Ердоған Түрік экономикасын тұралатуы мүмкін бе?

 Ердоған Түрік экономикасын тұралатуы мүмкін бе?

Инфляцияның 20 пайызға жеткеніне қарамастан, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның бұйрығы бойынша өткен жылдың қыркүйегінде елдің орталық банкі базалық мөлшерлемені 4 пайызға төмендетті. Экономистер базалық мөлшерлеменің жоғары болуы тауардың арзандауына әсер етеді десе, президент, керісінше бұл инфляцияны үдетеді деуден таймай келеді. Содан да болар, шетелдік саясаткерлер мен білікті сарапшылар билікте отырғанына биыл 20 жыл толатын Ердоған авторитарлық билігімен көзге түсуде дейді. Расында да, базалық ставканың төмендеуі жұрттың банк тәуелсіздігіне алаңдаушылығын тудырып отыр. Дәстүрлі емес ақша-несие саясатынан кейін шетел инвесторлары елден кетіп жатса, халық инфляциядан қорғау үшін ақшасын шетел валютасына немесе алтынға айырбастауға кірісті. Өйткені халықты үрей билеген. 2018 жылғы валюта дағдарысынан енді ес жиған түрік лирасы доллар мен еуроға шаққанда рекордты деңгейде құнсызданды. Халық азық-түлік пен негізгі тауарларға әрең қол жеткізсе, түрік лирасы былтыр жыл басынан бері 40 пайызға құнсызданды. Бүгіндері бір доллар 14-16 лира болып, рекордты көрсеткішке жетті. Инфляция өсімінен кейін АҚШ федералды қор жүйесі тұтынушылар мен бизнеске кредит беру шарттарын күшейтті. Түркия орталық банкі валюта бағамының өсімін тоқтату үшін валюта нарығына араласуға мәжбүр болды. Содан кейін ғана түрік лирасы сәл-пәл тұрақтағандай болды.

    Ал Орталық банк таратқан ресми дерек бойынша, инфляция 21 пайыздан асқан. 83 миллион адам тұратын елде негізгі тауарлар қымбаттап, халық өлместің күнін кешуде. Инфляцияны зерттеу тобы елдегі инфляция көлемі 58 пайызға жетті дейді. Бұл тәуелсіз топқа ғалымдар мен бұрынғы шенеуніктер кірген. Түркияның оппозицияшыл партиялары инфляция жайлы ресми деректерге және Түркия статистика институтының тәуелсіздігіне күмәнмен қарайды. Лираның девальвациясы тауарды қымбаттатты. Шетелден әкелетін немесе шикізаты импортқа тәуелді тауарлардың бағасы өсті. Сондай-ақ тұрғын үй қымбаттады. Күнде таңертең нанды дүкен мен наубайханалардан арзанырақ сататын дүңгіршектер алдында ұзақ-сонар кезек пайда бола бастады. Білікті ғалымдар: «Елдегі ақыл-ой сыртқа кетуде. Түркия мен шетелдегі табыстың арасы жер мен көктей болып бара жатқанда, жоғары білімді ақ жағалыларды елде ұстап қалу қиын болады. Бұл – елдің болашағына үлкен қауіп төндіреді», – деген пікірге ден қойған. 

Ел экономистері: «Президент Ердоған экономика өсімі мен экспортты қолдап, жұмыс орындарын арттыру үшін базалық мөлшерлемені төмендету керек деп,  жоғары пайызымен арбайтын қысқа мерзімді «шұғыл ақшаға» тәуелді экономикадан кетуге уәде берді. Ал біздіңше, инфляцияны базалық мөлшерлемені көбейту төмендетеді. Коронавирус пандемиясынан кейін әлемде инфляция күшейгені белгілі. Бірақ Түркияда бұл проблема үкіметтің ұстанған саясаты кесірінен өткір проблемаға айналды. Өсімқорлықты күнә санайтын Ердоған: «Жаңа экономикалық модельмен жоғары базалық мөлшерлеме арқылы ақша тарту саясатынан бас тартамыз. Мүддесі төмен өндіріс пен экспортты қолдаймыз», – деп, базалық мөлшерлемені төмендетуге қарсы болған үш банк басшысын орнынан алып тастап, жаңа қаржы министрін тағайындады. Жаңа министр лираның құнсыздануына алып келген базалық мөлшерлеменің төмендеуін қолдап шықты. Ердоған валюта дағдарысын Түркияның экономикасын күйреткісі келетін сыртқы күштерден көріп, үкімет «тәуелсіздік үшін экономикалық соғыс» жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Бірақ президент шешімімен келіспейтіндер де бар. Мәселен экономист Демиралп: «Үкімет бағаның өсуін тоқтатуға мүлдем кереғар шара қабылдап жатыр. Базалық мөлшерлемені азайту арқылы Орталық банк инфляция қысымын ұстап отырмыз деп мәлімдеді. Бірақ нарық бұған сене қоймайды. Түркия инфляцияны бақылауға емес, экономиканың өсіміне көбірек назар аударады. Бірақ бұл жердегі өсімнің өзі күмәнді, себебі осы дағдарыс кесірінен туындаған шығындар, белгісіздік пен үрейден кейін оның қайта төмендегеніне куә боласыз», – дейді. 

Шетел сарапшылары: «Режеп Тайып Ердоған басшылыққа келгенде, мықты экономика саясатымен көзге түсті. Бұл оның бірнеше сайлауда жеңіске жетуіне септігін тигізді. Кейінгі кездері негізгі тауарлар қымбаттап, оның рейтингі түсіп кетті. Ал әртүрлі сауалнамалар жұрт Ердоғанның экономикалық саясатына алаңдайтынын көрсетті. 

Тіпті өткен аптада халық Стамбул мен басқа қалаларда қымбатшылыққа наразылық білдіріп, митингке шықты. Полиция көшеге шыққан жұртты күшпен таратып, ондаған адамды қамауға алуға мәжбүр болды. 

Соңғы кездері биліктегі Ердоған партиясы мен оның жақтастарына қарсы құрылған оппозицияшыл партиялар альянсының танымалдығы күшейіп бара жатыр. Альянс сайлау өткізуге шақырып, Ердоғанды экономиканы дұрыс басқармай «сатқындық» жасады деп айыптап отыр. Өз айтқанынан өлсе де қайтпайтын Ердоған мерзімінен тыс сайлау өткізуден бас тартып, саяси науқан 2023 жылы өтетінін мәлімдеді. Үкіметтің 50 мың жаңа жұмыс орнын құруға, төменгі жалақыны көтеруге әсер ететін бағдарлама жасағалы жатқанын алға тартқан ол: «Сатып алу қабілеті төмендеп кеткен азаматтарды жұбатуға арналған шараларды бірінен кейін бірін қабылдауға дайындалып жатырмыз», – деді. Бұған тұрмыстары нашарлап кеткен ел халқы сене қоя ма, жоқ па, оны алдағы оқиғалар тізбегі көрсетеді. Десе де, елдегі мемлекеттік экономикалық саясатты жеке басқарып отырған президент Ердоған лираның әлсіреуі Түркияның экспорттық әлеуетін күшейтіп, сыртқы нарықта түрік тауарларының арзандауына, демек сатылатын көлемнің артатынына сенімді. Осы арқылы ол пандемиядан тұралаған түрік экономикасына жан бітірмек. Таңдаған бағытына сай, өткен бейсенбі күні Түркия Орталық банкі ставканы 15 пайыздан 14 пайызға төмендетті. 

Түркиядағы Ердоған әрекетіне қазақ экономистері де пікір білдіріп жатыр. Солардың бірі, TikMill халықаралық брокерлік компаниясының сарапшысы Арман Бейсембаев: «Экономиканы көтеремін деп ақша-несие саясатымен ойнау – өте қауіпті. Әрі Ердоған жасап отырған эксперимент Түркия экономикасын құлама жарға әкеліп тіреп отыр. Мұның соңы Түркия үшін экономикалық және әлеуметтік апатпен аяқталуы әбден мүмкін», – десе, қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов: «Осы уақытқа дейін әртүрлі саясаткерлердің дербес экономикалық жүйе ойлап табамын деген талпыныстары еш нәтижесіз аяқталғаны мәлім. Ердоған мұны керісінше дәлелдей ала ма, жоқ па, оны алдағы уақыт көрсетеді.  Дегенмен бұл – Түркия президентінің Орталық банк жұмысына тікелей араласуы. Менің ойымша, Ердоған эксперимент жасауда. Қазір Ердоған экономика түбінде әлсіз лираны жеңеді деп есептейді. Алайда лира әлсіреп, инвесторлар кетіп жатыр. Ондай тәжірибе өткізу үшін Түркия мүлде басқа жағдайда болуы тиіс еді. 

Лира соңғы бес жылда он есе құнсызданған. Бұл түрік экономикасына ауыр соққы болып, тіпті ірі түрік компанияларының Түркиядан кетуіне себеп болуы мүмкін. Көлеңкелі сектор өседі. Бұл эксперимент жақсылықпен аяқталмайды. Мұндай тәжірибе сәтті өтуі үшін Түркияда кем дегенде 500 миллион халық, ал экономика көлемі қазіргіден 4-5 есе үлкен болуы тиіс. Сондықтан Түркияның экономикалық саясаты толық сәтсіздіктен аяқталады деп ойлаймыз. Ердоған 2022 жылдың бірінші жартысында ақша-несие саясатын қатаңдатпаса, онда лира мен экономиканың құлдырауы әрі қарай жалғасатын болады», – деген пікірде. Қазақстан Ұлттық Банкі төрағасының кеңесшісі, экономист Олжас Тілеуов болса: «Біз Түркиядағы жағдайдан өзімізге пайдалы сабақ алуымыз керек. Түркиядағы жағдай биыл ғана басталған дүние емес. Сондықтан мұның бәрін эксперимент деп атауға болмайды. Өйткені эксперимент көп жағдайда жаңа, бұрын зерттелмеген процесті сынауды білдіреді. 

Түркияда болып жатқан оқиға ХХ ғасырда Латын Америкасы мен Азияның бірқатар елдерінде болған. Оның немен аяқталғаны да белгілі. Ол кезде инфляция бақылаудан шығып кеткен. Дәл қазір Түркия мысалынан біз экономикалық белсенділікті жылдам өсіремін деп ставканы тым түсіріп жіберудің кері нәтижеге ғана емес, тіпті инфляцияға, валюта бағамына және теңгерімге қатысты үлкен проблемаларға әкелгенін байқаймыз. Жүргізіліп жатқан экономикалық саясатқа инвесторлардың, халықтың және бизнестің сенімі төмендеді», – десе,  экономист Айдархан Құсайынов: «Латын Америкасы елдерінің дамуда артта қалуының бір себебі – экономикалық популизм болғанын естен шығармауымыз керек. Әсіресе популизммен қолда билігі бар саясаткерлер айналысса өте қауіпті. Оны Ережеп Тайып Ердоған керемет дәлелдеп берді. Экономикаға арзан кредиттер керек деп базалық ставкамен ойнау, халықтың несиесін кешіру операциялары – мұның барлығы арзан популизм. Ердоған осы ойынымен экономиканың құлдырауы мен кризис туғызып, биліктен айрылады. Батыстың ығына көнгісі келмесе, Ердоған билігін сақтау үшін Ресеймен жақындасуы да ғажап емес. Өткен жылдың соңында Түркиядағы жылдық инфляция 55 пайызды көрсетті. Ал биылғы барыс жылы, сарапшылар инфляция кем дегенде 30 пайыз деңгейінде болады деген болжам айтады. Соның салдарынан Түркиядағы барлық сатушылар мен қызмет көрсету орындары еуроға ауысты. Түріктің ұлттық валютасы өз халқына да қажет болмай қалатын күн де алыс емес сияқты», – дейді.  Сол себепті біз де: «Бұл кепті біздің ұлттық валютамыз – теңге де кимесіне кім кепілдік бермек? Ендеше, ойланайық, ағайын...», – демекпіз. 

Ермек Сахариев
27.01.2022

Ұқсас жаңалықтар

САУРАНДА 1,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАСЫНА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 37
 САЙРАМ АУДАНЫНДА АГРОСАЛАДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 68
САРЫАҒАШТА «АЛТЫН КҮЗ-2024»  МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 32
 САУРАНДА ЖЫЛЫНА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМСАҚ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 69
МАҚТААРАЛДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АУЫЛ БАРЫСЫ» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 24
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 57
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 178
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 182
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 399
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 362
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 980

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9057
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8453
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11681
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9444
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10661