Ел аумағындағы тарихтың темірқазығына айналған ең ежелгі шаһар – Тараз қаласы бүгінде күн санап құлпырып, көркімен көз сүйсіндіріп келеді. Соңғы жылдардың өзінде қалада небір сәулетті нысандар пайдалануға берілді. Облыс орталығында тұрғындардың сүйікті орындары пайда болды.
Соның бірі – еліміздегі ең ұзын және ерекше субұрқақ Тараз қаласында орналасқан. Шаһар тұрғындарының игілігіне айналған 220 метрлік субұрқақ «Желтоқсан толқыны» деп аталады. Атына заты сай субұрқақтың тарихи мәні де, өнегелі мазмұны да терең. «Желтоқсан толқыны» түрлі түсті субұрқағы 220 метрлік 3 каскадтан тұрады. Оның алғашқы толқыны 86 деген монументальды мафтан басталады. Бұрқақтың бойына Тәуелсіздігіміздің символдары саналатын барлығы 14 дана барыс, қыран құс, пырақ мүсіндері орнатылған.
Бұл субұрқақ дәл осындай атаумен аталатын аллеядан орын алған. Қайта жаңғырту жұмыстары нысанды Қайрат Рысқұлбеков саябағымен байланыстыру және біріздендіру мақсатында жүргізілген болатын. Жалпы, жобаның эскизі «Spektr Energi Group» ЖШС тарапынан әзірленген. Ені 20 метр, ұзындығы 240 метр болатын аллеяның аумағы 0,5 гектарды құрайды. Жоба құны – 284 миллион теңге.
Айта кетейік, аллеяда 120 павловния ағашы отырғызылып, 22 жарық шамдары, күн сәулесінен қуат алатын 4 дана батарея, 10 дана смарт орындықтарына интернет желісіне қосылатын құрылғылар (wi-fi), 48 орындық пен қоқыс тастайтын жәшіктер орнатылған.
Су – тіршіліктің нәрі екенін ескерсек, аталмыш субұрқақ еліміздің өміршеңдігін бейнелейтінін және тектілігін тазалықпен ұштастыратынын анық аңғаруға болады.