Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың жұмыс сапары Мұғалжар ауданында жалғасты.
Өңір басшысы алдымен құрылысы жүріп жатқан Ақтөбе-Қандыағаш тас жолының жұмысымен танысты.
Қайта жаңарту жобасына сәйкес жол 4 жолақты етіп салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарының Ақтөбе қаласынан Алғаның Тамды ауылына дейінгі аумағын, яғни 11-52 шақырымын «SineMidasStroy» БК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізсе, Тамдыдан Қандыағашқа дейінгі 52-100 шақырымын «AссанаДорСтрой»,«Ақжол Құрылыс» БК», «AzVirt» компаниялары салып жатыр. Қарашаның соңына дейін жолдың бір жағы ашылып пайдалануға беріледі.
Бұдан соң облыс әкімі Қандыағаш қаласындағы аудандық Мәдениет үйінде болып, ескі ғимаратын аралап, жаңасын салу туралы жоба жұмысымен танысты. Жаңа Мәдениет үйінің құрылысына қатысты тиісті басқарма басшыларына тапсырма беріп, келер жылдың бюджетіне енгізу керектігін айтты. Сондай-ақ ол Мәдениет үйі тек салтанатты шара өткізетін жер емес, балалардың мәдениетін көтеруге, жан-жақты дамуына, өнерге деген ұмтылысын арттырып, бейімделуіне арналған мәдени ошақ болуға тиіс екендігін айтты.
Сапар аясында облыс әкімі Қандыағаштағы орталық жылу қазандығының жұмысымен танысты. Қандыағаш жылыту мауысымына дайын. Ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жабдықтары тексерілген. Облыс басшысы орталық жылу қазандығынан басқа шағын жылу қазандықтарының, сондай-ақ кәріздік сорғы станциясының жұмыстарын да бақылауда ұстап, үнемі тексеріп тұруды тапсырды.
Сапар барысында облыс әкімі барған тағы бір нысан — аудандық аурухана.
Өткен жылы күрделі жөндеуден өткен ғимараттың қасбеті мен ішкі бөлігі толық жаңартылған. Қазіргі таңда мұндағы дәрігерлер телемедицина арқылы М.Оспанов атындағы медициналық университеттің кафедраларымен байланысып, науқастарды емдеу кезінде кеңес алынып тұрады.
Бүгінгі күні ауруханаға жаңа цифрлық рентген аппараты алынды, компьютерлік томография жұмыс жасап тұр, келесі жылы ангиограф және флюорография аппараты алынбақ. Терапия бөлімінен инсульттік орталық ашылып, инсультке шалдыққан науқастарды оңалту кабинеті тиісті құралдармен жабдықталды. Жаңа реанимобиль мен жедел жәрдем көліктері сатып алынды.
Облыс әкімі аурухана емделушілеріне қолайлы жағдай жасау мақсатында мекеме ауласында абаттандыру жұмыстарын қолға алып, серуендеу аймағын жасап, авто тұрағын, тротуарлар мен орындықтарды, жарық шамдарды орнатуды тапсырды.
Ал скринингтің сапасына қатысты:
— Скрининг керек. Бірақ оның сапасына көңіл бөлуіміз қажет. Оны жай ғана сандар үшін өткізудің қажеті жоқ. Скринингтің деңгейі ауылдың нақты жағдайын анықтауға көмектесуі керек. Мен бұл сұрақты бұған дейін көтерген болатынмын. Егер науқастың диагнозы нақты анықталмайтын болса, ол кісіге жасалған емнің де еш пайдасы болмайды.
Ауданаралық орталық болған соң бұл ауруханадағы мамандардары мықты, замануи құрылғылармен еркін жұмыс жасай алатындай болуы керек. Қажет болса мамандарды шетелге жіберіп оқытайық. Мен ол жағын қолдаймын. Жас мамандарды көбірек шақырту қажет. Ал сол келген жастардың жағдайын толық қамтамасыз ету — аудан әкімінің жұмысы, — деді Ералы Тоғжанов.
Бұдан соң Қандыағаш қаласындағы «ЖасSTAR» дене-шынықтыру сауықтыру кешенінің және оңалту орталығының жұмысымен танысты. Аталған екі ғимарат та биыл пайдалануға берілген.
Бүгінгі таңда облыста ерекше білі алуға қажеттілігі бар — 6700,психикалық дамуы тежелген — 1440, ақыл-ой қабілеті төмен — 1222, есту-көру қабілеті төмен — 536, тірек-қимыл бұзылысы бар — 789, сөйлеу қабілеті бұзылған — 2065, аутизмге шалдыққан 648 бала бар.
Облыс әкімі бұл балаларға тиісті көмекті өте сапалы көрсетуді және облыстық білім басқармасына психологиялық медициналық консультация жұмысына қатысты мәселелерді жеделдетіп, тез арада шешуді тапсырды.
Сапар аясында өңір басшысы Жұрын-Қаракөл ауылдарын жалғайтын жолда жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарын барып көрді. Жұрын мен Қаракөл аралығында жол салып жатқан мердігер аталған жұмысты жоспар бойынша 9 айда аяқтауға тиіс. Құрылыс жұмыстары кеш басталғандықтан қазір уақытынан кешіктіріліп жатыр. Мердігерден мән-жайды анықтаған облыс әкімі биылға жоспарлаған жұмысты өз уақытында аяқтау керектігін баса айтты.
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Қ.Жұбанов атындағы округ орталығы Қаракөл ауылына газ беру салтанатына қатысты.
Енді ауылдағы 114 үй, 4 әлеуметтік нысан газбен қамтамыз етілетін болады. Отын кіргізіп, күл шығарудың бейнетінен құтылған қаракөлдіктерді қуаныштарымен құттықтап, газ қосып үлгерген ауыл тұрғыны Алик Мирмановтың шаңырағына барып құтты болсын айтты.
Сапар соңында аудан әкіміне бірқатар тапсырма берген Ералы Тоғжанов ауыл тұрғындарын ынталандырып, еңбекке баулу мақсатында тұрғындар арасында «Үздік аула» байқауын ұйымдастыру керектігі туралы ұсыныс тастады. Үздік шыққандарға қосымша жер беріп, әрі қарайғы шаруасына көмектесу қажеттігін айтты.
— Ауылдағы әрбір аула кіріс көзіне айналуы керек. Ауласын тиімді пайдаланып отырған азаматтарға қосымша жер беру керек. Кооператив арқылы техника алса, оларды өңдеуге де көмектесу керек. Шыққан өнімін сатуға да көмектесу қажет. Оның бәрі — ауыл әкімдерінің жұмысы, — деді облыс әкімі.