Qazaq uni порталы: «Қоғам белсендісі, ақын Қазыбек Иса елорда атын Нұр-Сұлтаннан қайтадан Астанаға ауыстыруды ыңғайсыз шешім екенін айтып, орнына «Алтын Орда» немесе «Алаш Орда» деп қоюды ұсынды», – деп хабарлайды. Қазыбек Иса өз пікірін: «Біз кезінде «Астана» атының өзіне де қарсы шыққанбыз. Бірақ ол ат, өкінішке орай, қойылып кетті. Кейінірек бір күнде «Нұр-Сұлтанға» ауысты. Енді сол біз жақтырмаған «Астана» атауының өзіне де зар болып, қайта аталуын қалап жатқандар да бар. Біздің елдің тарихында Назарбаевқа дейін де шешуші рөл атқарған атақты хандарымыз бар, сондықтан бұндай өзгерісті тарихпен байланыстыра жалғастыруды ұсынамын. Жағымпаздық жарысына түскендер Тәуелсіздік көшесінің өзін Назарбаевтың атына ауыстырып жіберді. Ақыр елорда атын елбасының атына, адам атына ауыстырған екенсіздер, енді бұны ұлттық мүддеге сай жалғастырып алып кету керек. Ендеше, енді тариxи сабақтастық ретінде Петропавл қаласына кезінде өзінің ордасы тұрған, үш жүздің басын қосқан қазақтың ұлы xаны Абылай xанның атын, Павлодар қаласына қазақтың тәуелсіздігі үшін күрескен қазақтың соңғы xаны Кенесарының атын, кезінде Алаш қаласы атанған Семейге қазақ тариxында ғана емес, Орта Азияда тұңғыш саяси партия құрған Алашорда үкіметінің төрағасы Әлиxан Бөкейxанның атын берейік. Қазір көбінесе, астананың атын «Алаш Орда» деп ауыстыруды қалап жатқандар да көп. «Елорда» деп ұсынғандар да бар. Әрине, мен Алашшыл, ұлтшыл ретінде де, Алаш Орданы ұлықтаушы «Ақ жол» партиясы мүшесі ретінде де «Алаш Орда» атауын қолдаймын. Бірақ бізге қазір ең басты қауіп – геосаяси жағдай болып тұр. Сондықтан көрші империяның көз алартулары көбейіп тұрған кезде «Алтын Орданың тойын жасап, Путинді шақыру керек» деп мақала жазғанымдай, кезінде Еуропа мен Ресейді қол астына қаратқан ұлы империяның мұрагері екенімізді еске салатын үлкен сес ретінде ел астанасының атауына «Алтын орда» лайық қой деп ойлаймын», – деген уәжбен түсіндіріпті. Патша көңілді оқырман, бұл уәжге сіздер қалай қарайсыздар?