Есірткі бизнесі – қоғамға зор қауіп төндіретін қылмыстың ең қауіпті түрлерінің бірі. Ол адам денсаулығына зиян келтіріп қана қоймай, жастардың болашағына балта шабады, қылмыс деңгейінің өсуіне себеп болады. Сондықтан есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті.Есірткінің таралуына қарсы күресте алдын алу жұмыстарының маңызы зор. Білім беру мекемелерінде түсіндіру сабақтарын өткізу, зиянды әдеттердің салдарын көрсету, салауатты өмір салтын насихаттау жастарды қауіптен сақтайды. Спорттық жарыстар, мәдени іс-шаралар, шығармашылық үйірмелер ұйымдастыру арқылы жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасау да маңызды. Бұл олардың зиянды әрекеттерден аулақ болуына ықпал етеді. Құқық қорғау органдары есірткі бизнесіне қарсы күресті күшейтіп келеді. Заңсыз айналымды анықтау, тасымалдау арналарына тосқауыл қою, интернет арқылы тарату әрекеттерін бақылау – негізгі бағыттардың бірі. Азаматтардың да бұл іске бей-жай қарамауы маңызды. Күдікті жағдайларды тиісті органдарға хабарлау арқылы әр адам қоғам қауіпсіздігіне үлес қоса алады. Есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылда ақпараттық жұмыстардың да рөлі ерекше. Әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында түсіндіру материалдарын тарату, жастар арасында пікірталастар ұйымдастыру олардың саналы көзқарасын қалыптастырады. Әсіресе есірткінің адам өміріне, денсаулыққа, отбасы мен қоғамға тигізетін зияны туралы нақты мысалдар арқылы түсіндіру тиімді.
Республика бойынша жастар арасында түсіндіру жұмыстары да кеңінен жүргізілуде. Мектептер мен колледждерде профилактикалық кездесулер, дәрістер, акциялар өткізіліп, есірткінің зияны туралы ақпарат беріледі. «Салауатты өмір салты», «Есірткісіз болашақ», «Жастар есірткіге қарсы» тақырыптарындағы іс-шаралар жастардың саналы көзқарасын қалыптастыруға бағытталған. Елімізде есірткіге тәуелділікке ұшыраған адамдарға медициналық және психологиялық көмек көрсету жұмыстары да жолға қойылған. Арнайы орталықтарда оңалту шаралары жүргізіліп, азаматтарды қалыпты өмірге қайтару көзделеді. Бұл қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді.
Есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл кешенді түрде жүзеге асырылып келеді. Мемлекет, қоғам және әрбір азамат бірлесе әрекет еткен жағдайда ғана есірткісіз, қауіпсіз болашақты қалыптастыруға болады. Есірткі бизнесіне қарсы күрес – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Әрбір азамат салауатты өмір салтын ұстанып, заң талаптарын құрметтеп, зиянды әрекеттерге қарсы тұруы тиіс. Сонда ғана біз қауіпсіз, дені сау ұрпақ тәрбиелеп, жарқын болашаққа қадам жасай аламыз.
Г.Тұрлыбекова















