Ерекше балалар елеусіз қалмаса екен

Ерекше балалар  елеусіз қалмаса екен

Биыл Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі инклюзивті қоғамды дамыту, мүмкіндігі шектеулі жандарға толерантты қарым-қатынасты қалыптастыру бағытында жаңа әлеуметтік жобаны қолға алды. Сәуір айында жобаны таныстыру мақсатындағы жиында «Қорған-М» ҚБ төрайымы Диана Қырғызбаева:«Қазірдің өзінде біз мүгедектігі бар ересек адамдардың бала кезінде кемсітушілік фактілерін бастан кешіргенін жиі байқаймыз. Олар қоғамнан оқшауланады, олардың әлеуметтік байланыстары бұзылады. Әлеуметтік оқшаулау процесі жүреді. Иә, олар мемлекеттік жәрдемақы алғанымен, үйде отырады, олардың достары өте аз. Сондықтан инклюзивтік тәрбиеге ерте жастан ерекше назар аудару керек. Атап айтқанда, біздің қызметкерлеріміз балабақшалар мен жалпы білім беретін мектептердің төменгі сынып оқушыларына инклюзивті білім берумен айналысады. Мұндай балалар өскен кезде мүгедек адамдарды кемсітуге жол бермейтініне сенімдімін», – деген болатын. Яғни әлеуметтік жоба аясында ұйымдастырушылар инклюзивті қоғам деген не, инклюзивті қоғам қалыптастырудың маңызы қандай деген тақырыптар төңірегінде жыл бойы семинарлар ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Біз «инклюзия» дегенді тек мүмкіндігі шектеулі жандармен ғана жұмыс істеу деп түсінеміз. Алайда сала мамандары, сарапшылар бұл қате пікір дейді. Олардың айтуынша, шын мәнісінде инклюзия, бұл – қоғамдағы барлық адамдарды интеграциялау (толықтыру, біріктіру) қатынасы, яғни дискриминация (адамды кемсіту, бөлу) түсінігіне кереғар ұғым. Инклюзия барлық индивидтерді (тұлға) біріктіру, тұлғалық қасиетті айқындау, сыйлау қағидасымен үндеседі. Сонымен қатар біз инклюзив сөзінің қолданылуы, атқаратын миссиясы, мақсат-міндеті қандай деген сұрақтарға да үңіліп көрдік. Ашық ақпарат көздерінде,«инклюзия – білім беруді қамту мен әлеуметтік қамту, қосу және алып тастау мағынасында көрініс береді» деген анықтамаға кезіктік. Айталық, білім беруді қамту,  бұл – педагогиканың тұжырымдамасы. Онда әрбір адам (индивид) әртүрлі және өзіндік ерекшеліктеріне (физикалық, психологиялық, әлеуметтік, мәдени) қарамастан, сапалы білім алуға бірдей құқылы деген принциппен жүзеге асады. Демек, инклюзивті білім беру – біз айтып жүргендей мүмкіндігі шектеулі жандарға білім беру ғана емес, олардың және басқа да адамдардың тең дәрежелі құқығын айқындайды. Ал әлеуметтік қамту, яғни әлеуметтік инклюзия,  бұл – әлеуметтік сегрегация (адамдардың қоғамда әлеуметтік статустарының айырым белгісі бойынша санаттарға бөлінуі) немесе маргинализация (назардан тыс қалдыру) жағдайына ұшыраған адамдарға немесе адамдар тобына қоғамдық өмірге толық қатысуға мүмкіндік беру процесі.

Демек Қазақстанда инклюзивті қоғам қалыптастырудың маңыздылығы қоғамда кемсітушілікке ұшырап жататын ерекше адамдар тобын тең дәрежелі деңгейде қатарымызға қосу, олармен бірдей деңгейде қарым-қатынас жасау дегенді білдіреді. Жақында ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов еліміздегі мемлекеттік тапсырыс алатын балабақшаларға қойылатын талаптарды күшейту туралы  бұйрыққа қол қойды. Бұл бұйрыққа сәйкес, енді балабақшалар мемлекеттік тапсырыс алу үшін балаларға қолайлы және қауіпсіз жағдай жасауы керек. Сондай-ақбұйрықтың негізгі тармақтарының ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін арнайы жағдай жасалуы керек деген ереже бар. Яғни, бұдан былай бұйрыққа сәйкес әрбір балабақша ерекше қажеттілігі бар балаларды оқыту, қоғамға бейімдеу мақсатында инклюзивті білім беру ортасын қалыптастыруға міндетті болады.

Инклюзивті білім беру бағдарламасы бізге таңсық болғанымен, басқа елдерде бұрыннан қалыптасып, жұмыс істеп келеді. БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы инклюзивті білім беру бағдарламасын мақұлдап, 2006 жылдың 13 желтоқсанында БҰҰ-ның Конвенциясына енгізген. 1970 жылдары бұл бағдарлама шетелдерде қолданыла бастаса, АҚШ пен Еуропа 90 жылға қарай өздерінің білім беру саясатына толық енгізді. Ал біздің еліміз инклюзивті білім беруді 2011 жылдардан бері ішінара жүзеге асыра бастады. Ресми ақпаратқа сәйкес қазіргі күні елімізде 1 227 арнайы оқу орны (балабақша, жалпы білім беретін мектеп, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері) инклюзивті білім беру бағдарламасы бойынша жұмыс істейді. Сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балаларды жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту бойынша жүйелі жұмыс атқарылып жатыр.  

Астанадағы Гүлсара Нұрсейітқызы басқаратын «Salamat» жекеменшік балабақшалар желісі ерекше балалармен жұмыс істеуге әуел бастан-ақ арнайы назар аударып келеді. 10 жылдан астам уақыт үздіксіз бала тәрбиесімен айналысып келе жатқан ұжымның ерекше балалар тәрбиелеудегі тәжірибесі бүгінде көпке үлгі болып отыр. «Бәрі бала үшін» ұранымен жұмыс істейтін ұжым бүлдіршіндерді қазақ тілінде сөйлеуге дағдыландыру, ұлттық салт-сананы қалыптастыру, әдет-ғұрыпты сіңірумен қатар музыка, флористика, ұлттық ойындар, ұлттық қолөнер, театр өнері секілді креативті заманауи тәрбие беру мәселелерін бір-бірімен ұштастыра білген. Балабақша құрылтайшысы әрі басшысы Гүлсара Нұрсейітқызы: 

– Алдымен баланың ас-ауқатына және тазалыққа ерекше мән береміз. Балабақшамыздың табалдырығын аттаған әрбір баланың рухын көтеру үшін домбыра тартуды үйретуге қатты мән береміз. Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар балалардың тәрбиесін бақылауда ұстай отырып, арнайы мамандармен жұмыс істейміз, – дейді. 

Монғолияның Баян-Өлгий  аймағындағы мүмкіндігі шектеулі балаларды дамыту орталығынан Қазақстанға тәжірибе алмасуға келген делегация өкілдері «Salamat» жекеменшік балабақшалар желісінің ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеудегі нәтижелі тәжірибесіне қызығушылық танытып, тәжірибе алмасу үшін балабақшада қонақта болды. Бұған дейін монғолиялық делегация Астанадағы ең ірі «UMC» КҚ Ұлттық балаларды оңалту орталығының жұмысымен танысып, білікті мамандардың мол тәжірибесіне қанық болған еді. Баян-Өлгийдегі ерекше балаларға білім беріп отырған 2 жалпы білім беру мектебінің директоры Отгонтуя ханым: 

– Біздің мектепте білім алып жатқан мүмкіндігі шектеулі қазақ балаларына өз ана тілінде оқып үйренуге, қатарларынан қалмай, қоғамда орындарын табуына жағдай жасау мақсатында біз тәжірибе алмасу үшін алдымен Қазақстан мемлекетін таңдадық. Біз келген «UMC» КҚ Ұлттық балаларды оңалту орталығының жұмыс тәжірибесі өте жоғары деңгейдегі таңдаулы методикаға құрылғанына тәнті болдық. Ары қарай астанада осы саланың мамандарын оқыту, балалардың осында келіп ем алуына жағдай жасау мүмкіндіктеріне қол жеткізсек деп отырмыз. Орталық директоры Булекбаева Шолпан Әділжанқызына, орталықтың түзету әдістемелік басшысы Балтабаева Айгүл Таскымбайқызына зор алғысымызды білдіреміз. Алдағы уақытта екі ел арасында орталықтағы мамандарды оқыту, білімдерін жетілдіру сынды жұмыстар жүргізіліп, тығыз байланыс орнатамыз, – деді.

Ал «Көк тудың желбірегені» әнімен басталған «Salamat» жекеменшік балабақшасында болған кездесуде логопед маман Гүлшат Сқақова мен психолог Мейрамгүл Мұхамбетжанова шеберлік сабағын өткізіп, тәжірибелерімен бөлісті. Арнайы мамандардың озық методикасына тәнті болған Баян-Өлгий аймағындағы мүмкіндігі шектеулі балаларды дамыту орталығының бастығы Ерлан Төңкерұлы:

– Рақмет! Халық үшін, ұлт үшін, ел үшін, ұрпақ үшін жасап жатқан игілікті істеріңізге сәттілік тілеймін. Балаларға ұлттық рухта тәрбие беріп, әсіресе ерекше қажеттілігі бар балаларды да жатырқамай, бауырыңызға басып, арнайы мамандардың көмегімен талай балаға жасап отырған жақсылықтарыңызға Алла разы болсын! Шеберлік сабағы барысында біз бұрын-соңды өзіміз практикада көрмеген тәсілдерді, тілге массаж жасау секілді әдістерді көріп, таңғалып отырмыз. Монғолияның Баян-Өлгий аймағын мекендеп отырған ат төбеліндей аз ғана қазақпыз. Бала тәрбиесіндегі, соның ішінде ерекше балаларға білім беру, тәрбиелеу мәселесінде қазақстандық озық тәжірибені көрсек, білсек деп келген арманымыз орындалды. Келешекте мамандарды арнайы жіберіп, оқыту, тәжірибе алмасу жөніндегі мәселеміз шешілетін болды. Қонақжайлылықтарыңызға, құшақ жая қарсы алған ниеттеріңізге мың алғыс! – деді.

Балабақша басшысы Гүлсара Нұрсейітқызының қазақ балабақшасын қалыптастырудағы ерекше тәжірибесі алыстан ат арытып келген қонақтарды тәнті етті. «Salamat» жекеменшік балабақшасында қалыптасқан қазақы үрдіс ерекше. Әрбір істе, әрбір қимылда, әдемілік пен көрнекілік, барлық безендіру мен ас мәзіріне дейін бәрі-бәрінде ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеудің ең үздік, ең озық үлгі-өнегелері таңдалған. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген тәмсілді бойтұмар еткен Гүлсара Нұрсейітқызы балабақшаны көз қуанып, көңіл жайланатын мейірім шуағына толтырған. Табалдырығынан аттаған сәттен-ақ қазақ отбасыларына тән жылылық мен мұндалайды. Кіре берістегі нақыл сөздер мен мақал-мәтелдердің жазылуында да қазақы бояу, қазақы мінез бар. Төрдегі қазақ халқының біртуар ұлдарының портреті көздің жауын алады. Халық ауыз әдебиеті мен ертегілер кейіпкерлерінің ұлттық нақышта безендірілуінің өзі баланы айтпағанда, үлкендердің жүрегіне мақтаныш сезімін ұялатады. Көлденеңінен шөгіп жатқан түйенің мүсіні өнерлі, талантты, талапты балалардың арман-мұратын биіктету мақсатында балабақшадан орын алған екен. Гүлсара Нұрсейітқызының айтуынша, қай істе болмасын жеңімпаз болған өрендер түйенің үстіне міну мәртебесіне ие болады. Ту, Елтаңба, Әнұран әспеттеліп, патриоттық рухта жасақталған бұрыш, қаз-қатар ілінген домбыра, бір қабырғаны ала жарасымды жасақталған кітапхана, еденде төселген құрақ көрпе, әр алуан түске боялған асықтар сән-салтанаты жарасқан қазақы шаңырақтың киесін ұғындырып-ақ тұр.

 

Алғаш 2010 жылы ашылған уақыттан бері балабақша табалдырығын аттаған әр баланы бауырына басып, өзіне тән ерекшелігін ескере отырып, арнайы мамандармен жұмыс істеп, әсіресе ерекше балаларды кемсітпей, олардың да толыққанды азамат болуына бар жағдайды жасап отырған «Salamat» жекеменшік балабақшалар желісінің тәжірибесіне Астанадағы әріптестері де тәнті болып келеді. Балабақшада астаналық әріптестерімен де үнемі тәжірибе алмасып, семинарлар өткізу дәстүрі қалыптасқан. Балабақшада тәрбиеленген әр баланың болашағына алаңдайтын ұжымға ата-аналардың да алғысы шексіз. Қазір 150 баланы қамқорлығына алып, тәрбиелеп, алғашқы білім нәрімен сусындатып отырған балабақшаның тәжірибесі еліміздің көптеген балабақшаларына үлгі екенін айтсақ, артық болмайды. 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
20.10.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 144
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 142
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 656
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 776
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 689
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 699

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8838
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8236
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11463
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9220
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10447