуіне, мемлекеттік қарыздың төленуіне, сондай-ақ, бірінші тоқсанда валюталық интервенциялардың жүргізілуіне байланысты алтын-валюта резервтері 467 млн долларға төмендеді. Мұнай бағасының жоғары болуы Ұлттық қордың ақшасын толтырды. Мұнай бағасы қалпына келіп, 6 трлн теңге көлемінде жоғары түсім келді. Оның ішінде шетел валютасындағы түсімдер 9,8 млрд доллар болып, Ұлттық қордың активтері 55,8 млрд долларға дейін ұлғайды. Қаржы нарығындағы құлдырауға қарамастан, Ұлттық қордың құрылғаннан бергі кірістілігі жылдық мәнде 3,08 пайыз болды»,– деді.