Есігін айқара ашқан «Атамекен»

Есігін айқара ашқан «Атамекен»

Оралда айрықша үлгідегі архитектуралық үлгісімен көз арбайтын өнер ғимараты пайда болды. Сәні мен салтанаты келіскен жаңа «Атамекен» өнер ордасының ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған Үкімет мүшелері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева, Қазақстанның Еңбек Ері, скрипкашы Айман Мұсақожаева, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Біржан Хасанғалиев және Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының, Түркістан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарының делегациялары қатысты.

Ел Тәуелсіздігінің 30  жылдығы қарсаңында облыс орталығындағы Тұңғыш Президент алаңында бой көтерген үш қабатты сәулетті ғимаратты салуға «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясы есебінен 9 465, 254 млн. теңге  жұмсалған. Құрылыс жұмыстарын «Альтаир» ЖШС жүргізген өнер ордасының жалпы аумағы – 19 901,17 шаршы метр.

Оралдықтарды жаңа мәдениет нысанының ашылуымен құттықтаған ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Лұқпанұлы: – Ерекше, қасиетті батыс өңіріне бүгін жұмыс сапарымен Үкімет мүшелері келді. Біз облыста жүзеге асырылып жатқан бірқатар игі істердің куәсі болдық. Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген нақты бағыттар бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Елдің өсуі мен өнуі, ең алдымен, оның мәдениетімен тікелей байланысты. Осыдан төрт ай бұрын бұл орталықтың құрылыс жұмыстарын бағамдап кеткен едік. Енді бүгін алыстан қарағаннан-ақ жүректі баурап алатын үлкен мәдениет ордасы дүниеге келген. Тәуелсіздіктің арқасында салтымыз бен дәстүріміз де, еліміз де жаңғырды десек артық айтқаным емес. Тәуелсіздіктің арқасында Батыс Қазақстанда осындай зәулім мәдениет ордасы бой көтерді. Мұндай өнер ордаларының жұмыс жасауымен елдің рухы, халықтың намысы асқақтап, туымыз биікте желбірейді, – деді.

Бұдан әрі құттықтау сөз алған «Жайықтың ақ Шағаласы» атанған қаламгер Ақұштап Бақтыгереева жас ұрпақтың болашаққа қанат самғауына осы өнер ордасының ықпалы тиеріне сенім білдіріп, талай өнер дүлдүлдері түлеп ұшқан Ақ Жайық елінде  ашылған нысанның құтты орын болуын тіледі. Ал «ҚПО б.в.» компаниясының бас директоры Джанкарло Рую көпсалалы өнер орталығы құрылысының сәтті аяқталуымен құттықтады.

Өнер ордасының лентасын салтанатты түрде қию рәсімі ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваға, ақын Ақұштап Бақтыгерееваға және танымал скрипкашы Айман Мұсақожаеваға берілді. Еңселі өнер ордасының ішіне енген мәртебелі меймандар қылқалам шеберлерінің көрмесі мен музей көрмесін тамашалап, өнер бөлмелерімен танысты.

Зәулім өнер сарайының ашылу салтанатына арналған мерекелік кеште Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев сөз алып, өнер ордасына «Атамекен» атауы зиялы қауым өкілдерінің ұсынысымен берілгенін атап өтті. – Өнер шаңырағының Тұңғыш Президент алаңында бой көтеруінің  символикалық мәні бар. Өйткені, киелі тәуелсіздігімізді баянды етуге Елбасымыздың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Сән-салтанаты келіскен өнер ордасы – ұлтымыздың руханиятына тамшыдай болса да қосқан үлесіміз деп есептейміз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Жолдауында «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныстыра алады» деп атап өтті. Бұл бүгінгі зиялы қауымның иығына артылатын жүктің салмақты екенін көрсетеді. Зиялылық классикалық білім алумен шектелмейді. Оның негізінде музыка, өнер, кітап оқу, бір сөзбен айтқанда, өнер мен мәдениеттің мәйегі  жатуы тиіс. Руханиятқа салынған қаржыны болашаққа салынған кірпіш ретінде түсіну қажет, – деген Ғали Нәжімеденұлы облыстағы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға тұрақты қолдау көрсететін «ҚПО б.в» кен орнының басшылығы мен «Альтаир» құрылыс компаниясына  алғысын білдірді.

Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасты.

 

Ляззат ҚАЖЫМОВА
11.10.2021

Ұқсас жаңалықтар

АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 225
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 361
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 361
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 592
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 535

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9239
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8636
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11862
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9633
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10844