Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Мәртөк ауданында жұмыс сапарымен болып, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуы, абаттандыру жұмыстарымен және «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруға дайындық барысымен танысты.
Скрининг нәтижесі бойынша «Ауыл аманаты» ауыл тұрғындарының табысын арттыру жобасына құрамында бір ауылы бар Қаратоғай ауылдық округі енгізілді.
Қаратоғай ауылында тұратын 1600-ден астам адамның 871-і экономикалық белсенді халық санатына жатады. Сонымен қатар 192 қаратоғайлықтың тұрақты табысы жоқ, жеке кәсіппен айналысады.
Алдын ала мәліметтер бойынша, «Ауыл аманаты» аясында ауыл тұрғындары жеке қосалқы шаруашылықтар негізінде мал және егін шаруашылығын дамытуға жалпы сомасы 204 млн.теңгеге 80 жобаны жүзеге асыруда. Олар ауылдағы үйлерін кепілдікке қойып, небәрі 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие ала алады.
Соның нәтижесінде Қаратоғайдағы жұмыссыздар саны 30,3 пайызға азайып, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың айлық табысы орта есеппен 2,4 есеге артып, 173 мың теңгеге өседі. Ірі қара және ұсақ мал басы, құс шаруашылығы айтарлықтай өседі.
«Жобаға қатысатын барлық жеке қосалқы шаруашылықтар кооперативтерге бірігуі керек. Бұл ретте әрбір жеке қосалқы шаруашылық кооперативке құрылтайшы ретінде енуі тиіс. Бұл өте маңызды. Бір құрылтайшы болса, әрі қарай жұмыс жүрмейді. Шынымен жұмыс істеймін дегендер жақсы нәтиже көрсетсе, 1 гектарға дейін қосымша жер беру керек», - деді облыс әкімі жобаны талқылау барысында.
Биыл Қаратоғай ауылын абаттандыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өңір басшысы Мәдениет үйінің құрылысымен танысты. Мердігерлер 350,8 шаршы метрді құрайтын ғимаратты мерзімінен бұрын биылғы желтоқсан айында пайдалануға беруге уәде берді. Сондай-ақ, «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында ауылдағы 20 көшенің 7-не бірден асфальт төселді. Айта кетейік, бұл - ауыл тарихындағы ең алғаш рет асфальтталған жолдар. Сондай-ақ, жол құрылысы жүріп жатқан көшелерде көше жарық шамдары ұзақ қызмет ететін және электр қуатын үнемдейтін заманауи жарықдиодтарға ауыстырылуда. Жол құрылысы жұмыстарын аяқтау келер жазға жоспарланған.
Қаратоғай тұрғындары көптен бері Елек өзені арқылы ауылдан Ақтөбеге дейінгі қашықтықты 40 шақырымға дейін қысқартатын көпір салуды сұрап келеді. Қазіргі уақытта халық облыс орталығына Мәртөк пен Родниковка арқылы өтетін екі жолмен 100 шақырымдай жол жүріп, жетіп жүр. Облыс әкімі бұл мәселе мұқият зерделеуді қажет ететінін атап өтті. Өйткені, жол үшін бюджеттен 1 миллиард теңгеден астам қаражат қажет.
Қаратоғай ауылының маңында құм, қиыршық тас өндіретін карьерлер бар. 2015 жылдан бастап «ПГС-Қаратоғай сбыт» ЖШС игеріп келеді. Кәсіпорын өкілдерімен әңгімелескен облыс әкімі олардың алдына әлеуметтік жауапкершілікті арттыру мақсатында жақын маңда орналасқан елді мекендердің тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға және абаттандыруға атсалысу міндетін қойды.
Жұмыс сапары барысында жылыжай өндірісін дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Аудан орталығында Ералы Тоғжанов Сарыжар ауылдық округіндегі "Мәртөктің эко өнімдері" ЖК және жеке кәсіпкер Нұрлан Жұмабаевтың, сондай-ақ "Әділ" шаруа қожалығының жылыжай кешендеріне барды. Барлық жылыжайлар - отбасылық бизнес. Олар Мәртөкте, облыс орталығында үлкен сұранысқа ие көкөністер, жасыл желектер, жеміс-жидектер өсіреді.
Облыс әкімі жылыжай өндірісін дамытудың жоғары әлеуетін және оны толық көлемде іске асыру қажеттігіне баса назар аударды.
"Бұл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жұмыс орындарын ашу мәселесі. Сонымен қатар, өндірістің өсуі өнімнің құнын біртіндеп төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, құс етін өндіруде үлкен мүмкіндіктер бар, бұл өніммен облыс өзін 8%-ға ғана қамтамасыз етіп отыр, мүмкін іс жүзінде одан да аз ", - деді Е.Тоғжанов.
Жалпы, аудан әкімі Алмас Салықбаевтың айтуынша, жыл басынан бері құс өнімі ауданда тек 1,8%-ға ғана өскен. Тиісінше 9,3% және 6,1%-ға өскен ірі қара мен ұсақ мал басының жағдайы әлдеқайда жақсы. Биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында ауданда 36,4 млрд теңге сомаға ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді, бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 16,5%-ға артық. Дәнді дақылдардың мол өнімі жиналды - орташа өнімділік 18,1 ц/га құраса, барлығы 113,9 мың тонна алынды.
Облыс әкімі Мәртөк ауылында 39 екі пәтерлі жалға берілетін үйлердің құрылыс барысын көрді. "Қазпромстройгрупп" ЖШС мердігерлік ұйымы салып жатқан тұрғын үйлердің құрылысы өз жоспарынан ерте аяқталуы мүмкін. Жыл соңына қарай халықтың әлеуметтік осал топтары санатымен кезекте тұрған 78 адам үйдің кілтін алады деп күтіліп отыр. Жалпы Мәртөк ауданында тұрғын үй кезегінде барлығы 626 адам тұр.
Қазан ауылында "Зәру" пантоемдеу шипажайы сәтті дамып келеді. Жоба "Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдаумен жүзеге асырылды. Бүгінде шипажай жанындағы шаруашылықта 300 марал бар. Пантогематоген өндірісі 2000 литрге дейін ұлғайтылды. Қазіргі уақытта мекеме кеңейіп жатыр, оның ішінде 90 орындық оңалту орталығын салу жоспарда. Өңір басшысы химиотерапияға дейін және одан кейінгі оңалту шараларын қарастыруды тапсырды.
Ауданның негізгі проблемалық мәселелерінің бірі - Саржансай ауылындағы жайылымдық жерлердің тапшылығы. Ауылдың айналасындағы ауылшаруашылық жерлерінің көп бөлігі ірі ауылшаруашылық тауар өндірушілердің иелігінде. Облыс әкімі уәкілетті мемлекеттік органдарға осы мәселені шешу жөнінде қысқа мерзімде ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша өңір басшысы Ералы Тоғжанов Мәртөк ауданын одан әрі дамыту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді