Отыз жылға жуық орыстың түрмесінде отырған Ержан хазіреттің елге оралған шағы екен. «Ас – адамның арқауы» дегендей, көп жылдан бері таңсық болған түйенің шұбаты мен марқа қозының өз майына піскен, сүті кеппеген етін жеуге үстірттегі малшы ауылға бет алады.
Көз ұшында көрінген көлік, көп ұзамай қасына келді. Қойшы ауылға су таситын көк қасқа водовоз екен. Ішіндегі шопыр бала да бөтен емес. «Аға, отырыңыз» деп інілік ізет көрсетіп жатыр.
Хазірет көліктің терезесінен балдәурен балалығы өткен сайын даланың төсіне қарап біраз ойға шомды. Зеңгір көктегі бурыл бұлттар, құдды көлікпен ілесіп бара жатқан түйелі керуенге ұқсайды екен. Бетін шарпыған күлімдеген күннің сәулесі жарықтық, анасының аялы алақанындай ыстық. Сыбызғыдай сызылған жел жолдың бетіндегі қиыршық майда құм мен сағағынан үзілген жантақты алдына салып айдап бара жатыр. Көз ұшында, көк аспанның тұсында қанатын жайған қыранның қалықтаған бейнесіне көзің жеткенмен, қолың жетпейді. «Аспанда ұшқан байғұс құсты жердегі жемтігі ұятқа қалдырмаса екен» деп ойланған хазірет көктегі құстың төресінен көпке дейін көз алмады. «Қасқыр!» – деп айқайлаған шопырдың жан дауысы хазіреттің ойын бөліп жіберді. Жотаның бойында желке жүнін күнге шағылыстырып түз тағысы кетіп бара жатыр. Бейқам, көліктің даусына да көңіл бөлмейді. Шопыр да орындықтың арқасындағы қос аузына қол салып, мылтығын оқтап жатыр еді.
– Інім ау, не істеп жатырсың? – деді хазірет.
– Аға, үкімет бүгін бір қасқырдың терісіне жиырма бес сом береді. Жиырма бес сом қалтамды тесіп бара жатқан жоқ қой. Арланды атып, терісін сыпырам.
– Қой, бауырым. Қасқыр да құдіреті күшті құдайдың жаратқан мақұлығы. Зиянын тигізбеген жыртқышқа зияныңды тигізбе. Мә, одан да саған, – деп төс қалтасына қол салып, алмаймын дегеніне қарамай жиырма бес сом ақшаны шопырдың төс қалтасына салып жіберді Ержан хазірет.
– Қасқыр несібесін қырық күн жерден жейді, қырық күн желден жейді, қырық күн елден жейді, бауырым. Қырық күн жерден жейді дейтінім, тамыры топырақта жатқан дәрі шөпті біліп жейтін дәрігер бұл қасқыр. Қырық күн желден жейді дейтінім, желге қарсы жүріп, жын-шайтанды қоймайды. Арланның аса айбарлы болатыны да сондықтан. Қырық күн елден жейді дейтінім, кімнің малының зекеті, пітір садақасы жоқ, құдайдың құдіретімен соның малын қоймайды. Кімнің садақа зекеті болса, оның малына құдайдың құдіретімен тиіспейді. Малым ит-құстан аман болсын деген қазақ астықтан ұшыр, малдан зекет береді. Бұны біліп беру мал мен бастың амандығына, қоғамның тұрақтылығына алып келеді.
«Дорбаларыңның аузын буа бермеңдер, құдай буып тастамасын» деп марқұм әжем жиі айтатын еді. Ел аман, жұрт тыныш болсын десек, алаған қолың береген болсын, ағайын!
Мақсат СҚАҚОВ













