Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 10 қарашада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының X құрылтайына қатысып, тіл тағдыры мен болашағына қатысты маңызды баяндама жасады. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту, оны ғылым мен технология тіліне айналдыру және цифрлық кеңістіктегі қолданысын кеңейту жөнінде бірқатар маңызды міндеттерді атады.
Президент қазақ тілі Тәуелсіздіктің басты символдарының бірі әрі ұлтты ұйыстыратын ортақ құндылық екенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік тілдің болашағына күмәнмен қарап, үнемі алаңдаушылық білдіре беру дұрыс емес. Қазақ елінің болашағы барда қазақ тілінің де тұғыры берік. «Мемлекеттің экономикалық және технологиялық әлеуеті артқан сайын мемлекеттік тілдің халықаралық беделі де күшейе түседі», – деді Мемлекет басшысы.
Президент атап өткен негізгі тапсырмалар мен бастамалардың қатарында мынадай маңызды мәселелер ортаға салынды.
Қазақ тілінің ұлттық цифрлық қорын қалыптастыру. Кітапханалар мен мұрағаттарда сақталған қазақ тіліндегі кітаптарды, мерзімді басылымдарды, аудио-бейне жазбаларды, музей және архив материалдарын цифрлық форматқа көшіру жұмыстарын жандандыру қажет.
Қазақ тілін ғылым мен өндіріс тіліне айналдыру. Инженерия, медицина, құқық, экономика және ақпараттық технологиялар салаларын қазақ тілінде меңгеруге мүмкіндік жасау, сапалы оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлеу, жоғары оқу орындарында қазақ тіліндегі ғылыми зерттеулерді көбейту тапсырылды.
Орфография мен сөздіктерді жүйелеу. Қазақ тіліндегі терминдер мен ұғымдардың бірізді қолданылмауы сынға алынды. Емле ережелерін реттеп, орфографиялық сөздікті жаңарту және қазақ тілінің орфографиясына қатысты ғылыми жұмысты 2027 жылдың соңына дейін аяқтау міндеті қойылды.
Тіл ғылымының бірыңғай цифрлық жүйесін әзірлеу. Кәсіби тіл мамандары, ғалымдар, сарапшылар және қоғам өкілдерінен арнайы жұмыс тобын құру ұсынылды. Оның жұмысын үйлестіру Президент Әкімшілігіне жүктеледі.
Қазақ тілінің халықаралық байланысын кеңейту. Oxford Qazaq Dictionary жобасын жалғастыру, қазақ-француз, қазақ-испан, қазақ-қытай, қазақ-араб, қазақ-неміс, қазақ-итальян, қазақ-жапон, қазақ-корей және қазақ-парсы сөздіктерін әзірлеу, қазақ-орыс сөздігін жаңарту тапсырылды. Электрондық сөздіктер тұрақты толықтырылып отыруы керек.
Қазақша сапалы цифрлық контентті көбейту, балаларға арналған фильмдер мен ойындар, қазақ тілін өздігінен үйренуге мүмкіндік беретін IT-өнімдер, ғылым, технология, мәдениет, кәсіпкерлік және спорт тақырыптарындағы мазмұнды материалдар әзірлеу қажеттігі айтылды.
Қазақ тілін үйренуге жағдай жасау, мемлекеттік тілді меңгергісі келетін азаматтарға қолайлы орта қалыптастыру, заманауи әдістемелер мен цифрлық оқу құралдарын әзірлеу қажет.
Президент бұдан бөлек тіл тазалығы мен қоғамдық бірлікке қатысты біраз жайға тоқталып өтті. Тоқаев қазақ тілін дамыту дегеніміз басқа тілдердің дамуына кедергі жасау емес екенін қадап айтты. Мемлекеттік тілді өзге тілдерге қарсы қоюға, тіл мәселесін пайдаланып қоғамда жанжал мен алауыздық тудыруға жол берілмеуге тиіс. Қазақ тілі ең алдымен бірлік пен ынтымақтың тілі болуы керек. Президент сонымен қоса орынсыз жасанды сөз жасауды құптамайтынын білдірді.













