«2023 жыл – Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялануына орай, облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Бахтияр Қараулов Тараз қаласының жанында орналасқан «Т.И.Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС-і» АҚ-ның жұмысшыларымен кездесу өткізді.
Бұл ірі кәсіпорынның негізгі мақсаты – еліміздің оңтүстік өңірін толықтай тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету және оңтүстік өңірлерде күзгі-қысқы кезеңде орын алатын электр энергиясының тапшылығын жабу. Қазіргі уақытта кәсіпорында 500-ден аса кәсіподақ мүшелері жұмыс істейді.
Кездесуде Бахтияр Сайлаубекұлы кәсіпорын жұмысшыларына осы жылды ҚР Кәсіподақтар Федерациясының Қауіпсіз еңбек жылы деп жарияланғанын, елімізде өндірістік жарақаттану деңгейі әлі де жоғары деңгейде екенін және ондағы өндірістік жарақаттан қарапайым жұмысшылардың зардап шегіп отырғанын атап айтты. Бүгінде өндірістік жарақаттанулардың ең көп себептері, ол өндіріс орындарында жұмыстың қанағаттандырарлықсыз ұйымдастырылуы, жұмыс беруші тарапынан қауіпсіз еңбек жағдайларының жасалмауы және тағы да басқа жұмыс берушінің кінәсінен болған себептер екенін алға тартты.
Осы орайда ҚР Кәсіподақтар Федерациясы әлеуметтік әріптестермен бірлесе отырып, Үкімет назарына Қазақстан Республикасында қауіпсіз еңбекті қамтамасыз етудің 2025 жылға дейінгі іс-қимыл жоспарын жүзеге асыруды, сонымен қатар еңбекті қорғау жөніндегі техникалық еңбек инспекторларының мәртебесі мен өкілеттіктерін арттыру, мемлекеттік еңбек инспекторларының санын арттыру, олардың өкілеттіктерін жергілікті әкімдіктерден Еңбек министрлігіне өткізу туралы ұсыныстары енгізіліп отырғанын жеткізді.
Айта кетейік, былтыр елімізде 1232 жазатайым оқиға тіркеліп, оның салдарынан 1465 адам зардап шеккен, оның 203-і адам өлімімен аяқталса, 897-сі ауыр, 365-і жеңіл жарақат алған. Біздің өңірде өткен жылы 36 жазатайым оқиғаларда 46 жұмысшы зардап шегіп, 13 адам қаза болған.
Жыл басынан бері дәл осындай кездесулер Тараз қаласындағы «Жамбыл-Жылу», «Қазфосфат», «Жамбыл-Су», «ТаразКожОбувь» сияқты ірі кәсіпорындарында өткізілді және жыл соңына дейін жалғасатын болады.